Аймақтар • 16 Мамыр, 2022

«Гүлкәшима» дастанының ізімен

618 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарабалық ауданында қазақ журналистикасының атасы Мұхаметжан Сералиннің 150 жылдығына арналған экспедиция жұмысы басталды. Жергілікті өлкетанушылар мен музей қызметкерлері ақын шығармаларында суреттелетін оқиғалар өткен өңірлерді аралап, қаламгердің әдеби мұрасын насихаттауды көздейді.

«Гүлкәшима» дастанының ізімен

Экспедиция бұған дейін Лисаков қаласына арнайы барып, Мұхаметжан Сералиннің осында тұратын аталас туыстарымен кездесіп, біршама тың деректерді жазып алыпты. Одан кейін Қамысты ауданына ат басын тіреген жұмыс тобы осы өңірдегі Орқаш ауылы мен Қарасу өзеніне барды. Ардагер журналист, өлке тарихының білгірі Владимир Максименконың айтуынша, бұл сапардың өзіндік мәні бар. Өйткені ақынның «Гүлкәшима» поэмасында баяндалатын оқиғалар осы Орқаш өңіріндегі Қарасудың жағасында болған. Сол заманның көріністерін шынайы бедерлеп, шебер суреттеген поэманың басты кейіпкерлері де осы өңірде туып-өскен, өмірде болған адамдар.

– 1903 жылы Орынбор қаласында басылып шыққан «Гүлкәшима» дастаны бір-біріне қосыла алмаған қос ғашықтың трагедиясын баяндайды. Бұл шығарма соңғы кезеңде көп оқылмай қалды. Қазіргі жастардан сұрасаң білмейді. Оны оқымай, сөреге ысыра салуға болмайды. Өйткені Мұхамеджан Сералин өз шығармаларын кейінгі жастарға үлгі, ғибрат болсын деп жазған. Қаламгер көтерген мәселелердің өзектілігі бүгін де жойыла қойған жоқ. Сондықтан «Гүлкәшиманың» қазіргі қоғамда келеңсіз оқиғаларға тап болып, басына сор байлап алып жататын жеңілтек бойжеткендер мен ұшқалақ бозбалаларға берер өнегесі мол. Поэманың бас кейіпкерлері – Баймұхаммет пен Гүлкәшима. Баймұхаммет Тобылдың жағасында, Гүлкәшима Орқаш өңірінде өмір сүрген. Орқаштың маңындағы Қарасудан Сыр бойына ұзатылады. Бізді Мұхаметжан Сералиннің педагогтік қызметі мен ағартушылық бағыттағы қайраткерлігі де қатты қызықтырады. М.Сералиннің ұрпақтары үлкен көмек көрсетуде. Экспедиция жұмысына не керектің бәрін тауып беріп, қолдау көрсетіп отырған Қарабалық ауданының әкімі Руслан Халықовқа да алғысым шексіз, – деді В.Максименко.

Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан қарт журналист Владимир Максименко «Гүлкәшиманы» орыс тіліне тәржімалап жатыр. Қарабалық аудандық тілдерді оқыту орталығының басшысы Ерлан Әбілов түпнұсқа мәтіндегі аудармашы түсінбеген сөздер мен тіркестерді түсінуге көмектесіп жатыр екен.

«Гүкәшима» кейіпкерлерінің шынайы өмірде болған адамдар екенін Ерлан Әбілов те растап отыр.

– Ғашықтық дастанындағы оқиғалар Қостанай төңірегінде өрбіген.

Шығармада сонымен қатар, 1894 жылғы Қостанай жәрмеңкесі туралы да баяндалады. Бұл дастан сол кезеңдегі қазақ даласындағы ішкі көші-қон мәселесіне қатысты деректерімен де құнды. Мысалы, Тобылды мекендеген Тілеубергеннің аузымен кіші жүз жаппас­тан тарайтын үңгіт руының Арқаға қоян жылғы жұтта ауып келгені туралы дерек айтылады. Шығарманың бас кейіпкері Баймұхаммет осы үңгіт руының азаматы. Ал Гүлкәшима Ме­дет­байқызы Қарасуды мекен еткен. Шығармада кездесетін Қайранкөл қазір­гі Бейімбет Майлин ауданындағы ауыл­дық округ атауы, – деді Е.Әбілов.

Экспедиция мүшелері алдағы уақыт­та «Айқап» журналы шығып тұрған Троицк өңіріне барып қайтуды жоспарлап отыр. Кейін экспедиция барысында жинақталған деректер жүйеленіп, М.Сералиннің 150 жылдығына арналған естеліктер жинағы жарық көрмек.

 

Қостанай облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше