Қазақстан • 08 Мамыр, 2022

Күркіреп күндей өтті ғой сол жылдар…

259 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеңес Одағының батыс шекарасына қарай бағытталып ұшқан сол оқ әлемді бір-ақ сәтте асты-үстіне төңкерді. Адамды адамға дұшпан етті, мейірім мен қатыгездікті адамзат жүрегінде арпалыстырды. Сол сәттен бастау алған бақандай төрт жыл миллиондаған керзі етікті жер жас­тандырды, қарғыс атқан қаралы 1845 күн миллиондаған орамалдың ұшын көз жасына шылады…

Күркіреп күндей өтті ғой сол жылдар…

Деректерге сүйенсек, сол Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталған күнін қоса есептегенде жер бетіндегі 26-ақ күн соғыссыз өтіпті. Яғни адам­зат тарихының қалған парақтарының бәрі тек бір-біріне мылтық кезенуінен ғана тұратын қайғылы оқиғалардан құралады. Әрине, жамандықты атымен атап, оны көп еске салған дұрыс емес. Алайда сол қанды қырғында шейіт болған, ұрпағының азаттығы үшін қар жамылып, мұз жастанған ата-бабаларымыздың аруағы алдында бұл күнді болашақ ұрпақ ешқашан жадынан өшірмеуі керек.

Кез келген ауылдың қақ ортасында ақ мәрмәрға қашалып жазылған даңқ тақтасы бар. Маңдайшасына «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деп жазылған сол тарих тақ­тасында әр­қай­сымыздың жа­қынымыз жазулы. Біз сол майдангердің өршіл рухынан жаралған ұрпақпыз. Біздің мойнымыздағы жүк тіпті ауыр. Себе­бі келешек ұрпақ сол әкелеріміз бен аналарымыз орнатып кеткен ты­ныш­тықты, алып берген азаттықты күзетуде қалғуымызға жол жоқ. 22 мау­сымды біз осы тұр­­ғыдан да тілге көп тиек ете беретін шы­ғармыз.

Бүгінде әлемді аузына қара­тып отырған Жапония мектеп бағдар­ла­масынан Екінші дүниежүзілік со­ғыс­тың тарихы бар, өздері басынан өткерген басқа соғыстар бар, жалпы, қанмайдан туралы түгелге жуық деректі алып тастаған. Олардың ойын­ша жапон хал­қына жасаған озбыр­лық, адам­затқа келтірілген зар­дап тура­­лы жаңа ұрпақ білмеуге тиіс. Әри­не, пікір әр алуан. Бірақ баланы мейірімділікке, бауырмалдыққа, бейбітшілікке тәрбиелеу үшін оған тек жылы-жұмсақ, қызылды-жасылды қызық әңгіме айта беру қан­шалықты орынды? Ащы дәрі ғана ажалға қорған, ақиқат айтылуымен ғана бағалы. Біз қарғыс атқан қырық бірдің қос екісін осы тұрғыдан жыл са­йын айтуымыз керек.

Ал Отан соғысы тарихын зерделегенде халық алдымен ақын жазушыларына жүгінетіні белгілі. Сұм со­ғысты кім қалай жырлады дегенде көз алдымызға біз екі ақынды еріксіз келтірер едік. Оның бірі – «Ба­тыс­тың бұлты қанталап, бақасқан жау анталап» деп бастап қан майданды қызыл өрттің ішінде жүріп жырлаған қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжолов. Со­ғыстың тұтас картинасын қа­нын сорғалатып ақ қағазға айғыз­дай жазған шайыр жырлары арқылы біз осынау ойранды көзімізбен көрмесек те, жан дүниемізбен жақын сезіндік.

«Қош бол досым,жақыным,

Уақыт тығыз, сөз қысқа.

Кетіп бара жатырмын,

Сұрапыл бір соғысқа», –

деп басталатын ақын өлең­дері осынау дүние­жүзілік қыр­ғындағы қан мен жасқа аралас кітап болып қатталды. «Келемін қайтып, өлеңімді айтып» дейді жауын­гер жазушы. «Күркі­реп күндей өтті ғой соғыс» дейді көк найзасы күміс айға ша­ғылған шайыр. «Үстінде сұр ши­нелі, ақсаңдай басып» еліне жеңіс туын көтеріп кірді классик. Ал енді сол соғыстың суре­тін дәл бейнелеген екінші ша­йыр ретінде біз ерке бұлан Қасым­ның жан жолдасы, ақын Сыр­бай Мәуленовті атаймыз. Әрине, қазақта ғажап ақындар жетерлік.

«Дегенмен...

Жаутаңдап қарап

дала тұр,

Көзжасын сүртіп

жаңа бір.

Хабарсыз ұлын сұрауға

Жолыңды тосып ана жүр.

Қанша үйдің ұрлап адамын,

Қанша үйде сөніп

қалды оттар.

Көрдің бе ұлын ананың,

Соғыстан қайтқан

солдаттар»,

деп жан дүниеңді жаурата жыр­­лаған, сай-сүйегіңді сыр­қырата жазған Сыр­а­ғамыз.

Ауыр да қасіретті кезеңді қағазға дәлме-дәл түсіру үшін ақын жүрегіне қан­шалықты қуат қажет? Жалпы, бұл ақын­дар ешқашан соғысты жыр­ладық деп ойламаған болуы керек. Олар өмірді жырлады. Ал енді өмір­дің ешқашан қы­зылды-жасылды қыз­ғал­дақ­тар­ға толы бола бермейтіні белгілі. Біз күндей күркіреп өт­кен соғысты ұмытпаймыз! Біз бей­бітшілік салтанат құр­ған ты­ныш аспанымызды ешқан­дай бұлттың торламауын ті­лейміз! Бұл күнді біз осы­лай еске ала­мыз…

 

Баймұқан ТЕМІРБЕКҰЛЫ

 

Қостанай