Спорт • 11 Мамыр, 2022

Жігерімізді жасыта алған жоқ

186 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Осыған дейін бірнеше ай бойы «Егемен Қазақстан» газетінде бұрындары КСРО құрамында болған «бауырлас» республикалардың аса жауапты жарыстарда жеткен жетістіктері мен олқы соққан тұстары жайында сараптама мақалалар жарияланған еді. Ол жерде грек-рим мен еркін күрес, әйелдер күресі, бокс, әйелдер боксы, дзюдо және тағы басқа спорт түрлерінің кешегісі мен бүгінгісі жайында кеңінен әңгіме қозғалды. Бүгін сол мақалалар сериясының қорытындысы ретінде ауыр атлетиканың жай-күйін әңгімелеуді жөн көріп отырмыз.

Жігерімізді жасыта алған жоқ

Одақтың тұсында да Қазақстанның ауыр атлетикасы жоғары деңгейде бол­ғанын көзіқарақты жанкүйер жақсы біледі. Төрт жылда бір өтетін КСРО ха­лық­тары спартакиадасына тоқталсақ, бұл ретте де қол жеткізген табыстарымыз толағай. Аталған жарыстың алғашқы жүлдесін Степан Ульянов иеленді. 1959 жылы Мәскеуде жалауы желбіреген ІІ Спартакиадада аса жеңіл салмақта өнер көрсеткен оралдық зілтемірші қола медальді мойнына ілді. 1967 жылы дәл сол спортшы аталған жарыста екінші рет үшінші орынға табан тіреді.

1975 жылы Вильнюсте ұйымдас­тырылған додада үш жерлесіміз жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтсақ, алматы­лық Василий Мажейков (110 кило) алтын алды. Теміртаулық Юрий Зайцев (110 кило) күміспен күптелсе, семейлік Анатолий Лю-Шин (56 кило) қолаға қол созды. Балтық жағалауында 90 кило салмақта теңдессіз деп танылған Давид Ригертке де тоқатала кетсек, еш айыбы жоқ деп ойлаймыз. Ресейдің «Еңбек резервтері» клубының атынан сынға түскен бұл спортшы бізге бөтен емес. Давид Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында дүниеге келген. Кейіннен ата-атасымен бірге Кубаньға қоныс аударды. Спорттың бұл түрінде Ригерттің бағындырмаған белесі жоқ. Аты аңызға айналған азаматтың есімі Олимпия ойындарының жеңімпазы, әлемнің бес дүркін чемпионы және дүниежүзілік рекордты 63 мәрте жаңарт­қан спортшы ретінде тарихта қалды.

1979 жылы Ленинградта шымылдығы түрілген КСРО халықтары спартакиадасында қарағандылық Виктор Мазин (60 кило) мен көкшетаулық Вячеслав Андреев (67,5 кило) күміс медальді ен­шіледі.

1983 жылы Мәскеуде Анатолий Хра­патыйға (82,5 кило) тең келер ешкім табылмады. 1986 жылы Атбасардың алыбы 90 кило салмақ дәрежесінде дара шығып, қатарынан екінші рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Бұл жолы Храпатыймен бірге алматылық Евгений Сыпко да теңдессіз деп танылды. Көкшетаудың тумасы Сергей Копытов (90 кило) күміс медальді иеленді. 1991 жылы Донецкіде өткен жарыста 100 кило салмақта күш сынасқан Копытов екінші күмісіне қол жеткізді.

Кеңес Одағы келмеске кеткеннен кейін КСРО халықтары спартакиадасы да өтпейтін болды. Есесіне тәуелсіз Қазақстанның төл түлектеріне Олимпия ойындары мен әлем және құрлық чемпионаттарына дербес қатысуына даңғыл жол ашылды. Сол мүмкіндікті біздің өрендер ұтымды пайдаланып, көпте­ген аса ірі халықаралық жарыста жасын­дай жарқылдады.

Алдымен Олимпия ойындары жайын­да әңгімелейік. Анатолий Хра­патый 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында өткен жарыста күміс медальді қанағат тұтты. 99 кило салмақта күш сынасқан ол қоссайыстың қорытындысы бойынша 410 (187,5+222,5) килолық зілтемірді еңсерді. Атбасардың алыбын алтыннан айырған Акакиос Какиашвилис еді. Грекияның туы астында өнер көрсеткен грузиялық жігіт 420 (185 + 235) килолық зілтемірді ырқына көндірді.

Ғасырлар тоғысында Сиднейде алауы тұтанған Олимпиададан олжасыз оралсақ, 2004 жылы Афинада Сергей Филимоновтың (77 кило) бағы жанды. Түркиялық Санер Сагирден ғана қалып қойған Үштөбенің өрені күміс медальді мойнында жарқыратты. 2008 жылы Бейжіңде Алла Важенина (75 кило) алтыннан алқа тақса, 2012 жылы Лондонда Анна Нұрмұхамбетова (69 кило) үшінші орынға табан тіреді. 2016 жылы Жазира Жаппарқұл (69 кило) күміс алса, Карина Горичева (63 кило), Фархад Харки (62 кило), Денис Уланов (85 кило) және Александр Зайчиков (105 кило) қолаға қол созды. 2021 жылы Токиода Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло үшінші са­тыға жайғасты. Барлығы 11 жүлде. Осы нә­тижемен жерлестеріміз бұрынғы Ке­ңе­с Одағы құрамындағы мемлекеттер ара­сында бесінші орынды иеленуде.

Иә, Қазақстанның тұғыры бұдан әлде­қайда биік болуға тиіс еді. Республикалық федера­цияның тізгінін іскер басшы Қай­рат Тұрлыханов ұстаған тұста біздің ко­манда әлемдік ауыр атлетика көшбас­шыларының біріне айналды. Байрақты бәсекелерде үнемі үздік үштіктің қата­рынан көрініп жүрдік. Алайда уақыт оза «допинг қолданды» деген желеумен көптеген саңлақтарымыз өз атақтарынан айырылып, түрлі мерзімге үлкен спорттан шеттетілді. Тек Олимпия ойындарына келер болсақ, Илья Ильин Бейжің мен Лон­донда жеңіп алған бас жүлдесінен қағылды. Зүлфия Чиншанло, Майя Ма­неза, Светлана Подобедова және Нижат Ра­химов та сондай жағдайға душар болды. Әйтпегенде, қазіргі кезде алтын медаль­дар­дың саны жетіге жететін еді. Дәл осы көрсеткішпен тіпті Ресейдің ал­дына түсе­тін едік. Одан бөлек, Ирина Не­кра­сова мен Мария Грабовецкаяның да Аспан­асты елінде олжалаған жүлделері бар. Сол еңбегіміздің барлығы құрдымға кетті.

Әлем чемпионаттарына келер болсақ, бұрынғы «бауырлас» 15 республиканың 13-іне жүлде алу бақыты бұйырған екен. Бұл тізімде Қырғызстан мен Тәжікстан­ның ғана өкілдері жоқ. Басқаларының төрт көздері түгел. Ал ең керемет нәтиже Ресей зілтеміршілеріне тиесілі. Олардың қор­жынында 122 жүлде бар. Екінші орында – Қазақстанның ұлттық құрамасы. Үздік үштікті Украина түйіндеп тұр.

Тәуелсіздік алғаннан кейін спорттың бұл түрі Қазақстанда біраз тұралап қалған еді. Алғашқы кезде даңқты Анатолий Храпатый мен дарынды жас Андрей Макаров отандық ауыр атлетиканы өрге сүйреді.1993 және 1995 жылдары ұйым­дастырылған дүниежүзілік дода­ларда сол саңлақтар қола медальді иеленді. Бірақ уақыт өз дегенін алады ғой. Шау тартып қалған Храпатый жастарға орнын босатқаннан кейін Макаровтың жолына үлкен үмітпен қарадық. Бірақ ол құрлықтық деңгейдегі жарыстарда ғана жүлде алумен шектелді.

Арада 10 жыл өткен соң ғана Қазақ­станның толағайлары ауыз толты­­рып айтарлықтай табыстарға қол жеткізе бастады. 2005-2021 жыл­­дар аралығында түрлі-түсті медаль­дар­ды күреп алған жерлестеріміз жалпы­командалық есепте сан мәрте үздіктер санатынан көрінді. Тарқатып айтсақ, 2009 жылы Гоянгта екінші орын алды. 2010 жылы Анталия, 2011 жылы Париж және 2015 жылы Хьюс­тонда үшінші сатыға жайғасты. 2014 жылы Алматыда төртінші тұғырға табан тіреді. 2005 жылы Доха мен 2006 жылы Санто-Домингода бесінші орынды еншіледі. Бір сөзбен айтсақ, соңғы 16 жылда өткен 13 жарыстың жетеуінде отан­дастарымыз озық бес команданың қатарына қосылды. Бұл – өте керемет көрсеткіш!

Тәуелсіздіктің таңы атқан кезден бері Қазақстанның мына ауыр атлеттері әлем чемпионатында жүлде алды: Алтын – Илья Ильин (2005, 2006, 2011, 2014), Зүлфия Чиншанло (2009, 2011, 2014), Майя Манеза (2009, 2010), Светлана Подо­бедова (2009, 2010), Жасұлан Қыдыр­баев (2014), Александр Зайчиков (2015), Нижат Рахимов (2015) және Арли Чонтей (2021). Күміс – Майя Манеза (2011), Светлана Подобедова (2011), Алмас Өтешов (2013), Жазира Жаппарқұл (2014, 2015), Арли Чонтей (2018) және Игорь Сон (2019). Қола – Анатолий Храпатый (1993, 1995), Сергей Макаров (1995), Владимир Кузнецов (2009), Кирилл Павлов (2014), Светлана Подобедова (2015) және Надежда Лиха­чева (2018).

Олимпия ойындарының нәтижесі

(1996-2021 жылдар)

Орын

Командалар

Алтын

Күміс

Қола

Барлығы

1.

Ресей

4

7

7

18

2.

Грузия

3

1

3

7

3.

Украина

2

2

-

4

4.

Өзбекстан

2

-

1

3

5.

Қазақстан

1

3

7

11

6.

Беларусь

1

4

3

8

7.

Армения

-

4

2

6

8.

Латвия

-

1

2

3

9.

Түрікменстан

-

1

-

1

10.

Литва

-

-

1

1

 

Әлем чемпионаттарының нәтижесі

(1993-2021 жылдар)

Орын

Командалар

Алтын

Күміс

Қола

Барлығы

1.

Ресей

38

48

36

122

2.

Қазақстан

15

7

7

29

3.

Украина

8

6

18

32

4.

Беларусь

8

6

6

20

5.

Грузия

6

3

4

13

6.

Әзербайжан

4

1

3

8

7.

Армения

3

6

7

16

8.

Өзбекстан

3

4

3

10

9.

Түрікменстан

2

2

0

4

10.

Латвия

1

1

6

8

11.

Молдова

 

1

3

4

12.

Литва

 

1

1

2

13.

Эстония

 

1

-

1