Ғылым • 16 Мамыр, 2022

Сүйекті алмастыратын материал жасалды

178 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шетелдік аналогтен үш есе арзан сүйекті алмас­тыратын материал – отандық ғылымның жаңа жетістігі. Иә, жақында қазақстандық ғалымдар сүйектерді қалпына келтіруге арналған қолжетімді биоматериал-гидроксиапатит әзірледі. Еліміздегі компаниялар тауардың алғашқы партиясын сатып алып үлгерді.

Сүйекті алмастыратын материал жасалды

Білім және ғылым министрлігіне қарасты Жану проблемалары институтының зерттеушілер жасап шығарған сүйекті алмастыратын материал ше­телдік аналогтерден үш есе арзан тұрады. Атал­ған институттың ғалымы Зұлқайыр Мансұров мате­риалдың 1 грамы 10 мың теңге тұратынын айтады.

«Биологиялық шикізаттан гидроксиапатит тер­миялық өңдеу, күйдіру, арнайы химиялық реакциялар жүргізу және посттермиялық күйдіру арқылы алынады. Біздің модификация барлық әдісті алуды жақсарту арқылы уақытты ұлғайту есебінен және жоғары температура режімін таңдау және т.б. есебінен жүзеге асырылады. Нәтижесінде, біз жақсартылған кристалдық құрылымы және өнімнің тазалығы жоғары (95%) сапалы материал алдық. Шетелдік компаниялар осындай жоғары сапалы ИАӨ-нің (икемді автоматтандырылған өндіріс) 1 грамын шамамен 32 мың теңгеге сатады. Ал біздің мате­риалдың бағасы 1 грамы үшін 10 мың теңге», дейді химия ғылымдарының докторы, профессор З.Мансұров.

Ғалым З.Мансұров қазір медицина ғылымдары­ның докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, «Алмагест» оқу-клиникалық стоматология орталығының директоры Мақсұт Темірбаевпен бірлесіп алынған минералды іс жүзінде қолдану жұмыстарын жалғастырып жатыр. Отандық гидроксиапатит сүйек ақауларын қалпына келтіруде, сүйек зақымдалған жараларда, сынықтарда, пластикалық хирургияда, яғни бет сүйектерінің пластикалық хирургиясында және тістерді имплантациялауда қолданылады.

«Гидроксиапатитпен қапталған имплантаттар кері реакция тудырмайды және сау сүйек тінімен белсенді түрде байланысып, регенерация мен оңалту процесін жеделдету қабілетіне ие екенін атап өткен жөн. Біздің отандық жоғары сапалы гидроксиопатит импорттық материалдарды оңай алмастыра алады», деп түсіндірді З.Мансұров.

Жүргізілген зерттеулердің нәтижелері бойынша Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті және SCOPUS индекстелген деректер қо­рын­да ғылыми жұмыстар жарияланды. Бұл зерттеу жұмы­сының сенімділігі мен өзектілігін көрсетеді. Айта кетейік, ғылыми жұмыс Білім және ғылым министрлігінің грант­тық қаржыландыруы аясында жүзеге асырылды.