Пікір • 13 Мамыр, 2022

Ұлттық мүддеге қызмет ететін заңдар қажет

413 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кез келген мемлекетте оның Конституциясы қоғамның игілігіне қызмет етуге тиіс. Қоғам игілігі дегенде бірінші кезекте ұлттық мүддеге қызмет ететін заңдардың үстемдік құруын айтамыз. Әділеттілікті сақтайтын, туралықты, шынайылық пен білімді жақтайтын заңдардың қабылдануы кез келген жалпыға ортақ тәжірибелерді қоғам игілігіне айналдырып отырары даусыз.

Ұлттық мүддеге қызмет ететін заңдар қажет

Ата Заңның ішінде жазылған заңдардың барлығы да болашақ үшін маңызды. Бірақ соның ішінде ең маңыздысы бұл жер мәселесі деп айтар едім. Барлық кезде де жер мен елдің иесі халықтың өзі болуы тегін емес. Бірақ халық ұлттық мүддеге иелік етуде кейінгі уақытқа ел мен жерді табыстай алатын мүмкіндіктерді де жоғалтып алмауға тиіс. Қоғам үшін басты мүмкіндік – таным, ақыл-парасаттың үстемдігі. Сондықтан референдум құр даңғаза болмауы қажет. Әркім әр жаққа бұра тартпай, білікті мамандардың да ақыл-кеңесін тыңдап барлығы да көптің талқысына салынуы қажет. Білімнің күші мен ел болмысына тән бірліктің де рухын салмақтай түсер істің бірі осы болады.

Қоғам болған соң алуан пікір бар. Конституцияға өзгерістер енгізу мен оны халықтың талқысына салудың қаншалықты қажеттілігі бар деген сұрақ та туындауы мүмкін. Мен мұны уақыттың талабы дер едім. Бұл талапқа ел болып ілесу үшін бірінші кезекте қоғамға рухани серпіліс қажет. Мұндай бастамалардың қоғам игілігіне тигізер пайдасы көп. Маңыздысы, бұл іске халық шынайы атсалысуы керек. Зиялылар да бұл істің нәтижелі жүргізілуіне мұрындық бола алады. Азаматтық ұстанымыңды білдіретін сәт туып тұр.

 

Үмбетқан СӘРСЕМБИН,

философия ғылымдарының кандидаты