Елорда • 28 Сәуір, 2022

Елорда бағдаршамдарына «бәріне ортақ қызыл түс» енгізіліп жатыр

257 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында 6 және 8 жолақты жолдардың қиылыстарындағы бағдаршамдарға «бәріне ортақ қызыл түс» енгізіліп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елорда бағдаршамдарына «бәріне ортақ қызыл түс» енгізіліп жатыр

Мақсаты – қиылыста бағдаршамның «жасыл» түсті күтіп тұрған қозғалысқа қатысушылардың бәрі үшін бір мезетте 1 секундтық үзіліс ұсыну. Мамандардың айтуынша күрделі қиылыстарда осындай үзілістің болуы көлік апаттарының ықтималдығын азайтып отыр.

«Ең алғаш бұл жаңашылдық Бөгенбей батыр-Республика қиылысында енгізілді. Талдауға сүйенсек, аталған режим бағдаршамдарға енгізілгенге дейін аталған қиылыста 17 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Ал режим іске қосылғаннан кейін мұнда ешқандай жол-көлік оқиғасы тіркелген жоқ», дейді қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Елжан Чупеков.

Айтуынша, былтыр «дайындық» режимі 12 учаскеге енгізілген. Ал 2022 жылдың басынан бері 10 учаскеде осындай режим қолданыла бастаған.

Атап айтсақ, қазір мұндай режим Бөгенбай-Республика қиылыстарынан бөлек, Жеңіс даңғылы мен Кенесары, Мәскеу, Молдағұлова, Алтынсарин, Есенберлин көшелерінің қиылысында, Момышұлы көшесі мен Сәтпаев, Жұмабаев көшелерінің, Ұлы Дала көшесі мен Сауран, Ақмешіт көшелерінің қиылысында жұмыс істеп тұр.