Жастар арасында патриоттық сезімді арттыруға бағытталған турнир елімізде болып жатқан саяси әрі Конституцияға енгізілетін өзгерістер тұрғысында ашық пікірлесу форматында ұйымдастырылды. Қарсы тараптың уәждеріне дәлелді ұсыныстарын білдірген келесі тарап дебаттық ойындар аясында ел келешегі жолында атқарылатын игі істердің барысына шолу жасады. Пікірлерін ашық айтып, Жаңа Қазақстанды құруға жастардың да әзір екенін білдірді.
Бұл іс-шараға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Нұржан Айдосов және жастар комитеті жетекшісі Абзал Әріпов, сонымен қатар Абай атындағы ҚазҰУ педагогикалық университетінің «Атамекен» интеллектуалды пікірсайыс клубы, Алматы энергетика және Байланыс университетінің «Энерго» дебат клубы, Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Парасатты Нағыз Лидерлер Одағы» дебат клубы, UIB университетінің UIB DC және Қазақ-британ техникалық университетінің дебат клубтарының мүшелері, қалалық, аймақтық және республикалық пікірсайыс турнирлерінің жеңімпаздары қатысты.
Бейбізейнеп ТЫНЫШТЫҚБАЙ,
Қазақ-британ техникалық университеті дебат клубының үйлестірушісі:
– Конституцияға енгізілетін өзгерістер алдағы уақытта еліміздің заңнама жүйесіндегі оң реформалардың жүзеге асуына жол ашады. Соның арқасында фундаменталды базасы бар заңнамалар жүйесі орнығады деп сенемін. Әрбір азамат әділетті қоғамда, саяси сауатты ортада өскенді қалайды. Бүгінде жастар елдің ертеңіне үлкен сеніммен қарай отырып, білім, ғылым саласындағы ашықтыққа үміт артады. Сапалы білім, дәулетті қоғаммен ғана алға даму бар екенін ұғынған жастар қазіргі кезде пікірсайыс алаңдарында ойын ашық айтып, кемшіліктерді бүкпесіз жеткізе алатын дәрежеде. Бүгінде шетелдерден білім алып келіп, ел ертеңі үшін алаңдайтын жастардың қатары көбейіп келеді. Білім алуға қолайлы жағдай жасалған қоғамда тек іс-әрекеттердің нәтижелі болғаны абзал.
Бекзат ТҰРАРОВ,
Алматы энергетика және байланыс
университетінің «Энерго» дебат клубының экс-координаторы:
– Жастардың бойында патриоттық сезімді тәрбиелеу ол бала кезден бастау алатыны шындық. Ол біздің қоғамның дамуымен бірге дамитын, әрбір азаматтан бөле жармайтын қасиетті сезім. Әр азаматтың бойында туған еліне деген сүйіспеншілігі зор болғанда әрі өз жауапкершілігін дұрыс түсіне білгенде қоршаған ортамыз жақсы бағытқа қарай өзгере алады. Сондықтан да Президент қолға алған реформалар әрбір азаматты бейжай қалдырмау керек. Реформалар әр азаматтың өзінен бастау алып, өз өміріне жауапкершілікпен қарағанда ғана еліміз де алға жылжи бермек. Сондықтан да Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістер келешек ұрпақтың жарқын әрі әділетті өмір сүруіне бағытталып отыр деп сенемін.
Аружан ЕРЖАНОВА,
UIB университетінің «UIB DC» дебат клубының өкілі:
– Бүгінде балаға қазақша тәрбие беру, ол үшін ата-аналарды тәрбиелеу тұрғысында пікірлерді жиі естиміз. Бірқатар сарапшы қазақ тілінде балалар көретін мультфильмдердің аздығын алға тартады. Меніңше, мәселе мамандардың тапшылығында. Өйткені сапасы нашар қазақ тілді өнімді балалар көрмейді. Оларға заманауи тілде, сауатты түсірілген фильмдер қажет. Ал кеңестік тәрбиемен, орыс тілінде өскен көптеген ата-аналар қалайша баласын қазақша тәрбиелей алады. Тіптен, орта мектепті бітіргеннен кейін балаларын шетелде оқытып, сол елде қалдырғысы келетін де ата-аналар бар. Егер ол өз елінің патриоты болса, неге өзге елдің дамуы үшін жұмыс істеуі керек. Осы орайда патриоттық деген ұғым отбасы емес, мемлекеттік дәрежеде қолға алынғаны абзал. Билік өкілдері елдің ертеңіне алаңдап, жан-жағымызда қазақ тілі өз деңгейінде дамитын болса, тілі қазақша шыққан бала үшін дара жолдың ашылатыны анық. Ауылда өсіп, қалаға келгеннен кейін ана тілінде сөйлеуге қысылып жүрген жастардың келешегі қандай болады. Мәселе қаражатқа да, құжатқа да қатысты емес. Патриоттық дегеніміз заңдардың қазақша сөйлеуі мен бала жастан ана тілімен сусындап өсуімен тығыз байланысты.
Айдана МҰХАМЕТ,
Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Парасатты Нағыз Лидерлер Одағы» дебат клубының өкілі:
– Конституцияға енгізілетін өзгерістерді құптай отырып, ел келешегін жарқын өмірге өзгертуге бағытталған қадамдарды қолдаймын. Өйткені әлем дамыған сайын қоғамға да өзгерістер қажет. Әрине, кез келген елдің өз ішінде күрделі мәселелері болатыны хақ. Ал оны уақытында тиімді жолмен шешу қоғамның міндеті. Осы орайда заңдарға да өзгерістің қажет екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Конституцияға өзгеріс енгізу әлемнің көптеген елдерінің тәжірибесінде бар. Алайда әлемнің бірқатар елі әлеуметтік қайшылықтан арылмай отырғаны белгілі. Бұл елдерде өмір сүру сапасы төмен, қылмыс деңгейі өте жоғары. Өйткені қоғам өз мәселесін өзі шеше алмайды. Ал біз өз өмірімізді жаңашылдықтарды енгізу арқылы ғана өзгерте аламыз.
Аяжан РАКИШЕВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
«Алтын Сапа» интеллектуалды пікірсайыс клубының координаторы:
– Жақында өткізілетін референдумға байланысты саяси тақырыптарда жастардың белсенділігін арттыру мақсатында «Алтын Сапа» интеллектуалды пікірсайыс клубы ұйымдастырып отырған дебат ойындары өте маңызды мәселерді қозғады. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен патриотизм тақырыптарында пікірсайысшылар елімізде Отанға деген сүйіспеншілікті арттырудың механизмін ұсынып, жолдарын түсіндіруге тырысты. Жастардың бойында патриоттық сезімді арттыру үшін ата-аналарға арналған курстар, арнайы кітаптарды жарыққа шығару туралы ұсыныстар айтылды. Көптеген жаңа бастама көтерілді. Ең маңыздысы студент жастар қоғамда болып жатқан өзгерістерге бейжай қарамайтынын білдірді.
Абзал ӘРІПОВ,
ҚазҰУ жастар комитетінің жетекшісі:
– Конституцияға өзгерістер енгізу керек пе, әлде қарсылық бар ма? Қоғамдағы патриоттық көңіл күй қандай? Осы тақырыптар аясында пікір білдірген жастар еліміздегі жаңа бастамаларды, жастар өміріне тың серпіліс әкелетін жобаларды қолдайтынын жеткізді. Әсіресе, қазақ тілінің болашағына алаңдаушылық білдіріп, ауыл баласы мен қала жастарының өмірі салыстыра баяндалды. Осы тұрғыдан алғанда, бір өкініштісі, ауыл жастары қалаға келгенде өз ана тілінде сөйлеуге қысылатыны қынжылтады. Жастар патриотизмнің қоршаған ортаға жанашырлықпен тығыз байланысты екендігіне мән беріп, тілдің мәртебесін арттыру туралы ойларын ортаға салды. Ел кәдесіне іске асатын өзгерістерге жастар да дайын екенін білдірді. Әсіресе студент жастар үшін ақпараттық технологиялар ғасырында қоғамда жаңа өзгерістердің орын алғаны тиімді. Өйткені ІТ ғасыры – әлеуеті жоғары жастардың кезеңі. Олардың тың жобаларына қаржылық қолдау көрсету, өндіріске енгізу арқылы жаңа технологиялар нарығында қазақ жастарының өз орнын табуына мүмкіндік беру уақыт күттірмейді. Сондықтан да жастар тілін заманауи технологияларды пайдалану арқылы тауып, жастар көп шоғырланатын платформаларда олардың өмірін өзгертуге, мысалы, баспана бағдарламалары, тегін курстар, шетел бағдарламаларына қатысу туралы ақпараттарды орналастырудың маңызы жоғары. Тіптен, қазіргі кезде корпоративті пошта ашу арқылы жастарды жаңалықтардан жылдам хабарландыруға болады.
СӨЗ СОҢЫ. Турнир барысында туған тілдің тағдырына қатысты өткір ойлар, нақты ұсыныстар да айтылды. Атап айтқанда, дебатшылар қазақ тілін дамыту, қазақ тіліндегі ақпаратты көбейту және әлеуметтік желі және медиаконтентті мемлекеттік тілде жүргізу, әдеби кітаптарды, әлемдік әдебиеттерді ана тілімізге көбірек аудару, жас отбасыларды және болашақ ата-аналарды қазақша кітаптар оқу арқылы тәрбиелеуге үндеуге қатысты пікір білдірді. Жастар Ата Заңға енгізілетін өзгерістер, референдумға байланысты сұрақтарға қатысты жауаптарын әділетті қоғам, жарқын өмір сүрумен байланыстырды. Қызықты әрі тартысты өткен пікірсайыс барысында жеңімпаздарға мақтау қағазы және әл-Фарабидің 7 томдық трактаты табыс етілді.