Өнер • 06 Мамыр, 2022

Түрлі-түсті тұскиіз

776 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халқымыздың қолданбалы өнерінде ұлттық бұйымдар өндірісінің орны ерекше. Тарихы көне ғасырларға тән тұскиіз тігу өнері бүгінде сиреп, жәдігерлерді тек музейлерден ғана кездестіруге болады.

Түрлі-түсті тұскиіз

Ә.Қастеев атындағы музейде сақталған тұскиіздер өндірісі әртүрлі кезеңдерге тән. Музейдің қолданбалы өнер бөлімінің аға ғылыми қызметкері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Наталия Баженова «Көне заман­дарда тұскиіздер киізден басылып, түрлі-түсті жіптермен өрнектеліп, шұға, жібек, барқыт, мәуіті, тағы да басқа сияқты матамен, тіптен былғарымен көм­керілетін болған. Тұскиіз сән­дік үшін ғана емес, қорғаныш қызметін де атқарған. Қабырғаға тұскиіздің тұсына аңдардың те­рісі бірге ілінетін болған. Қазір­­гі кезде заманауи кілем өнді­рісінде тұскиіз термині сирек қолданылады. Өткен ғасыр­дың 50-80 жылдарында ұлттық сипаттағы интерьерде декоративті бұйым ретінде, киіз үйлердің жабдығы ретінде пайдаланылып келген», дейді.

Музей жәдігерлерінің ішінде ХХ ғасырдың басында Семей өңірінің тұрғыны Мариям Илакова тіккен тұскиіз еріксіз назар аудартады. Құнды жәдігер табиғи маржан тастармен өрнектелген. Жіптей есілген темірмен өріліп, әсемделген бұл бұйым­ның көз тартатын тағы бір құпиясы, тұскиізді Мариям Илакова өз сәукелесінен тоқыған. Анадан қызына мұра ретінде берілетін сәукелені иесі қандай да бір себептермен өтпелі ке­зеңдерде сақтап қалу үшін, сөгіп, ондағы бұйымдарды тұскиіз бетіне басқан. Наталия Баженова тұскиізді «Түрлі-түсті гүлдерді теріп келіп, мата үстіне қондыра салғандай әсер береді. Қара, қызыл барқыттың үйлесімі ашық түсті маржандармен үйле­сім тауып, қолдан тігілген гүлдер симметрия заңын сақтай отырып салтанат құрып тұр», деп сипаттайды. Расында да шам жарығымен шағылысқан табиғи маржан тастар тұскиіз бетінде түрлі-түсті реңкте гүлді өрнектер салып жарқырай, мамыр айының лебіндей, жып-жылы көңіл күй сыйлайды.

 

АЛМАТЫ