Қазақстан • 04 Мамыр, 2022

Қарулы Күштер туралы құнды құжаттар

577 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мазмұны ұлттық идеямен өрілген әрбір мемлекеттік стратегиялық құжатта әскери қауіпсіздік мәселесі қашанда басымдыққа ие болып келеді. Ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құралы саналатын сала жұмысын көпшілікке таныс­ты­ру мақсатымен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейі бірлесіп, Қарулы Күштердің құрылуының 30 жылдығына орай «Қуатты Армия – қуатты Қазақстан» атты тарихи-құжаттық көрме ұйымдастырды.

Қарулы Күштер туралы құнды құжаттар

Көрмеде 1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Президентінің Жарлығымен құрылған Қазақстан Қарулы Күштерінің 30 жылдағы жетістіктері туралы құнды құжаттар және құрылымдық жаңғыру жо­лын­дағы әскери қызметтің беделі мен қуа­тын сипаттайтын макеттер көпшілікке назарына ұсынылды.

Іс-шараға қатысушыларды құттық­таған Қорғаныс министрінің орын­басары Сұлтан Камалетдинов көрмеде Қазақстан армиясының құрылу тарихы және оның түрлері мен қызметтерінің, бітімгершілік шаралардан алған тәжірибелерінің экс­по­натт­ық материалдары ұсынылғанын атап өтті. Оның айтуынша, көрме барысында отан­дық әскери техникалармен, әскери киімдермен және түрлі экипиров­ка­лар­мен, сондай-ақ әскери заманауи тех­но­логиялар­мен тереңірек танысудың мүм­кіндігі зор.

Көрменің ауқымдылығын әрі кәсіби дең­гейде жан-жақты қамтылуын ұйым­дас­тырған Қазақстан Республикасы Пре­зиденті Архивінің директоры Әлия Мұс­тафина еліміздің қауіпсіздігі мен бейбіт өмірін қорғап отырған Отан қорғау­шы­лар­ға алғысын білдіре отырып, Қарулы Күш­тер­дің 30 жылдық мерейтойымен құт­тықтады. Өз сөзінде Архив директоры Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейі­мен бірлесе дайындаған «Қазақстан Рес­публикасының Қарулы Күштері. 1991-2001: құ­жаттар мен материалдар» жи­­­нағына енген Қарулы Күштердің құ­ры­луы, даму кезеңдеріне қатысты ар­хив­­тік құжаттардың маңыздылығына тоқ­­­талып өтті. Тарихи деректер мен жәді­герлерді сақтау және оны қажетті дең­гейде на­сихаттау мақсатында архив пен му­зейдің жұмысының ортақ екенін ескерген Архив директоры осы бағытта Қазақ­стан қарулы күштеріне қа­тысты кезең­дерге бөлінген құнды құжат­тар­дан құралған жинақтарды одан әрі жарыққа шы­ғаруға әзір екенін жеткізді. Архив директоры Әлия Мұстафина ме­рей­толық мереке қарсаңында шараны өткізуге қолдау білдірген Қазақстан Ұлт­тық му­зейінің директоры Арыстанбек Мұ­ха­медиұлына алғысын білдіріп, ерлік, рух пен намыс бірегейлігін еңсерген әске­ри қызметшілердің игілікті еңбегін жа­рия­лауға жауапты мекемелердің міндеті зор екенін айтты.

Мемлекеттің жазба тарихын қалыптас­ты­ратын маңызды мекеме Архивтің ұлт­тық рухты көтеретін мәртебелі дата аясында ұйымдастырған бұл көрмесінде жауынгерге шынайы құрмет көрсету, ба­балар аманаты – Отан ананы сыртқы күш­тен қорғайтын әскери құрылымдардың қыз­метін таныстыратын жәдігерлері көп­ші­ліктің қызығушылығын туғызатыны анық.

Көрменің тәуелсіздік тарихындағы теңдесі жоқ терең тәлімін атап өтіп, «Қа­зақстан Республикасының Қарулы Күш­тері. 1991-2001 жж.» құжаттық жина­ғын таныстырған Қорғаныс министрі­нің кеңесшісі Айгүл Төлембаева барлық әскери ұйымның негізіне айнал­ған­ ба­ғалы құжаттар, соның ішінде мә­тін­дер, алғашқы Қорғаныс министрі С.Нұр­ма­ғамбетовтің стратегиялық ядролық қа­ру­ларды залал­сыз­дандыру және оларды Ресейге тап­сыру жөніндегі еңбектері, тағы да басқа қолбасшылардың жарық көрмеген хат алмасулары енгізілген шы­найы түп­нұс­қалар жинақталған кі­тап­тың жарыққа шығуына себепкер бол­ған Қазақстан Республикасы Президенті Архивіне алғы­сын білдірді.