Аймақтар • 12 Мамыр, 2022

Сиқырлы сөзге арбалып, ақшасынан айырылды

272 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Он миллион теңгесінен айырылып, зар жылап полицияға шағынған жәбірленуші әйел алаяқтардың қитұрқы әрекеттері туралы өзінің көп естігенін айтқан. Бірақ қапелімде солардың арбауына түсіп қалармын деп ешқашан ойламағанын жеткізген. Осыған қарағанда біздегі интернет алаяқтар адамға бұлтартпас әрекет ететін психологиялық әдістерді де меңгере бастаған сияқты.

Сиқырлы сөзге арбалып, ақшасынан айырылды

Әйелге телефон соққан алаяқ өзін банк менеджерімін деп таныстырған. Банкілік терминдермен барынша ресми түрде сөйлеп, әйелдің телефон тұтқасын қайыруына мұрсат бермей, жабысып тұрып алған. Алаяқ әйелдің атына біреу аса ірі көлемде несие ре­сім­деуге әрекет етіп жатқанын ай­тып, сіз оған келіспегеніңіз дұ­рыс қой деп «жанашырлықпен» ескерт­кен. Әрине, жәбірленуші де өзінің келіспейтінін айтқан. Онда қазір сізбен қауіпсіздік қызметінің қызметкері байланысады деп «жанашыр» әңгімені үзеді. Аз уақыттан соң әйелге біреу WhatsApp арқылы хабарласады. Жаңа адамның дауысы қастандықтың алдын алу үшін әйелге ірі көлемде несие алу керектігін ескертіп және оны запастағы есепшотқа аудару керектігіне сендіреді.

«Шығасыға иесі басшы» дегендей әйел алаяқтың сөздеріне есінен айырыла сенгені сондай банкке барып, онда 4,5 млн теңгеге несие алып және оған өзінің депозиттегі қаражатын қосып, алаяқ көрсеткен реквизиттерге аударады.

Ақыл-есі дұрыс адамның осынша алдануы мүмкін емес қой?! Бұл жерде әйелге бір сиқырлы әдіспен психологиялық қысым жасалып тұрғаны көрініп тұр. Ол тіпті алаяқтың бұл операциялар туралы ешкімге айтпау керектігін, «өйткені бұған банк қызметкерлерінің қатыстылығы бар, қазір қауіпсіздік қызметі оларды анықтауда» деген «жанашырлығын» да ескерген.

Алаяқ бұдан кейін де сенгіш әйелдің соңынан қалмай, басқа банк­те де сондай операциялар жасауға әре­кеттенген. Әйел тек бірнеше күн­нен кейін ғана өзінің алаяқтарға ал­дан­ғанын білген.

«Аталған факті Қылмыстық кодек­стің 190-бабы 3-бөлігі «алаяқ­тық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тек­серудің бірыңғай тізі­лі­міне ен­гізілді. Шығын сома­сы 10 миллионға жуық теңгені құ­ра­ды. Бұл жыл басынан Солтүстік Қа­зақстан облысында алаяқтар аза­мат­тарға кел­тір­­ген ең ірі шығын бо­лып саналады. Адамдарды қандай жағ­дай болсын «банкіден шалынатын қоңырауларға» сенбеуге ша­қы­рамыз. Егер қаражатыңыздың сақтығына қатысты күмән болса, банкіге өзде­ріңіз­дің жүгінгендеріңіз жөн», деді Полиция департаменті Криминалдық полиция басқар­ма­сының басшысы, полиция под­пол­ков­нигі Марат Жұмалиев.

Облыста 3 айдың ішінде 214 интернет алаяқтық тіркелсе, соның 40-ы жоғарыда аталған жолмен жасалған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы