Қоғам • 06 Мамыр, 2022

Тозған лифтімен жүру үрейлі болып тұр

334 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Лифтпен жоғарыға шаршамай көтерілген тамаша-ақ. Ал тозығы жеткен лифтті қолданудан қорқатын павлодарлықтар да бар. Бүгінде облыста 1 967 лифт жұмыс істеп тұр. Басым бөлігі қолданыста болу мерзімін әлдеқашан өткеріп тастаған. Атап айтсақ, 67 пайызының тозығы жеткен.

Тозған лифтімен жүру үрейлі болып тұр

Олқылықтың орнын толтыру үшін 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы шең­берінде лифтілерді жаңғырту жұ­мыс­тары жалғасуда. Лифтілердің 420-ы Павлодар қаласында, 117-і Екібастұзда, 24-і Ақсу шаһарында орналасқан. Оның 1 318-інің жағдайы мәз емес. Бір лифті кем дегенде 25 жыл қызмет етуі тиіс. Салдарынан ара-тұра істен шығып, тұрғындардың өміріне қауіп төндіруде. Содан болар, пәтер иелері әкімдікке хабарласып, жағдайды реттеуге қол ұшын созуды сұрауда.

Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 42-үй мекенжайы бойынша орналасқан үйдің 10 подъезд тұрғындары лифтінің әбден ескіргенін айтады. Бірақ пәтер иелері «бір жеңнен қол шығара алмай отыр». Тұрғындардың жартысы лифтіні жөндеуге ынталы емес. Ал жаңғырту бағдарламасының талабына сәйкес, тұрғындардың 3/2 бөлігінің келісімі керек. Мысал келтірсек, 36 пәтер иесінің кем дегенде 24-і жөндеу жұмыстарын қолдауы тиіс.

Облыстық энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­­лығы бас­қармасының бөлім басшысы Нұржан Алдыбаевтың мәлі­­метінше, былтыр 77,195 млн тең­геге облыс орталығындағы 8 лифті жаңғыртылған. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 81, Мәшһүр Жүсіп көшесі, 284, Академик Шөкин көшесі, 31 мекенжайларын­да ор­наласқан бірнеше подъезд тұр­ғындары бағдарламаның игілігін сезініп отыр. Бұл мақсатқа қаражат қалалық бюджеттен бөлініпті. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы мемлекеттік жоба екенін ескерсек, лифтіні жөндеуге республикалық бюджеттен қаржы қарастыруға болады. Бірақ тұрғындар өзара келісім таппай жүргендіктен, өтініштер де аз түсіп жатқан көрінеді. Сәйкесінше, әзірге тек қалалық бюджеттен ғана қаражат жұмсалуда.

Павлодар қалалық тұрғын үй инс­пекциясы және коммуналдық шаруа­шылық бөлімінің сектор меңгерушісі Асылбек Жұмабековтің айтуынша, бір лифтіні жаңғырту үшін шамамен 9-10 млн теңге қаражат қажет.

– Ең әуелі тұрғындар өздерінің арасында жиын ашып, лифтілерді жөндеу бойынша ойларын ортаға салады. Егер басым бөлігі келісімге келсе, хаттама толтырылып, тұрғын үй инспекциясы бөліміне жолдайды. Жобалық-сметалық құжатты әзірлеуге 45 тәулік уақыт кетеді. Ал жөндеу жұмыстары 1 ай ішінде аяқталады. Жауапты оператор – «Горкомхоз Модернизация жилья» ЖШС-і. Жөндеу жұмыстары кезінде тұрғындар ай сайын лифт қызметі үшін төлейтін төлемақыдан босатылады, – дейді А.Жұмабеков.

Назарбаев даңғылы, 81-үйде 2 подъезд бар екен. Екеуінің де тұрғындары бірлігін танытып, лифтіні жөндеуге келіскен. Бағдарламаның тиімділігі сол, қаражат пайызсыз негізде беріледі. Тұрғындар жөндеуге жұмсалған ақ­ша­ны 7-10 жыл аралығында ай са­йын төлеп тұруға міндетті. Пәтердің аумағына қарай әр шаңырақ шама­мен 2,5-4 мың теңге қаражат төлеуге тиіс. Бір атап өтерлігі, екінші қабаттың тұрғындары да жаңғырту жұмыстары үшін төлем жасауы керек. Себебі «Тұр­ғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес пошта жәшігі кіреберіс, бас­­палдақ, лифт, шатыр, инженерлік жүйе­лер сияқты кондоминиум объек­­тісінің ортақ мүлкіне жатады. Айт­пақшы, егер пәтеріңізді сататын бол­са­ңыз, келісімшартта үйдің ке­ле­сі иесі төлемді жалғастырады деп көр­се­тілген. Яғни төлем аяқталғанын күт­пей, үйіңізді алаңсыз саудалауға мүм­кіндік бар.

 

Павлодар