Шалқарда грек-рим күресінің қалыптасқан жақсы мектебі және жеңіспен өрілген өзіндік дәстүрі бар. Барлық мықтыларды тізбектемей-ақ, бұл өңірден КСРО халықтары спартакиадасы мен Бүкілодақтық Универсиаданың жеңімпазы, КСРО чемпионатының күміс жүлдегері, КСРО кубогының иегері Есенкелді Батырғарин мен әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Азия ойындарында үшінші орынды иеленіп, құрлық біріншілігінде төрт рет жеңіс тұғырына көтерілген Мейрамбек Айнағұловтың шыққанын айтсақ та жеткілікті. Міне, сол жарқын жеңістердің алтын бастауында Владимир Цеханович пен Мұрат Есенжолов сынды білікті бапкерлердің тұрғанын кейінгі жастар білмеуі де мүмкін.
Шалқарда классикалық күрестің іргетасын қалаған Владимир Цехановичтей майталман маманнан тәлім-тәрбие алған Мұрат Әлімбайұлы бірқатар ірі додада дараланып, 1972 жылы КСРО спорт шебері атанды. Содан кейін бапкерліктің қамытын киіп, жергілікті жастарға балуандық өнердің қыр-сырын үйретті. Солардың арасынан түрлі жарыстарда атой салған Ағзам Хабибуллин, Жәрдем Байғалиев және Мұрат Жұмашев сынды саңлақтарды бөле-жара атауға болады. Мәкең өзінің ұлы Аспандиярды да күрестің осы түріне баулыды. Қазіргі кезде Аспандияр Мұратұлы республикалық күрес федерациясының баспасөз хатшысы қызметінде. Сонымен қатар жұрт оны «Қазспорт» арнасының комментаторы ретінде де жақсы біледі. Кейіннен Мұрат Есенжолов Шалқардағы балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің директоры болып тағайындалды. 1985 жылы Ақтөбедеге «Локомотив» спорт қоғамының төрағасы болды. Бір сөзбен айтсақ, осыдан жеті жыл бұрын 70 жасқа қараған шағында дүниеден озған майталман маман бүкіл саналы ғұмырын облыс спортының өркендеуіне арнады.
Осындай абзал азаматтың құрметіне тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған республикалық турнирде Маңғыстау облысының өрендері табысты өнер көрсетті. Осы өңірден шыққан Сұлтан Саматұлы (25 кило), Әли Алмас (31 кило) және Дәулет Сабыржан (34 кило) сынды спортшылар жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Шалқардағы Владимир Цеханович атындағы спорт мектебінің екі бірдей түлегі бас жүлдені олжалап, жергілікті жанкүйерлерді қуантты. Олар – Баубек Шәріп (28 кило) пен Ізбасар Тілеуімбет (41 кило). Екеуі де финалда өздерінің командалық әріптестері – Байсалбек Ахметжан мен Айбар Жұмабайды ұтты. Сондай-ақ ақтөбелік Қуанышбек Жаңажол (38 кило), оралдық Әмірхан Әбдірхаманов пен Миарлы Аронов, шымкеттік Марлен Төлеш (44 кило) және аралдық Мирас Маханбет (48 кило) осы турнирдің жеңімпазы атанды.