Сұхбат • 11 Мамыр, 2022

Гун Аюрзана: Шетел әдебиеті болмаса, біз «Моңғолдардың құпия шежіресінде» өмір сүретін едік

759 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Гун Аюрзана 1970 жылы Моң­ғо­лияның Баянхонгор қала­сын­да дүние­ге келген. Сол жердегі орта мектепті бітіргеннен кейін Ресейдің Мәскеу қаласына оқу­ға түскен. Максим Горький атын­дағы Әдебиет институтының «шы­ғармашылық» мамандығы бо­йынша әдебиет магистрі дәре­жесін алған. 24 жасында «Сәби өлеңдер» атты алғашқы поэ­зия­лық кітабын шығарған. Оның жетінші поэзиялық кітабы 2009 жылы жарық көрді. Ол «Шаман аңызы», «Сиқырлы са­ғым», «Он арманның қарызы» сияқ­­ты бірнеше романның авторы. Гунның шығармашылығы Батыс елдеріне кеңі­нен танымал. Шы­ғармалары отыздан астам тілге аударылған ақын-жазу­шы Аюрзана бізге берген сұхба­тында өзінің шығармашылық әле­мі, моңғол әдебиетінің қазіргі жағ­дайы хақында өз ойларын бүкпесіз айтты.

Гун Аюрзана: Шетел әдебиеті болмаса, біз «Моңғолдардың құпия шежіресінде» өмір сүретін едік

Моңғолдарды орыстардың пікірі қызықтырмайды

– Сіз әдебиетке өлеңмен келіпсіз, одан кейін прозаға ауысыпсыз, екі жанрда жазу­дың артық­шылығы бар ма екен?

– Шындығында, өлең өздігінен жазылады, дұрысы, өзі келеді. Поэзия үшін жоспардың да, басқаның да қажеті жоқ. Жас кезімнен күн­де дерлік бірнеше шумақ өлең жазуға дағды­ланғанмын. Жүре келе өлеңнің де өз кемшілігі бар екенін байқадым. Өлең өздігінен саулап келе бастағанда мен оның алдында тым дәрменсіз екенімді сезіндім. Кейде олар маған өзімдікі емес сияқты көрінетін. Сондықтан ақын ретінде өзіме ешқашан сенімді болған емеспін. Ал прозаның жөні бөлек. Жазушы проза жазу барысында бәрін жымдастыра біледі. Оны жазу үшін арнаулы жоспар құрып, тіпті оны кез келген уақытқа ауыстыруға да мүмкіндігің бар. Содан кейін кейіпкерлерің туралы шешім қабылдау да өз алдына бір қызық дүние. Өйткені мен кейіпкерлерім үшін өзіме жауапкершілік аламын. Сосын өзімнің шығарма тудырушы екенімді автоматты түрде сезінемін. Бұл да қанағаттанған жауапкершіліктің белгісі болмақ.  Ал ақындар ештеңеге, тіпті өз өлеңдеріне де жауап бермейді. Олар өздерін әлдебір аспани сөздердің аудармашысы ретінде сезінеді. Бірақ ешқайсымыз да әсіре шамандық кейіпте болмағанымыз абзал. Егер шаманшыл  бола берсең, әдебиет жасау айдалада қалады.

– Сіз осыған дейін оқырманға жеті өлең­дер жинағын ұсыныпсыз, айналаға, мына әлем­ге ақынның көзімен қарау мүлде бөлек шығар?

– Мен бұған қысқаша былай деп жауап берер едім. Ақындар ешқандай жауапкерші­лік­тің шеңберінде болмайды, тіпті олар әлдебір қоғамда емес, өз әлемдерінде ғана өмір сүреді.   Әрине солай болуы керек те.

– Сіздің «Импульс дауысы» атты рома­ныңыз Моңғолиядағы, сонымен қатар Қытай­дағы Ішкі Моңғолдағы халық емшіле­рі­нің тарихы туралы баяндайды. Мені бұл кітап­­тың атауы қатты қызықтырды. Моң­ғол­дар болашақты болжай алатынын осы шығар­маңызда тілге тиек етесіз, тіп­ті кез кел­ген адамның тағдырын оның дыбысы­нан бол­жауға болады деген байлам айтасыз.

– Сол романды жазу үшін мен халық емшіле­рімен достастым. Тіпті импульс біз ойлағаннан да жоғары болжау қасиетіне ие екенін түсіндім. Жақсы дәрігер бір минут ішінде науқастың тамыр соғуына қарап оған дәл диагноз қоя алады. Мұндай диагноз үшін өте қымбат физикалық тексеру және кем дегенде үш-төрт күндік кезең қажет. Егер сіз үш жыл ішінде ауыр ауруға тап болсаңыз, онда сіздің импульсіңіз бүгінде бұл ақпаратты әлдеқашан өңдеп қойған. Бұл өзінше бір тылсым дүние сияқты.

– Сіздің «Қарлы романс» повесіңіз көп­те­ген тілге аударылды.   Мәскеу Әдебиет инс­­ти­тутының профессоры Казначеев  бұл шы­ғар­­ма­ны Хемингуэидің «Шал мен теңі­зімен» дең­гейлес деп бағалапты. Бұл баға сізді өсірді ме?

– Жоқ. Казначеев мырза осылай айтқанда мен өзімді жайсыз сезіндім. Сондықтан мен осы сияқты мақтауларды шығармашылық өсу жолыма пайдаланбадым. Бірақ оның бұл бағасы моңғолдардың аталған шығарма туралы ештеңе білмегенін түсіндіреді. Соңғы 30 жылда еліміз барлық салада, соның ішінде әдебиетте де Ресейден алыстап кетті.  Мәскеудегі Әдебиет Институтын бітіргеннен кейінгі өмір жолымда университет профессорынан жақсы баға есту мен үшін қуаныш. Бірақ моңғолдарды, әсіресе жас буын оқырмандарды орыстардың пікірі қызықтырмайды.

– Алғашқы романыңыз «Сиқырлы сағым» коммунистік дәуірдегі қарапайым моңғол отбасылары мен олардың ұрпақ­тарының постсоциалистік өмірін суреттейді. Романдағы оқиғалар өмірде болған ба?

– Кітапта баяндалған жайттарға өте ұқсас оқиғалар туралы көп естідім.  Ал мен романыма өзіме таныс оқиғаларды ғана пайдаландым. Романның басты кейіпкерлері менің құрдастарым еді, сол үшін  бұл романды жазу өте оңай болды.

Жиырма екі жыл кітап жазып өмір сүрдім

– Моңғол жазушылары болашақта әде­биет бойынша Нобель сыйлығын алады деп ойлайсыз ба? Кімдер алады деп ойлайсыз?

– Жуық жылдардағы Нобель сыйлықтары саяси себептермен жиі берілді. Менің ойымша, Украинаның бір қаламгері алдағы қазан айында осы сыйлықты алуы мүмкін. Ал күндердің күні әлде бір моңғол жазушысы да осы сыйлықты алуға лайық келетін шығар.  Сұрағың өте салмақты, не айтарымды білмей отырмын. Швеция Қытаймен тікелей қақтығысатын болса, Қытайдағы Ішкі Моңғолиядағы кейбір жазушының да мүмкіндігі бар шығар. Сонымен бұның бәрін уақыт шешеді. Егер кез келген моңғол жазушысы Нобель сый­лығын алса, мен оның ел мойындайтын талантты ақын немесе керемет жазушы болғанын қалай­мын. Бұл біз үшін өте маңызды. Өйткені бұл сыйлықты көптеген қарапайым қаламгер алды емес пе?!

– Мүмкін, моңғол жазушысы ретінде ең алдымен сіз алатын шығарсыз?

– Егер солай болса, сол үлкен қуанышты сенімен бірге тойлаймын. (Күлді).

– Жиырма екі жыл бойы еш жерде жұмыс істемепсіз, тек жазушылықпен айналысасыз. Моңғолияда жазушылардың жағдайы қалай? Қаламақыға күн көру мүмкін бе?

– Иә, мүмкін. Сондықтан мен осы жолды таңдадым. Қазір кітап жазу арқылы тіпті қомақты ақша тауып жүрген басқа авторлар да бар. Солардың кесірінен мен жазумен өмір сүремін дегенді қойдым. Олардың бұл оспадарлығы мені қатты қынжылтады.

– Әлем әдебиеті моңғол әдебиетіне әсер етті ме?

– Әрине. Шетел әдебиеті болмаса, біз тек «Моңғолдардың құпия шежіресінде» ғана өмір сүретін едік.

– Сіздің елде кітап нарығы қалай? Жазу­шы­­лардың кітаптары үйінің балконында үйіліп жата ма, әлде сатыла ма?

– Жоғарыда айтқанымдай, бізде әртүрлі авторлар жарыққа шықты. Арасында жақсы жазатындары да бар. Бірақ олардың кітаптарын сатып алатындар өте аз. Ал жаза алмайтындар да жағаласып өмір сүруде, бірақ олардың жазғандарын ақ-қараны айырмайтын оқырмандар сатып алып жүр. Бұл жерде логика сақталмаған.

– Сөздің күшіне сенесіз бе?

– Әрине, сенуім керек. Бұл сенім менің өмі­рімнің мәні болып табылады.

– Бір қызығы, ақындар проза жазса, мөл­діретіп жазады. Мұның нендей сыры бар?  Ақын болудың мағынасын бір ауыз сөзбен сипаттай аласыз ба?

– Меніңше, кез келген керемет жазушы ең алдымен ақын болып қалыптасуы керек. Ал жазушы ақын емес, тек жазушы ғана болса, одан ештеңе шықпайды. Егер сіз үлкен шығарманың ішінен жұртты таңдандыра алатын  күшті поэтикалық қуатты сезіне алмасаңыз, онда оның жазғанынан ештеңе шықпайды.

 

Әңгімелескен

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

«Egemen Qazaqstan»