Ведомствоның мәліметінше, шара барысында 9 уәкілетті экономикалық оператор мен 1 филиалы көшпелі кедендік тексерулерді аяқтады, қосымша есептеу сомасы 107 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ 58 млрд теңгеге салық төлеуден жалтару деректері анықталды.
«Үш жыл ішіндегі бұзушылықтардың жалпы сомасы - 165 млрд теңге. Бұдан басқа, 398 млрд теңгеге жалған электрондық шот-фактураларды жазып беру белгілері бар. Алдын ала шығын сомасы – 128 млрд теңге. Материалдар қылмыстық іс қозғау мәселесін қарау үшін құқық қорғау органдарына берілді. Сонымен қатар 151 импорттаушының жалған электрондық шот-фактуралар жазып беру белгілері бойынша материалдары қаржы мониторингі агенттігіне жіберілді», делінген комитет хабарламасында.
Бұл бұзушылықтар Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерінің арқасында анықталған, олардың базасында тауарларды импорттан бөлшек саудадағы экспортқа дейін қадағалау жүйесі жұмыс істейді. Бүгінде кедендік декларациялардың 100%-ы электронды түрде беріледі, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар кейіннен әкімшілендіру кезінде пайдаланылатын мәліметтерді дербес мәлімдейді.