Спорт • 16 Мамыр, 2022

Тегераннан жақсы жаңалық күтеміз

141 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенбіде Иранның бас шаһары – Тегеранда волейболдан ерлер арасындағы Азияның клубтық чемпионаты басталды. Бұл жарыс 12 мың көрерменге есептелген «Азади» спорт кешенінде өтуде. Сары құрлықтың ең үздік алты командасы бас қосқан бәсекеде Қазақстанның «Тараз» клубы да өнер көрсетуде.

Тегераннан жақсы жаңалық күтеміз

Аталған жарыс бұрын AVC кубогы деп аталатын. Оған Азиядан бөлек, Аустралия мен Мұхит жағалауында орналасқан мемле­кеттердің өкілдері де қатысатын. Әлі есімізде, 1993 жылы Таиландтың Накхонратчасима қаласында жалауы желбіреген жарыста Алматының «Азаматы» табысты өнер көрсетіп, күміс медаль иеленді. Жартылай финалда Жапонияның жігіттерін жеңген жерлестерміз ақтық сайыста Оңтүстік Кореяның өрендеріне есе жіберді. Жұлдызды команданың сапында Бақытжан Байтөреевтің жасындай жарқылдағаны да күні кешегідей көз алдымызда. Дәл сол жылы қазақтың ұлы Азияның ең үздік ойыншысы атанған еді. Тарихқа жүгінсек, Бақытжанға дейін де, Бақытжаннан кейін де мұндай атақ Қазақстанның бірде-бір волейболшысына бұйырған емес. 

1999 жылдан бері Азияның клубтық чемпионаты дербес ресми жарыс ретінде өте бастады. Сол кезден бері 22 мәрте ұйым­дастырылған дүбірлі додада Иранның волейболшылары ең үлкен нәтижеге қол жеткізді. Парсы елінің өкілдері 15 рет бас жүлдені олжалады. Оңтүстік Корея оғландары екі рет озса, Қытай, Қазақстан, Қатар және Тайпейден келген командалар бір-бір реттен топ жарды. Өзге мемлекеттің өрендеріне ондай бақ бұйырмады. Ал жекелеген клубтар жайында айтар болсақ, сары құрлықта Тегеранның «Пайканына» тең келер ешкім жоқ. Олар жеті жарыста жеңімпаз атанды. Тэджонның «Самсунг Иншурэнсы» мен Тегеранның «Сармайе Бэнксі» екі реттен дара шықты.

Қазақстандық командалардың жалғыз бас жүлдесі «Рахаттың» еншісінде. 2005 жылы Пәкістанның Исламабад қаласында ұйымдастырылған жарыста алматылықтар алдарына жан салмады. Финалда олар Тегеранның «Сайпасын» сан соқтырды. Отандастарымыз тағы төрт рет ақтық сында өнер көрсетті. 2006 жылы «Рахат», 2008 бен 2011 жылдары «Алматы» және 2018 жылы «Атырау» шешуші тұста ирандықтардан ұтылып, күміс медаль иеленді. Сондай-ақ 2002 және 2004 жылдары «Атырау» мен 2021 жылы Алматының «Буревестнигі» қола жүлдені қоржынға салды.

Былтыр Таиландтың Накхонрат­часи­масында «Буревестник» қола медаль иелен­генін жоғарыда айттық. Бұл турнирдің бас жүлдесі Иранның «Фулад Сирджанына» бұйырды. Финалда олар Қатардың «Әл-Арабиінен» басым түсті. Бірақ «сары құрлық­тың басты жарысында қола алдық» деп кеу­де қағып, арқаны кеңге салуға болмайды. Өйткені пандемияға байланысты Жапония мен Қытайдың ең мықты ұжымдары аталған додаға қатыспағанын ескерген жөн. Олардан бөлек, Аустралия, Вьетнам, Тайпей, Үндістан және Гонконгтың да өкілдері Тай елінде бой көрсеткен жоқ.

Соңғы жылдары әйелдер арасындағы Азияның клубтық чемпионатында Қазақ­станнның волейболшылары үстемдік құрып жүр. Былтыр Таиландта Өскеменнің «Алтайы» алтыннан алқа тақса, биыл Семейде Петропавлдың «Қуанышы» қарсылас шақ келтірмеді. Енді біз бұрымдылардың жеңісті жолын бөріктілер жалғастырса деп тілейміз. Тегерандағы тартыста «Тараз» да жеңіс тұғы­рына көтерілсе, нұр үстіне нұр болар еді...

Сенбіде «Тараз» Қатардың «Әл-Райа­нымен» күш сынасты. Кеше Ирактың «Эрби­лімен» ше­берлік байқасты. Бүгін Иранның «М.Шах­бад Йездімен» сайысқа түсеміз. Келесі топта Жа­понияның «Осака», Таиландтың «Накхон­ратчасима», Ирактың «Соут Гас Клаб» және Иранның «Пайкан» клубтары өнер көрсетуде. Жарыстың жеңімпазы мен жүлдегерлері 20 мамырда анықталады. Азияның ең үздік ұжымы биыл күзде шымылдығы түрілетін әлемнің клубтық чемпионатына қатысады.