Аймақтар • 18 Мамыр, 2022

Таупістелі тағылымы

455 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Туған жердің тарихын білгісі, жас таланттарды танығысы немесе танылғысы, әсем табиғатты тамашалағысы келетіндер осы жобаны асыға күтеді. Өлке тарихын тереңнен танып, мол мағлұмат алуға мүмкіндік жасайтын, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, шығармашылығына қолдау көрсету, табиғатты қорғау сынды кең мақсатты бұл іс-шара еліміздің, Түркістан облысының ғана емес, түркі елдерінің жұртшылығына да жақсы таныс. Әсіресе, ізденімпаз жастар жиі өткізілгенін қалайды. Иә, біз «Мархабат – Мирас» қоғамдық қоры тұсауын кескен, әр үш жыл сайын танымдық-тағылымдық мәні зор тақырыптарда өткізіліп тұратын «Таупістелі тағылымы» халықаралық жобасын айтып отырмыз.

Таупістелі тағылымы

VIII ғасырдың жауһар жәдігері

Жоба аясындағы алғашқы басқосу Түлкібас ауданының Таупістелі ауылында 2016 жылы мамырда «Таупістелі тағылымы: Түркі тілдес, түгел бол!» та­қырыбында, екінші жиыны 2019 жы­лы сәуірде «Таупістелі тағылымы: Шер­хан мен Насыр бауында» деген атпен ұйымдастырылған болатын. Екі жиын­ға да Түркия, Өзбекстан, Қырғыз рес­пуб­­ли­каларының қайраткерлері мен қалам­герлері, еліміздің бірқатар облыс­тары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының өкілдері қатысқан-ды. Ал Жеңістің 77 жылдығына, қазақ­тың даңқты перзенті, жазушы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай ұйымдастырылған күні кешегі басқосу «Таупістелі тағылымы: Бозарықтан – Бозторғайға» деп аталады. Шымкент қаласының Бозарық атырабында 1941-1945 жылдары облыстан соғысқа аттанатындардың жинақтау-жат­тығу бекеті болғаны белгілі. Ал Боз­тор­ғай – Қаратаудың айтулы асуы. «Қалмақ­қырылған» шайқасына қазақ батырлары осы асумен асқан. Екі аралық – 77 шақырым.

Қаламгерлерден, мәдениет пен білім саласының өкілдерінен, ерікті жастардан құрылған арнайы топ Бозарықтан Бозторғай асуына дейінгі аралықта ауыл­дар мен кенттерге, мектептер мен тарихи орындарға тоқтап, сұхбат құ­рып, жиындар, еске алу сағаттарын өт­кізді. Облыстық тарихи-өлкетану му­зейі, Қазақстан Жазушылар және Жур­налистер одақтары Түркістан облыстық және Шымкент қалалық филиалдары, Түлкібас, Сайрам аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, білім бөлімдері, «Мархабат-Мирас» қоғамдық қоры ұйымдастырған іс-шара Бозарық биігінде «Сәт сапар!» жиынынан бастау алды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ақмарал Құдайбергенова «Таупістелі тағылымына» үйлестірілген «Бозарықтан – Бозторғайға» сапарының мақсаты мен бағдарламасын баян етті. Алаштың айтулы ақын қызы, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері Ханбибі Есенқарақызы сәт сапар тілеп, «Бозарық» өлеңін оқыды. Айтулы ақын «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Нармахан Бегалыұлы ақ батасын берді.

Бозарықтан Сайрам ауданы аумағын­дағы көне Құрлық қаласының орнына келген сапар қатысушылары Құрлық ауылының жас тарихшы-әдебиетші-өлке­танушыларымен сұхбаттасты. «Құр­лық жадымызда, Ерсін есімізде» деп аталатын жиында жазушы Ерсін Қой­бағаровты еске алды. Осыдан мың жыл бұрын Шымкенттің маңында Құрлық деген қала болған. XII-XIII ғасырда жер бетінен өшірілген Құрлықты қайсыбір ғалымдар Шымкенттің көне аты дейді. Ізім-қайым жоғалған қала тамтығы 1990 жылы «Алматы–Термез» жол құ­ры­лысы Сайрам ауданының сол кез­дегі «Қайнарбұлақ» кеңшарына қарас­ты «Октябрьдің 40 жылдығы» бөлім­шесі үстінен өткенде табылды. Мархабат, Ерсін ағаларымыздың сөзімен айтсақ, сонау бір заманда құмырсқаның илеуіндей құжынаған базары қыз-қыз қайнап, бау мен бақшасы гүл-гүл жайнап, сандуғашы мен бұлбұлы сайрап, Ұлы Жібек жолы бойымен өткен-кеткен керуендерді ұдайы қуана, құшақ жая қарсы алып, қимай, қиыла шығарып салып тұратын әсем қа­ла­ның орны, VIII ғасырдың жауһар жәді­герінің табылуы әжептеуір-ақ сенсация туғызуы керек еді. Алайда басынан бағы қаш­қан кеңестік саясат күйреген шақта бұл жаңалық ешкімді де елең еткізбеді. Бірде-бір басылым жазбады... Тамтығы табылған қала Қарлұқ қағанаты кезінде гүлденгені анық. Құрлық ауылының жас өлкетанушылары да көне қала туралы ізденіп жүргендерін әңгімеледі. Белгілі жазушы-журналист Захардин Қыстаубайұлы Ерсін Қойбағаров туралы естелік айтты. Ауыл тарихы туралы жиынға қатысқан көпшілікпен сырласып, сұхбаттасқан топ мүшелері Сайрам ауданының Ынтымақ ауылына, Ақсу өзені бойына жетіп, жас өлкетанушылармен «Қазақ жерінің әр сүйемі қасиетті» тақырыбында кездесу өткізді. Талас Алатауының солтүстік беткейіндегі 4 042 метр биіктіктегі мұз­дықтан бастау алатын Ақсу өзенінің ұзын­­дығы – 133 шақырым, су жиналатын алабы 766 шаршы шақырым. Өзен алабында ежелгі Сайрам қаласының орны бар. Тереңдігі 500 метрге дейін жететін аңғардың табанымен жөңкіп ағатын өзен суы жарқабақ, ақшыл жыныстар арқылы өтетіндіктен, ақшыл болып көрінеді. Сон­дықтан да атауы Ақсу болып кеткен. Ақсу елді мекенінің атауы да осыдан ке­ліп шыққан. Ал Ынтымақ ауылы бұрын әрқи­лы аталған. Тарихи ауылдар Ақсу өзенінің бойында өте көп. Көпке мәлім «Манкент» шипажайының тарихы да тереңнен қозғалды.

Машат өзені бойындағы Кершетас ауылының кіреберісінде арнайы топ пен жергілікті жастар арасында «Құл­пы­ра бер, туған жер!» атты сұхбат ұйым­дастырылды. Ал Састөбе кентінде соғыс құрбандары ескерткішіне тағзым етіп, жас өлкетанушылармен «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран» тақырыбында кездесу өтті. Сазтөбе тауы, Сазтөбе биігі, Сазтөбе көлі мен бұлақтары тарихтан бұрыннан белгілі. Сазтөбе биігінде қалмақтарға қарсы айқас­тың мәнісін талқылаған тарихи жиындар өткен. Кейіннен, қарашекпенділердің қоныстануына байланысты Састюбе, Састөбе атанып кеткен. 1917 жылдан бастап саз балшық өндірілген. Ал 1937 жылы «Састөбе цемент зауытын салу туралы» қаулы қабылданып, 1952 жылы іске қосылды. Цемент, әк, сульфаттық порт­ландцемент, түсті цемент өнімдерін шығар­ды. Оның негізінде 1990 жылдары цемент зауыты «Састөбецемент» АҚ болып құрылды. Қазір жеке кәсіпкерлер жүргізетін цемент, әк шығаратын зауыт жұмыс істейді.

Сапаршылар аялдаған табиғаты өте ерекше Балықты ауылының тари­хы тереңде жатыр. Ежелден қазақ­тар қоныстанған ауылда жұртшы­лық егіншілікпен және мал шаруашы­лығы­мен айналысқан. Көне замандарда Балықтының, Көкбұлақтың, Үрбұлақтың орындарында қорғандар, бекеттер болған. Бүгінде ауыл көркейіп, гүлденіп келеді. Ал Балықтысу өзенінің ұзындығы шамамен 10-15 шақырымға жуық. Бастауын Балықтыкөлден алады. Үрбұлақ ауылының басында Арыс өзеніне құяды. Шарафкент көне қа­ла­сының орнындағы «Балықтысу мөл­дірейді, Тарих-баба елжірейді» тақырыбында өткен сұхбатта небір қызғылықты деректер мәлім етіліп, жас ақындар Сезім Мергенбай, Маржан Әбләзімова, Сүндет Сейітов, Жамал Жүрсінбек, Ақбота Бейбітбек туған жерді қадірлеуге шақыратын өлең­дерін оқыды. Ақын Дәурен Айманбет те отты жырымен көпшілікті тәнті етті. Сапарластар Әл-Фараби атындағы мек­­теп­­тің тарихи-өлкетану музейінде Төрт­күлтөбе қазыналарын қызықтады. Балық­тыдан Абай ауылына көлікпен жеткен арнайы топ Ы.Алтынсарин мектебінде ұйымдастырылған «Ауыл – ел бесігі» атты кездесуде де шынайы патриотизм, өлкетануды дамыту туралы нақтылы әңгімелер айтылды.

Ең ескі құлпытастың құпиясы

Ауылдың әуелгі атауы Әлдибастау болған екен. Осыдан үш жыл бұрын ел газеті «Егеменде» жазушы Мархабат Байғұттың «Әулиебастау әулиесі» атты мақаласы жарияланған болатын. Әу баста Әлдибастау, қарашекпенділер қаптағанда Шавровка, кеңестік кезенейлі кезең кезінде Каганович, кейіннен Абай атанған ауылдан 2018 жылғы алтын күзде тарихи тағылымы мол жаңа жә­ді­гер – ерекше ескерткіш табылды. «Түркістан облысының тарихи Түркібасы өңірін­де, яғни қазіргі Түлкібас ауданы аумағында археологиялық зерттеулер өте-мөте аз жүргізілгені белгілі. Ертеректегі тарихшы ғалымдар Машат, Дәубаба, Қараүңгір, Түркібасы, Ақсу-Жабағылы, көне Тамтадж, Бүйрекбастау (Жаңаталап), Балықты, Шарафкент (Төрт­күлтөбе), Ұрбұлақ, Сазтөбе, тағы басқа да тарихи ескерткіштер орындары туралы там-тұмдап жазған. Ал өткен күзде, баяғы біздің класс жетекшіміз Нұрхан Қыдырәлиевтің шарбағы мен Абай колхозы интернаты ортасынан табылған ескерткіш шынында да елді елең еткізген жаңалық болып отыр. Қыдырәлі атаның қара шаңырағы орнына салынған жаңа үйде қазір Нұрхан ағай мен Мақпал апайдың немересі Досжан Қуандықұлы тұрады. Біраз жылдан бері Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры. Абай ауылының әр жерінен, негізінен Көкбұлақ өзенінің бойынан талай-талай сырлы құмыралардың сынықтары ғана емес, бүтін құмыралар, басқа да бұйымдардың қалдықтары табылып жүрген. 2018 жылы күзде Досжан мыр­заның бауынан, біздің интернат аумағы жағынан араб жазуы бар құлпытас шықты. Досжанның анасы Қаныткүлден хабарды ести сала біз пақырыңыз да барып көрдік. Астанадан Халықаралық Түркі академиясының бір топ мамандары, аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков бастаған басшылар келді. Одан кейін де ғұлама ғалым Мекемтас Мыр­захметұлымен бірге барғанбыз. Қуан­ғанбыз. Таңданғанбыз. Алғашқы көргеніміз құлпытас-тұғын. Мамандар мұқият зерттеп, зерделеді. Құлпытас құмдақ тастан жасалған. Бозторғай асуының аузында, Көкбұлақтың басында тап осындай бозтас­тар баршылық. Ал енді ғылыми-зерттеулер жасап, қазба жұмыстарын жүргізген ғалым мамандар Нәпіл Базылхан мен Нұрболат Бөгенбаев мырзалардың «Көкбұлақ-1» ескерткіші археологиялық қазба-зерт­теу жұмыстарының қысқаша есебі­не зейін қоялықшы. Құлпытас, жоға­рыда айтылғандай, боз түсті тастан өрнектелген. Араб әріптерімен «Бұл қабір Мұхаммед Нұран Бабх (+аж?)» деп жазылыпты. Құлпытас осы өңірде өмір сүрген Мұхаммед Нұран баб әулиеге қойылған. Ғалымдардың дәйектеуінше, ортағасырлық дәуірге, шамамен Х-ХІ ғасырларға тиесілі. «Есімі жазылып, тарихи орнынан қозғалмай тұрған ең ескі құлпытастың Қазақстанда алғаш рет табылуы үлкен жаңалық болып отыр» деседі ғалым мамандар», деп жазады автор аталған мақаласында. Қысқасы, мамандар ескерткіш құрылысы мен артефактілерді саралай келе, әулиеге арналған кесене болуы мүмкін деген қорытындыға келді. Абай ауылының асты Х-ХІІІ ғасырлардағы Төрткүл, Шарафкент, Қарабастау, басқа да осы маңайдағы қалалар сияқты мерейлі мекен болған. Қазақ байтағында Әулие­бастау, Әулиекөл, Әулиебұлақ көп. Әлдибастау атауы да осы әулиемен астасып жатқан болар, бәлкім... Абай ауылы, Ы.Алтынсарин атындағы мектепте өткен кездесуде оқушылар аға буын өкілдеріне көкейлерінде жүрген сұрақ­тарды қойып, тұшымды жауап алды.

Иә, арнайы топтың сапары барысын­да әр аялдамада ұйымдастырылған кездесулерден ізденімпаз жастар мол мағлұмат алып, дүниетанымын кеңейтті. Жастарға елімізге танымал ақын, журналист-жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, К.Симонов медалінің иегері Нармахан Бегалыұлы, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, жазушы, спорт тақырыбына арналған айтулы романның авторы Есқара Тоқтасынұлы, Түлкібас ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәтбай Қасымбеков, жазушы, аудармашы Әбдірақым Пратов, ақын Дәркен Танабаев, жазушы Захар­дин Қыстаубайұлы мазмұнды әңгіме айтып, сұрақтарына жауап берді. Тау­піс­телі ауылындағы Шерхан мен Насыр бауындағы кешкі жиын Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арналды. Таупістелі ауылында 1995 жылы Қазақ­станның халық жазушысы Шерхан Мұртаза және Өзбекстанның халық жазушысы Насыр Фазыл бастаған жиырмадан аса ақын-жазушы қонақта болған. Олар ауылдың айнала-төңірегіндегі көркем табиғатты тамашалап, сұхбат құрған. Сол сапарда Шерхан Мұртаза, Насыр Фазыл бастаған қаламгерлер арнайы бау ағаштарын отырғызған болатын. Содан бері бұл бау «Шерхан мен Насыр бауы» деп аталады. Міне, осы бау­да Шерхан Мұртазаны еске алу сағаты, «Жас жүрек жайып саусағын...» атты жыр кеші өтті. Жас ақындар жазушыға қатысты жырларын оқыды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, халықаралық жоба­ның екінші жиыны қазақтың Шерхан Мұртазасының рухына және өзбектің Насыр Фазыл сынды сөз зергерінің 90 жылдығына арналған-ды. Кешегі ерекше кеш Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай елімізде өткізілетін іс-шаралардың алғашқысы болды. Сырласу сағатын Мархабат Байғұт жүр­гізді. Тебіреніске толы естеліктер айт­ты. Әбіш Кекілбаев айтқандай-ақ, «қоғамдық сананы серпілткен», «қа­зақ қауымын сергіткен», «қазақтың қауымдық түлеуін» қамтамасыз еткен, «ұлттың жаппай оянуына», «әлеуметтік мергендігімен» теңдессіз еңбек сіңірген Шерхан Мұртаза еңбектері де айтылды. Ал өзбек жазушысы Әбдірақым Пратов соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әдеби байланыс үзіліп қалғанын, екі ел бірін-бірі оқы­май жатқанын, бұл орайда ау­дар­ма жұмыстарын жандандыру қажет­тігін айтты. Шерхан сағаты алдында осы Пратовтың бастамасымен өзбек тілінде шығарылған Шерхан Мұр­таза­ның «Бір кем дүниесі» мен Мархабат Байғұт­тың «Әкімнің әйелі» кітаптарының тұсаукесері өтті. «Заңғар жазушылығын былай қойғанда, Шерхан Мұртаза есімі тәуелсіздікке дейінгі және кейінгі қазақ баспасөзінің жарты ғасырдан астам дерлік тұтас дәуірін айшықтайтын тұғырлы тұлғасы», деп бағалаған «Егемен Қазақстан» РГ» ЖШС басқарма төрағасы, түрколог ғалым Дархан Қыдырәлі жазушы туралы әсерлі естелігімен бөлісті.

Арнайы сапарға қатысушылар сон­­дай-ақ Абылай ата әулиеге зиярат етті. Сайрам-Өгем ұлттық таби­ғи паркінің Көкбұлақ телімінде Бозтор­ғай асуын, Әсембастауды, табиғат таңға­жайыптарын тамашалады. Биыл 100 жылдығы аталып жатқан мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқарұлына қойылған белгіні көрді. «Ата-бабалар аманаты – елдік пен ерлік, бірлік пен ынтымақ» атты жиында ел тарихы, еліне еңбек еткен ерлердің өнегелі өмірі әңгімеленді. Жоба қатысушылары, сондай-ақ Таупістелі ауылында соғыс құрбандарына арналған ескерткіш маңында өткен Жеңістің 77 жылдығына арналған жиынға қатысты. Сапар барысында музей қорына 500-ге жуық жәдігер жинақталды. Мысалы, Құрлық ауылынан табылған көне құмыра, Састөбе кентінен табылған археологиялық қазба қалдықтары, қыш құмыра, Әлдибас­тау әулиесі маңынан табылған қыш бұйымдар, қазба қалдықтары музей қорын байытары анық.

Қорыта келгенде, «Таупістелі тағы­лы­мы: Бозарықтан – Бозторғайға» са­па­ры Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев ел, ұлт алдына қойып отыр­ған маңызды міндеттерді терең ұғын­дыруға, жас ұрпақты шынайы патриотизм, Отанға, туған жерге, туып-өскен өлкеге деген сүйіспеншілік рухында тәр­биелеуге арналды. Қазақстанды жаңар­ту үшін, Тәуелсіздіктің қадірін, туған жердің киесі мен қасиетін қастер­леп, ата-бабалар аманатына адал болу – перзенттік парыз екенін ерекшелей түсті.

 

Түркістан облысы