Осы жарыс қарсаңында IJF мамандарының қатысуымен төрешілерге арналған халықаралық семинар өткенін де айта кеткен абзал. Оған Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) спорт директоры Даниэль Ласкау, даңқты балуан, Олимпиаданың күміс жүлдегері Армен Багдасаров, IJF төрешілер комиссиясының хатшысы Хюрлия Паскуале және Қазақстан дзюдо федерациясы президентінің міндетін атқарушы Асхат Жіткеев жетекшілік етті. Аталған шараға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Жапония, Гонконг, Кувейт, Иран, Сауд Арабиясы, Германия, АҚШ, Италия, Әзербайжан, Түрікменстан, Моңғолия және Тайпейден 70 төреші қатысты.
Жарыстың өзіне келер болсақ, бұл жарыста өзбекстандық балуандар өздерінің мықтылығын түбегейлі мойындатты. Әсіресе, жастар арасында сарапқа салынған бас жүлденің жетуін де солар иемденді. Ең өкініштісі, финалда өзбек пен қазақ балуандары бес мәрте кездесті. Сол бәсекелердің барлығында да көршілеріміз жеңіске жетті. Атап айтсақ, Қожиақпар Тошев (73 кило) Бекнұр Тәңірбергенді тізе бүктірді. Мейірлан Максим (81 кило) Шахзод Шәріповті «вазари» әдісімен ұтып жатып, өзі «иппонға» түсіп қалды. Толқынбек Тұрдиев (90 кило) пен Мұхаммедәлі Мавлидов арасындағы тартыстың тағдырын «шидо» шешті. Үш ескерту алған жерлесіміз бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Мұхаммадқадыр Мансұровқа (100 кило) Дамир Ахетті жеңу үшін небәрі 22 секунд жеткілікті болды. Исломбек Равшанқұлов (+100 кило) пен Қайратбек Сәбиттің де айқасы ұзаққа созылмады. Бәсекенің басталғанына бір минуттан сәл асқанда Исламбек Сәбиттің аяғын көктен келтірді.
Бүгінгі таңда жастар буыны арасында бақ сынап жүрген жігіттеріміздің барлығы да ертеңгі күні ересектер дуына қосылып, аса ірі халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайды. Өкінішке қарай, Алматыдағы жарыс олардың әлі де «шикі» екендіктерін байқатты. Өз елімізде, өз жерімізде, өз жанкүйерлеріміздің көз алдында тегістей ұтылсақ, шет мемлекеттерде өтетін дүбірлі додаларда даралана алмайтынымыз айдан анық. Тіпті күрестің бұл түрінен күресінде қалып қоюымыз да әбден мүмкін. Қазіргі қарқын, бүгінгі екпінмен ұзаққа бара алмаймыз. Сондықтан да бұл жағдай республикалық федерацияның тізгінін ұстаған азаматтар мен еліміздің білікті бапкерлеріне ой салуға тиіс. Олар осы сәтсіздіктен сабақ алып, кемшілікті түзеп, олқылықтың орнын толтыру үшін дереу іске кірісулері керек.
Жігіттерге қарағанда қыздарымыз тәуір күресті. Олар бас жүлденің төртеуіне иелік етті. Екі финал өз балуандарымыздың арасында өтті. 52 кило салмақта Аружан Ережепова Балнұр Әбдешовамен шеберлік байқасты. Бұл тартыс алғашқысының пайдасына шешілді. 63 кило салмақта Есмигүл Куюлова мен Гүлнұр Баханова белдесті. Бұл бәсекеде Есмигүлдің басымдығы еш күмән туғызған жоқ. Ол 1 минуттан сәл асқанда қарсыласын таза жеңді.
70 кило салмақтағы Роза Нысантайқызы мен Шахло Егамберганова арасындағы кездесуде өзбек дзюдошысы қатарынан үш ескерту алып, жарыс жолынан шығып қалды. Аса ауыр салмақтағы айқас Аида Тойшыбекованың айқын жеңісімен аяқталды. Ол Ташкенттің төл тумасы Фатима Құрамбоеваны алып ұрып, қос жауырынымен жерге қадады. Бұл бәсеке бар-жоғы 15 секундқа созылды. Сондай-ақ өзбекстандық Фатимахон Тұрсынбоева (48 кило) мен Шырынжон Юлдашева (78 кило) және түрікменстандық Майса Пардаева (57 кило) жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Жасөспірімдер арасындағы жарыстың да нәтижесіне көңіліміз толды деп айта алмаймыз. Қыздардың сайысында Ләзиза Хайдарова (40 кило), Үмітхон Бурханжонова (44 кило), Севинч Муродова (48 кило), Сугдиона Рафкатова (52 кило), Әселхан Аралбаева (57 кило), Ләйләхон Юлдашева (63 кило), Туйгүл Хамероева (70 кило) және Севиниш Тұрақұлова (+70 кило) алтыннан алқа тақты. Бұл спортшылардың барлығы да – Өзбекстаннан. Бізге де, басқаларға да бірде-бір бас жүлде бұйырмады.
Ұлдардың бәсекесінде жерлестеріміз үш рет дара шықты. Бұл жолы Бекболсын Жолымбек (55 кило), Нұрлыбек Арғынбек (66 кило) және Егор Раков (81 кило) жергілікті жанкүйерлерді бір желпінтіп тастады. Әсіресе, біз Егордың табысына ерекше шаттандық. Өйткені Раковтардың отбасын Қазақстан жұрты жақсы біледі. Отағасы – Сергей Капитонович кезінде КСРО халықтары спартакиадасы мен КСРО чемпионатында атой салған. Кейіннен бапкерлікке бет бұрды. Ұлы – Максим әлем және құрлық чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының үш дүркін жүлдегері. Сергейдің тағы екі перзенті жаттықтырушылық қызметте. Финалда үйдің кенжесі – Егор Раков өзінің командалық әріптесі, Қарағанды дзюдо мектебінің тағы бір түлегі Асқар Біржановтан басым түсті.
Сондай-ақ Бекет Махмұтовты еске алуға арналған турнирде түрікменстандық Мекан Рамазанов (50 кило), өзбекстандық Фаррух Хамдамов (60 кило), Самариддин Мұхсимиддионов (73 кило), Фаррух Мадаратов (90 кило) және қырғызстандық Емірхан Жолдашқазиев (+90 кило) жеңімпаз атанды.