Алаяқтар тұрғындарды Теңіз мұнай компаниясына жұмысқа орналастырамыз деп уәде берген.
«Байқоңыр полициясына 16 тұрғын алаяқтың құрбаны болғаны туралы арызданған. Осы жылдың наурыз-сәуір айларында екі азамат әлеуметтік желі арқылы арнайы топ ашқан. Онда ақшалай сыйақы арқылы Атырау облысындағы Теңіз мұнай компаниясына жұмысқа орналастыратынын айтқан. Сол арқылы әр адамнан 150-200 мың теңге аралығында банктегі есепшотына ақша аудартқан. Жәбірленушілерге келген шығын үш млн теңгеге жуықтаған», делінген Қызылорда облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Ведомствоның мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында екі күдікті әйел ұсталды. Олардың екеуі де Қызылорда облысында дүниеге келген.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.