Қасиетті Рамазан айына орай елордалық Жастар театрында ұйымдастырылған ауқымды жоба – «Дүние – жалған» рухани кешіне қатысқан көрерменнің әрқайсысының дәл осындай катарсис күйін басынан кешкеніне сенімдіміз. Өйткені өнер тілінде өрнектелген өмірдің өзегінде адамның ізгілікке деген үміті мен ынтымақ-бірлік, бейбіт өмірге деген тілегі қатар өрілгендей. Оның үстіне әлем алақанындағы аядай мемлекеттердің арасындағы аяусыз текетірестер, күні кеше ғана халқымыздың қабырғасын қайыстырып, қабағына қаяу салған қасіретті Қаңтар оқиғасынан кейін де болар, сол күні театр сахнасында қойылған Сұлтан Раевтың «Жұмаққа қарай ұзақ жол...» әфсанасы мен ақын, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалиннің «Қылкөпір» поэтикалық драмасының көрермен тарапынан сарапталуы әдеттегіден өзгеше болғандай.
Тәуелсіздік тұсауын кескен жас та жасампаз Жастар театрының 15 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында ұйымдастырылып, «Дүние – жалған» деп атау берілген рухани кеш бағдарламасы екі бөлімге орайластырылыпты. Алғашқы бөлімінде ұсынылған Сұлтан Раевтың философиялық мәні терең «Жұмаққа қарай ұзақ жол...» әфсанасы көңілде жүрген көп сұраққа жауап берді.
Тұйық кеңістікке жиналған жеті адам. Жалғызбасты, бақытсыз, үмітсіз жандар өздерін: Император, Көлеңке, Жартас, Ақын, Ремарка, Құрбан деп таныстырады. Олардың мақсаты – Жұмаққа жету. Қойылымның дамуы Жұмаққа апарар жол жанды тазарту мен рухани ізденістің метафорасы деген ойға жетелейді.
Спектакльде Жұмаққа апарар жолайрықтың қай тұстан бөлінерін әркім өзі түйсінеді, өзінің түсінік-танымына қарай қабылдайды. Мәселен, режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың сахналық сараптауынан біздің түсінгеніміз – Жұмаққа бастар ұзақ жол қылкөпірдің алдындағы ар, жан сынынан басталатындай әсер сыйлайды. Сахналық декорацияның мазмұндық мәнін байытып тұрған да сол – қылкөпірді көз алдыңызға әкелетін қызыл түсті аспалы сатылар образы. Есіңізде ме, жазушы Оралхан Бөкейдің «Сайтан көпір» повесіндегі өмір мен өлім тайталасы, ар соты алдындағы Аспан шалдың ішкі жан дүниесіндегі арпалысқа түсер беймаза күй. Шығарманы оқығандағы кейіпкер көңіл күйі сыйлар сол сезім біз әңгімеге арқау етіп отырған сахналық туындыны тамашалау барысында айна-қатесіз жаныңызға қайтып оралады. «Жұмаққа қарай ұзақ жол...» – тазару сапары. Әркім өзінің жанына үңіліп, пендеуи тірлік, өткінші жалған жайлы бұрынғы түсінік-танымына енді мүлдем басқа өре биігінен көз тігеді.
Осы бір бейнелі шешімі арқылы режиссер өмірдің өткінші екенін, аз күндік фәни жалған мәңгілік мекенге дайындық үшін берілген мүмкіндік екендігін ұғындырғысы келеді. Сол арқылы үлкен философиялық, ғаламдық ойларға жетелейді. Пьеса иллюзия (соқыр сенім) мен ассоциацияға толы. Және оны режиссер бүгінгі күнмен ұтымды байланыстырып, шебер астастыра жеткізеді.
Суреткердің сахнаны символмен сөйлетуі қай қырынан келсең де көңілге қонымды. Жалпы, пьеса абсурдтық театр жанрына жақындатылып жазылғаннан кейін де, мұнда белгілі бір желімен дамып отыратын оқиғалар фабуласы мен қалыпты мінездер жоқ. Әсіресе кейіпкерлердің көп алдына шығатын тұсы, ұзақ сапарға жиналған жандардың бір-бірімен кездесер көрінісі сәтті табылған. Олар сахнаға жай шықпайды. Еденнің астынан, күнәһар ісі көп, күнгейінен көлеңкесі молырақ қараңғы кеңістіктен жарық әлемге жол тартады. Бұл – екі әлемді: фәни мен бақиды түйістіруші, жалғаушы сынақ көпірі. Олар ұзақ жолаушылап, аяқ-қолынан қан сорғалағанша жүріп, ақыры көптен күткен жол, нағыз сапар басталар тұста бастары түйісті.
«– Олар кім дейсіз бе? – Күтіп жүрген жеті адам бар... Әйтеуір күтіп жүр... – Қалай, нені күтіп жүр?.. – Қашан алып кететінін күтіп жүр... – Қайда дейсің бе?.. –Қайда апаратыны белгісіз...». Бірақ олар біледі: алдында ұлы жолдың – шексіздіктің күтіп тұрғанын және ол сапардан ешкімнің де қайтып оралмайтынын... Сондықтан көңілдері алабұртады, сезімдері де, сөздері де сан саққа шашырап, ойлары шартарапты шарлайды. Олар жалған дүниені қимайды, бірақ бақытты мәңгілік өмірден дәмелі. Сондықтан да олар жан мен тәннің азапты қиналысына қарамастан, осынау ұзақ сапарға шыққан. Енді шегінерге жол жоқ, алда біз үшін беймәлім түпсіз терең тұңғиық, шет-шегі жоқ шексіздік қана...
Шымылдық ашылды. Сахнада өлі тыныштық. Сол тыныштықты өз ойымен өзі арпалысып, өз болмысымен өзі қарсыласқан Императордың мазасыз күйі үркітті. Әу баста халқы сенім білдіріп, тәжді басына кигізгенде ол өзінің өзгелерден бағының биік екенін білген. Тақ – тек таңдаулылардың ғана тұғыры екенін, алдында қандай жауапкершіліктің тұрғанын жақсы түсінген. Бірақ айналасының жағымпаздығы мен жалған мақтауы оны тіптен дандайсытады. Келе-келе көптің айтуына елтіп, енді өзінің құдай екеніне шын илана бастаған: «Иә, мен – ұлымын! Менің жанымды түршіктіретін – менің ұлылығым. Менің ұлылығым соншалық – менің ұлылығыммен тек әлемді жаратушы ғана пара-пар келеді. Құлдардың жасанды әдемілікке үйренгендері соншалық, жаратушыны мүлдем ұмытып, мені құдай деп санайтындықтан, мен де бірте-бірте осыған сене бастадым!» деп мойындайды. Мойындай отырып, өзінен өзі жерінеді де. Императордың бойындағы өзінің ішкі әлемімен арпалысқан осынау аласапыран күйді актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әділ Ахметов әдеттегідей өз деңгейінде бейнеледі. Патша үніндегі өктемдікті де, даналықты да, зиялылықты да, данагөйлікті де, өкінішті де, қиналысты да, шарасыздықты да нанымды жеткізді. Өмір мен өлім, ар мен аран арасында бітіспейтін арпалысқа түскен жанның аянышты да ауыр халін Император – Әділ ойынынан көрдік, сезіне алдық.
Императордың жанына енді бірте-бірте Жұмаққа қарай сапарламақ ниеті бар тағы да бірнеше жолаушы жиналып, сахнадағы жалғыздықты қызу пікірталас алмастырады. Ең бірінші төбе көрсеткен Кемпір мен оның ұлы Көлеңке, одан кейін қатарға қосылған актриса Ремарка, ересек Адам мен Құрбан бала, тәкаппар Ақын – бәрі-бәрі жұмақты іздеп осы жерде жолығысып отыр.
Кейіпкерлермен сахнада алғаш кездескен сәтте өздерінің таныстырулары бойынша барлығы да зиялы, көрікті, көркем мінезді көрінгенімен, әрекет дами келе әрқайсысының жамылып келген бетперделері сыпырылып, ешқандай бүркемесіз қалады. Ішкі әлемі тоналып, жандары жалаңаштанып, енді шын бейшараның күйін кешеді. Яғни кейіпкерлер өзін таныстыра отырып, шын болмысын да ашып салады. Кемпір – Айнұр Рахипова, Көлеңке – Бақыт Қажыбаев, Ақын – Жандәулет Батай, Ересек – Азамат Есқұлов, Ремарка – Шехназ Қызыханова және Құрбан бала – Ербол Тілеукенов бастаған актерлер ансамблі қойылымды өз деңгейінде сәтті алып шықты.
Әсіресе талқылауға түскен образдардың ішінде Ербол Тілеукеновтің Құрбан рөлін айрықша атап өтуге тиіспіз. Ерболдың құрбан баласы сахнада сондай таза, бейкүнә қалпымен, философиялық мәні терең ойларымен көрермен көңіліне берік орнығып үлгерді. Құрбан айтады: «Тозақ деген аузынан қайнап, от жалын шашып жатқан қазандықтар емес, ол – біз, біздің өзіміз! Тозақ деген – жаратқанның алдына өзімізді-өзіміз қандай кейіпте алып баратындығымызда!.. Осы бір қысқа ғана ғұмырымызда, қорқыныш пен сақтықты ескермей жанымыз бен арымызды саудаға салып, өзге тұрмақ өзіңнің болмысыңа араша тұра алмай, ешуақытта шындық айта алмай, жаратушыға шын сиына алмай, шын дос болып, ғашығыңа жүректегі шын сөзіңді айта алмағандығымызда... Бір сәттік нәпсіміз үшін, базардағы алаяқ секілді, жақсылық пен жамандықты бірдей саудаға салып, Алла мен Ібліске бірдей қылымси жағынуға тырысқан біздің тым ұзақ та қиын жолымыздың соңы немен бітер екен?..»
Жан арызы. Сұмдық қиын сұрақ. Адам пенделігін жеңіп, жүрек жолына түскен кезде ғана ауыздан осындай сөз шығады. Осындай түйінге тоқтайды. Тәубеге шақырады. Құрбан бала бейнесі көрерменіне осыны айтады. Шаң жұқтырмас адами қалпыңызға қайта үңілтеді.
Ал рухани кештің екінші бөлімі «Қылкөпір» деп аталады. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалиннің «Қарақазан ғасыр» поэмасының желісімен қойылған айтулы қойылым алдыңғысынан да қатыгез, қатал.
Сыртқы қайшылықтан гөрі кейіпкерлердің ішкі текетіресі мол әрекеті өткен күндердің қасіретті елесіне сапар шектіреді. Бір сөзбен айтқанда, «Қылкөпір» – уақыт пен кеңістіктегі халық тарихының трагедиясы. Оның құрылымы пенде біткенге тән адамгершілік пен имандылық қасиеттерді ұлықтау және оған қарама-қайшы күншілдік, қызғаныш пен қатыгездікті айыптаудан тұрады. Қойылымның өзегі – Адам һәм адамзаттық мінездер мен пейіл құбылысын мүсіндеуге арналған. Атап айтсақ, адалдық пен арамдық, ерлік пен ездік, мәрттік пен екіжүзділік сынды адамзат бойындағы мың түрлі мінездер мозаикасын түзетін алуан қасиеттер – «Қылкөпірдің» басты лейтмотиві.
Тарихқа үңілсек, ХХ ғасыр қазаққа үлкен қасірет әкелді. Халқымыз бірнеше жойқын ашаршылықтан өтті. Қазақтың тең жартысы сол аштықта қырылды. Одан қалғаны репрессия тұзағына ілікті. Талай Алаш арыстарынан бастап, қаншама қазақтың азаматтары құрбан болды. Одан аман қалғандары Екінші дүниежүзілік соғыстың жалынына шарпылып жан қиды. Сол қасіретті кезеңдерді кейінгі ұрпақ қалай көреді, қалай қабылдайды, қалай түсінеді? Ал бүгінгі бейбіт заманымыздағы зауалдар мен қасіреттердің сұрауы кімде? Әлемді жайпаған алапат соғыстардың обалын кім арқалайды? Міне, спектакль санадағы осындай сан сауалға жауап беруге талпынған. Сол мұрат тұрғысында тер төккен. «Қылкөпір» – қазақ елінің ғана өмірі емес, күллі адамзат тағдырына арналған туынды. Қойылымның басты құндылығы да осында, біздіңше.
Рухани кешке елордамыздың зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сенаты мен Парламенті Мәжілісінің депуттаттары және тағы да басқа құрметті қонақтар қатысты. Қойылым соңында көрермен мен актерлер, драматург, режиссер арасында еркін форматта пікірталас өтіп, жиналған қауым келелі ой-пікірлерін ортаға салды.