Қазақстан • 03 Мамыр, 2022

Жаңа реформалар «Екінші Республиканың» тынысын ашады

644 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында ел дамуында негізгі бағдар болатын бірнеше сая­си реформаға кеңінен тоқталды.

Жаңа реформалар «Екінші Республиканың» тынысын ашады

Мемлекет басшысы Қазақ­станның жүйелі трансфор­мациясына ықпал ететін және мемлекеттің ұзақ мерзімді да­муының жаңа парадигма­сын айқындайтын саяси рефор­малардың 10 басым бағытын белгілеп берді.

Негізгі іргелі өзгерістер бес ба­ғытты қамтитын болады. Бірін­шіден, саяси жүйені терең демократияландыру, екінші­ден, суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік республикаға түпкілікті көшу қажеттігі айтылды. Үшіншіден, Президент­тің өкілеттіктерін белгілі бір деңгейде шектеу, Парламенттің екі палатасының қызметін қай­та форматтау және Мәжіліс­тің рөлін күшейту, Конституция­лық сот құру, мемлекеттік би­лік тармақтарының тепе-теңдігі жүйесін одан әрі жетілдіру мәселесі маңызды болып отыр.

Сайлау жүйесін демокра­тия­­ландыру – аралас пропор­ционалды-мажоритарлық модельге көшу және партияларды тіркеу процесін одан әрі ырықтандыру керектігі де назардан тыс қалмады.

Жалпы алғанда реформалар жүйелі, кешенді сипатқа ие екені рас. Енді Конституцияның 33 бабына (31-бапқа және 2 жаңа баппен толықтыру) түзе­тулер енгізіледі. «Бүгін мен Конституциялық Кеңеске Конс­титуцияға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын енгіземін. Бұл біздің негізгі заңымыздың талабы. Конституцияға енгізілетін түзетулер Тәуелсіз Қазақстан тарихында жаңа тарау ашады деп сенемін. Бұл жаңа Қазақстанды құрудағы маңызды кезең», деді Мемлекет басшысы заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобымен өткізген кездесуінде. Осылайша, конституциялық реформаның басталуын біл­діретін алғашқы қадам жасалды.

Конституциялық рефор­ма­ның саяси мәні – бұл супер­президенттіктен президенттік басқару нысанына көшу кезін­дегі Екінші Республиканың көрініс табуы.

Алдымен Мемлекет басшысы саяси партияға мүшеліктен бас тарту туралы айтқан болатын. Енді ол сол сөзін іс жүзінде дәлелдеп, Amanat партиясының төрағалығынан бас тартып, партия қатарынан да шықты.

Конституцияға сәйкес Пре­зидент адам құқықтары мен бос­тандықтарының кепілі еке­нін ескере отырып, Мемле­кет басшысының жақын туыс­­тарының мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылым­дарда басшы лауазымдарға орналасуына конституциялық деңгейде тыйым салу жөнінде ұсыныс айтты. Бұл да қолдауға тұрарлық қадам екені даусыз.

Президенттің Жоғары Сот Кеңесінің құрамын қалып­тастыруға қатысты өкілеттік­тері өзгереді. Конституцияда белгіленген қолданыстағы тәртіпке сәйкес Президенттің өзі Жоғары Сот Кеңесінің құрамын қалыптастырады, сондай-ақ Конс­титуциялық Кеңестің төр­ағасын тағайындайды. Енді оларға Конституциялық соттың және Жоғары Сот Кеңесінің төрағалары қызметіне кандидатураларды келісу құқығын Парламент Сенатының депутаттарына беру ұсынылды. Бұл ретте Жоғары Сот Кеңесінің құрамын қалыптастыру заңмен айқындалатын болады.

Мемлекет басшысы Пре­зиденттің артық өкілет­тіктерін алып тастау және әкімдер мен мәслихаттарға жергілікті жерлерде шешімдер қабылдау кезін­де көбірек дербестік беру ар­қылы «қолмен басқару» прак­тик­асынан кету қажеттігін атап өтті.

Қысқасы, Президент мін­деттеген өзгерістердің бар­лығы да Жаңа Қазақстанды құру жолындағы жарқын қадам екені талас тудырмайды.

 

Күнсұлу ПІРМАНОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың докторанты