Балық шаруашылығы комитетінің ресми өкілі Аслан Жеңісұлының айтуынша, «Амангелді атындағы» ЖШС балықшыларының торына түскен алып қортпаны Каспий теңізіне жіберуге шешім қабылданды. Салмағы – 197 кило, ұзындығы 2 метр 47 см болатын бұл балықты балықшылар мемлекеттік тапсырыс аясында аулаған еді.
«Өткен аптада «Жайық-Атырау» бекіре шабағын өсіру зауытының мамандары қортпадан жасанды жолмен 35 кило қара уылдырық алды. Бұл – 1,2 млн дана уылдырық. Зауыт мамандары уылдырықты ұрықтандырып, шабақ кезеңіне дейін инкубациялауға арналған аппараттарға орналастырды. Уылдырықтан жетілдірілетін шабақтар алдымен бассейндерде өсіріледі. Кейін табиғи ортаға жіберуге дайын болғанға дейін арнайы тоғандарға ауыстырылады. Шабақтардың орташа салмағы 3 граммды құраған соң табиғи ортаға жіберіледі», дейді Аслан Жеңісұлы.