17 Сәуір, 2014

Хитроу әуежайындағы «Өкпек жолаушы»

1008 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Қазақ драматургы шығармасының Шекспирдің отанында қойылуы ұлт мәдениетінің тамаша табысы

Ілкімді істерге кішігірім кездесулер мен танысулар сеп болатынын талай көріп жүрміз ғой. Ұлыбританиядағы «Ш.Айтматов академиясының» директоры, профессор Рахима Әбдуәлиевамен басталған алғашқы таныстық жазушы, драматург Дулат Исабековтің екінші бір тынысының ашылып, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің кең қанат жая түсуіне себепкер болғандай. Жақында, сәуір айының 6-12-сі аралығында Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласында «Қазақ әдебиетінің апталығы» айдарымен өткен Дулат Исабековтің шығармашылығына қатысты мәдени іс-шара соның дәлелі. DSC_0085 «The little pearl and other stories» Сонымен 6 сәуір күнгі алғашқы мәдени шарамыз 800 жылдан астам тарихы бар Кембридж университетінде жоспарланған Дулат Исабековтің «The little pearl and other stories» («Гауһартас») деген әңгіме-повестері мен пьесасы енгізілген ағылшын тіліндегі жинағының тұсаукесеріне барумен басталды. Кембридж қаласы Лондоннан 70-80 шақырым қашықтықта жатқан, өзінің атақты Кембридж университетімен әлемге таныс Англияның тарихи ескі қалаларының бірі. Өзіміз атбасын тіреген Кембридж университеті 1209 жылы негізі қаланып, 87 адам Нобель сыйлығын иемденген, дүние жүзіне аты мәшһүр оқу орны. Қаланың ортасына орналасқан университетті аралағанымызда тарихи ғимараттың сол күйінде сақталып қалған, сонау орта ғасыр заманына сапар шектіретін ғажайып көрінісі бізді таңдандырды. «The little pearl and other stories» деген атпен жарыққа шыққан Дулат Исабековтің шығармалар жинағын орыс тілінен тәржімалаушы британдық аудармашы Катарин Жуделсон. Бұл жерде айта кетер бір мәселе, шетел авторы кітабының тағдыры көп жағдайда аудармашының тегіне байланыстылығы. Аудармашы ағылшын текті британдық болса, онда аударма еңбекке ерекше көңіл бөлініп, ұлттық кітапхана қорында тіркеліп, мәңгілік сақталмақ. Ал барлық аудармашылардың еңбектеріне мұндай құрмет көрсетіле бермейді екен. Ұлыбритания елінің кітап баспасындағы осындай ерекшеліктеріне сәйкес аударылған Д.Исабековтің шығармалар жинағы қазақ жазушыларының ішінде алғашқысы боп саналмақ. М.Әуе­зовтің «Абай жолы» романы мен Қ.Мұ­ха­меджановтың Ш.Айтматовпен бірге жазған «Көктөбедегі кездесу» атты пьесасының ағылшын тіліндегі нұсқалары ағылшындардың кітап қорының кеңес өкіметі тұсында «Прогресс» баспасынан шыққан еңбектері қатарында бөлек сақтаулы тұр екен. «Айтматов академиясының» пре­зиденті Рахима Әбдуәлиеваның ресми сөзінен кейін сөз алған жазушы Дулат Исабеков ағылшын тілді аудиторияға жол тартқан кітабын шығарушы баспагерлер мен ұйымдастырушыларға өз алғысын білдіріп, арнайы жазып келген баяндамасымен қысқаша таныстырып шықты. Баяндама оқу кезіндегі жазушы толғанысы бәрімізді толқытып кетті. Жазушының «Мәдени интеграция – халықтар достығының кепілі» атты баяндамасында айтылғанындай, «Қазақ әдебиетіне өткен ғасырдың 60-70-жылдары келген менің замандастарым бүгінгі таңда көркем ойдың ең бір қуатты күшіне айналып отыр. Олар Шығыс және Батыс мәдениетін бойына сіңіріп өскен талантты ұрпақ. Егер талғампаз ағылшын оқушылары осы ұрпақтың шығармаларына көбірек көңіл бөліп, онымен етене танысуды жөн деп санаса, олардың табары көп боларына сенім мол. ...Біз экономикалық интеграциямен бірге мәдени интеграцияға да көбірек көңіл бөлуге тиіспіз. Мәдени интеграция дегеніміз – ең алдымен бейбітшілік, гуманизм, халықтар арасындағы ынтымақ, келісім және тұрақтылық». Қазақ пен ағылшын әдебиеті арасын­дағы достық, шығармашылық байланыс енді басталғандай. Осы баяндамадан кейін сөз алған ағылшын әдебиеттанушысы, аудармашы Николас Салдарс өз баян­дамасында Орталық Азия әдебиеті жайында айта келіп, шығармалары енді ғана аударылып жатқан Д.Исабековтің «Гауһартас» атты повесін қырғыз жазушысы Ш.Айтматовтың «Жәмилә» атты повесімен және фильмімен салыстырып айтып өтті. Кітап тұсау-кесе­ріне университет оқытушылары мен ағыл­шын оқырмандары және Кембридж университетінде оқып жүрген бір топ қазақстандық ізденуші жастар мен Қазақстан елшілігінен де арнайы өкілдер келіп, жазушы ағаларына алғыстарын айтып, суретке түсіріп жатты. Мәртебе асқақтатқан осындай рухани іс-шараның Кембридж университетінде өтуі үлкен бастаманың басы деп ұқтық. Қуандық. Осы университетте Оңтүстік Корей елінен келіп, PhD докторантура­сын­да оқып жүрген докторант қызбен жо­лықтық. Қазақ тілінде жақсы сөйлейтін корей қызының аты да қазақша Інжу Ку (Eunju Koo) екен. Докторлық диссер­тациясының тақырыбы «Language, Labour and Urban in Kazakhstan» деп аталады. Қазақстанның тіл саясаты мәселесі жөнінде жазып жүрген корей қызын сөзге тартқанымызда: «Мен Сеулдегі университеттің Орта Азия факультетінде оқып жүрген кезімде екі жылға Алматыдағы Абылай хан атындағы Шет тілдер университетіне қазақ тілін үйренуге келдім. Сол кезде Қазақстандағы адамдардың көпшілігі менен «Неге орысша білмейсің? Неге қазақша сөйлейсің?» деп сұрайтын. Мен сонда күліп: «Мен Ресейде жүр­ген жоқпын ғой» деп айтатынмын. Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 22 жылдай уақыт болды. Сондықтан да қазақстандық әрбір азамат қазақша сөйлеуі керек деп ойладым. Қазақстанда жүрген кезімде қазақ тілінің мәселесі мен жастардың ой-санасындағы өзгерістерді зерттеу қызықтыра түсті. Қазіргі уақытта Кембридж университетінің докторантура бөлімінде қазақ тілі және тілдің саясаты қазақтардың өмірінде және еңбек жолында қалай әсер ететіндігі жайында зерттеп жатырмын. Қазақ жазушысы Дулат Исабековпен кездесіп, оның қазақ тіліндегі шығармаларының ағылшын тіліне аударылып жатқанына қатты қуаныштымын. Осы Ұлыбританиядағы достарымның, таныстарымның ішінде де Қазақстанды ұнататын адамдар бар. Соларға енді осы кітап арқылы жа­қы­нырақ таныстыратын болдым», дейді ол. Осы сапарымызда Лондонға 1996 жылы оқумен келіп, қызмет бабымен қалып қойған, Ұлыбританияның заң жөніндегі PhD докторы Мұхамед-Әли Құрманбаевпен танысып, қуанып қалдық. Өзі Дулат Исабековтің жерлесі болып шықты. Ағылшын жұртында бизнес саласында жақсы қызмет атқарып жүрген ел азаматы жазушы ағасының келетінін естіп, арнайы отбасымен келіп, құттықтап жатты. Қазақстаннан келген бізді елге қайтқанымызша қолынан келген бар көмегін аямай қонақ етті. Елі мен жерін сағынып жүрген Мұхамед-Әли бауырымыз сөз арасында өзінің жүрекжарды қуанышын, тілегін білдірген еді. «Мен Англияға 1996 жылы қазақ елінен алғаш оқуға келген студенттерінің бірімін. Сол алғаш келген жылдары шетелдіктер «Қазақстан қайда орналасқан ел?» деп сұрайтын. Бәріне Қазақстан жер көлемі жағынан дүние жүзіндегі тоғызыншы ел деп айтатынмын. Кезінде біз бес қана бала оқуға келсек, қазір біз оқыған оқу орнында «Болашақ» бағдарламасының арқасында сексенге жуық бала оқиды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары­мен салыстырғанда, Елбасының арқа­сында көптеген істер атқарылып, бар­лық жерде де Қазақстанның аты шығып жатыр. Мысалға, қазір біреуге «Қазақ­станнанмын» деп айтсам, ешкім де «Ол қай жақта?» деп сұрамайды». «Алматы – Амстердам – Лондон» аралығындағы «Өкпек жолаушы» Сапарымыздың екінші күні, яғни 7 сәуірде Лондонның Кентиш Таун атты шағын ауданында орналасқан «Giant Olive Theatre» театрында «Orzu Arts» ұсынуымен көптен күткен премьераға да келіп жеттік. Бәріміз де «Өкпек жолаушының» («Ескі үйдегі екі кездесу») соңынан автордың өзі айтқанындай, «Әу баста мен анықтап берген басты кейіпкерім Айтөренің маршруты Ялта (Қырым) – Алматы – Якутск болса, ол бертін келе өз бетімен бағытын өзгертіп, бұрынғы Кеңес Одағының көптеген театрларын шарлап өтіп, ең соңында Санкт-Петербургтегі «Эксперимент театрынан» соң бірден «Хитроу» аэропортына келіп қонып отыр. Ол өзі ғана кеп қонбай, соңынан менің отбасымның мүшелерін, Эдинбургте оқып жатқан немерем мен басқа да немерелерімді және достарымды өзімен бірге ала келді. Осы пьесамның арқасында бәріміз «Алматы – Амстердам – Лондон» аралығындағы «Өкпек жолаушыға» айналдық». Ұлыбританиядағы Kazakh Arts Academy-сы мен Orzu Arts-тың бірігіп ұсынған Giant Olive Theatre театрындағы қазақ драматургының алғашқы премьерасы өте сәтті өтті. Көрермен залының басым бөлігін алғашқы күні қазақ көрермендері толықтырса, қалған бір апталығында жергілікті ағылшындардан құралған аудитория алмастырды. Ең алдымен спектакльдің бағдарла­масына көз жүгірткенімізде қойылымды қоюшы ұжымның әртүрлі ұлт өкіл­де­рінен құралғандығы көңіл аудартты. Әсіресе, өзбек пен қырғыз ағайын­дардың Лондонда жүріп бас құрап, қазақ авторының пьесасын қоюға жұмылдырылуы таңдандыра түсті. Спектакльдің қоюшы режиссері Юлдош Жорабаев, композиторы Азиза Садықова мен аруақ рөліндегі актер Абдурашид Шадиев – өзбек ағайындар болса, Зей­нептің кішкене қызының аруағы боп ойнайтын Назгүл Жүсүмова қырғыз ағайыннан, бұлардан басқа продюсері Жозеф Сандерс, жарық қоюшы Патрик Гудден мен дыбысын қоюшы Эмма Спириндер және Айтөре рөліндегі Марк Стантон, Зейнеп рөліндегі Катзи Тревелиян – ағылшындар. Тек киім жөніндегі дизайнер мен сахна безендірушісі ғана Әлия Боранбаева деген қазақ қызы болды. Міне, осындай әртүрлі ұлттардан құралған шығар­машылық ұжымның бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруының нәти­жесінде шыққан қазақы бояудағы спек­такльді көріп, тамашаладық. Ел­ден аттанарда «Ағылшындардың сахна­лауындағы қазақ пьесасы қалай шығар екен? Шекспирдің рухында тәрбиеленіп өскен ағылшындар Азия жеріндегі қазақ деген ұлттың болмыс-бітімін, салт-дәстүрін, мәдениетін, юмо­­рын қалай қабылдар екен?» деген сияқты сұрақтардың төңірегінде алаң­дап шыққан көңіліміз спектакльдің алғаш­қы бөлімінде-ақ жай тапқандай болды. Сахна безендірілуіндегі домбыра мен қазақша оюланған жапқышқа дейін, жалпы үйдің ішкі атмосферасын көр­генде Қазақстанның бір театры гас­трольдік сапармен келгендей сезінеді екенсің. Спектакльдегі алғашқы көрініс үйдің ішін түтіндетіп, адыраспанмен аластап жүрген ақ жаулықты ананың бейнесімен басталған сәтінен-ақ қойылымның жалпы архитектоникасының қазақы дәстүрден алыстамай, ұлтқа тән болмыс­пен қойылғаны көрінді. Қазақ ұғымындағы киелі деп біле­тін аруақ бейнесі қойылымның басынан аяғына дейін көрерменнің де, кейіпкерлердің де қаперінен бір сәтке алыстамай, керісінше адам жаны өгей­сіп, оқшауланған сайын оның күш беретін жұбанышына айнала түседі. Қойылымдағы Айтөре мен Зейнептің жан дүниелеріндегі әр сәт сайын алмасып жатқан көңіл-күй ауандарының бақылаушысы – аруақ кейпіндегі олардың о дүниелік балалары мен әже бейнесін көрсетуі режиссер тарапынан пьесаның ішкі тынысын сезінгенін көрсеткендей. Спектакльдің артқы фонындағы қазақ күйінің үні мен «Бір бала» әнінің жәймен ғана сыздықтай орындалуы шетел сахнасында, әсіресе, әсерлі шығады екен. Ай­төре мен Зейнептің ойындарының үзі­­­лісті сәттерінде де домбыраның қо­ңыр үні­мен қойылымның ішкі демін бе­руі жүй­ке тамырларыңды шымырлата түседі. Басты кейіпкерлер Айтөре мен Зейнептің екеуара диалогы арқылы өрбі­генімен адам жанының ішкі иірімдерінде жатқан сырлары ақтарыла түскен сайын спектакльдің бояуы қоюланып, кейбір сәтінде әдемі юмормен өріліп жатты. Зейнет жасына жеткен, балаларының әрбір қадамына көңілі алаңдаулы, тағдырдан да алған сыбағасы аз емес Зейнептің бейнесі ағылшын актрисасы Катзи Тревелиянның ойнауында өзінше бір қазақ әйелінің бейнесі болып шықты. Актриса Зейнеп бейнесіне дайындық кезіндегі қиындықтары туралы ойымен былай бөліскен еді: «Қазақ әйелінің образын шығару кезінде қиындықтар болды. Әсіресе, ер адаммен сөйлескенде бетіне тіке қарап сөйлеуге болмайтын қазақтың ибалы әйелінің бейнесін шығару үшін режиссер тарапынан репетиция кезінде көп ескертулер алып, қиналған кезім де болды. Ағылшындарда керісінше, сөйлесіп тұрған адамыңның бетіне тура қарамасаң өтірік айтып тұрғаның боп есептеледі. Сондықтан қазақтар туралы бейнематериалдармен танысып, көп іздендім. Бір қызығы, ағылшындар қалай көп шәй ішкенді ұнатса, қазақтар көп ет жегенді солай ұнататынын білдім». Актрисаның мұсылман әйеліне тән еркектің бетіне тіке қарамайтын, үйде ері жоқта бөтен еркекті кіргізуге арланатын ақ жаулықты әйел бейнесін керемет шеберлікпен ойнауы шынында да таңғалдырды. Зейнеп бейнесі пьесада бейнеленгеніндей спектакльдің әрбір көрінісінде, Айтөремен арадағы әңгіме кезінде әрқалай құбылып, бірде мұңды, бірде көңілді қалыпқа ауысып көрерменді жетелеп отырды. Ал Айтөре бейнесіндегі ағылшын актері Марк Стантонның ойыны көңілді мұңның, жайдары мінездің адамы ретінде көрінді. Стантонның Айтөресі Зейнептің үйіне, яғни өзінің бұрынғы үйіне келген сәттен бастап, қараңғы үйге сәуле шашып тұрғандай жайнатып жіберсе, кей сәттерде ағылшындарға тән батылдықпен үйдің қожайыны секілді тым еркінсіп кететіндей. Бәлкім, актердің кейіпкер мінезін ашудағы әрекетті шешімі шынында солай алынған болар. Өмірдегі қайғы мен мұңды сол әдемі жымиыспен жеңетін Айтөренің бейнесін көрдік. Ал Зейнептің бойындағы кей тұстарда күйгелектеніп кететіні, енді бірдегі аңғал да ақкөңіл мінезі өзін ақтап жатты. Спектакльдің екі-ақ көрінісінде көрінетін Ертайдың бейнесі режиссер Юлдош Жорабаевтың орындауында есте қаларлықтай бейнеде ашыла білді. Шешесінің бөтен еркекпен (Айтө­ремен) үйінде шәй ішіп, би билеп отырған жеріне кіріп келгендегі масаң күйдегі Ертай-Жорабаев әдемі романтикалық кештің шырқын бұзып кетеді. Көңілді отырыстың көрген түстей ғайып болуы мұңдас екі жанның бір сарынды, сұрқай өмірлерінің бояуын қайта қалпына келтіріп, ескі үйдегі екі кездесу шынында да «өкпек жолаушының» жүріп өткен жолындай әсер қалдырады. Ұшағына мініп Айтөре кетті жөніне. Ал Зейнеп болса қас қағымдай өте шыққан сәттік кездесуімен қоштаса алмай қала берді. Соңғы сахнадағы Ертайдың анасының жан дүниесін кеш түсініп, кешірім сұрап келген сәті бірі көкте, бірі жердегі Айтөре мен Зейнеп­тің өмір жолдарының енді қайтып тоғыспайтынын ұқтырып жатқандай. Пьесаның осы бір соңғы шешімі адам өмірінің осындай бір қимас сәттерден тұратындығын, жақсымен өткізген бір күніңнің қалған өміріңе ынтықтырып қоятын сиқыры бар екенін тереңнен сезіндіре түсетіндей. Спектакльдің өн бойынан менмұндалап емес, керісінше тереңіне тарта түсетін ұйықтай көрініп тұрған ой иірімдерін көресің. Спектакльдің ағылшын тілінде қойылғанына қарамастан, автордың ойын актерлердің ойынынан да ұғуға, көруге болатындай. Өзіміз пьесаның сюжетіне қанық көрермен болғандықтан бар ықыласымыз ағылшын актерлерінің ойынын бағуға ауды. Спектакльдің ұнаған-ұнамағанын Дулат ағамыздың көңіл көзінен ұғып үйренгендіктен бе, спектакль біте салысымен ең алдымен ағамызға қарағанымыз рас. Авторымыздың сахнаға көзіне жас алып, көңілді күйде шыққанынан-ақ қол шапалақтай жөнелдік. Дулат ағамыз сөз арасында өзіміздің түріктер мен орыстардың да дәл бұлай қазақ әйелінің бейнесін шығара алмағанын, ал ағылшын актрисасының мұншалықты ізденіп, кейіпкерінің бейнесін бойына сіңіре білгеніне риза екенін білдіріп жатты. Бәрімізді «Өкпек жолаушыға» айналдырып алып келген спектакльдің қоюшы режиссері мен продюсерінің жоспарлары да үлкен. Ұлыбританияның өзге қалаларында көрсету, халықаралық театр фестивальдеріне қатыстыру және алдағы күз айларында Қазақстан халқына көрсету ойлары да бар екенін білдік. Қазақ даласынан ағылшын еліне ұшып шыққан алғашқы қарлығашымыздың қанаты талмасын деп тілек тіледік. Қырғыз бен өзбектерден үйренеріміз көп Бұл сапарда драматургты тағы бір кездесу күтіп тұр еді. Лондон қаласының лордының қабылдауына алдын-ала жазылып қойғандықтан, кездесу уақыты да белгілі болатын. Ғимаратына артық адамды кіргізбейтіндіктен аудармашымен бірге кірген Дулат Исабеков лордпен Қазақстанның бүгінгі саясаты мен әдебиеті, мәдениеті және Лондонға кел­ген­дегі мақсаты жөнінде сөйлесіп, кездесу соңында ағылшын тіліндегі жаңа кіта­бын қолтаңбасымен бірге сыйға тартып кетті. Ағылшын елінің аса бір құрметтейтін, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыратын қымбат сыйы деп ақын-жазушылардың қолтаңбасымен өз қолынан берген кітап­­­тары бағаланады екен. Сондықтан да лорд Дулат Исабековтің бұл бағалы сы­йы­на үлкен алғысын білдіріп, тарихи ғи­­­­­мараттан дәм татқызып шығарып салды. Жоспар бойынша бұдан кейінгі күні ВВС-дің бас корпусы мен ПЕН-клубқа соғып, сондағы мамандармен жолығып, елдің әдебиеті мен мәдениетіне қатысты мән-жайды біліп, барымыз бен жоғымызды түгендеу болатын. ВВС-дің де ғимаратына тек тіркеумен ғана кіреді екен. Дулат Исабековтің өз аузынан естігеніміздей, ВВС-дің Ор­талық Азияға қатысты аймақтық бөлігін өзбек азаматы басқарады. Тағы бір таңғаларлығы, Қазақстан жағының хабар тарататын бөлімін Ресей бөліміне қосып жіберіпті. Өйткені, Қазақстаннан келген қонақтардың көпшілігі орыс тілінде сұхбат беретіндіктен, бұл елге қазақ тіліндегі хабардың таратылуы керек жоқ дегендей біріктіріп жіберген көрінеді. Өзімізге де сол керек дедік. Ал қалған Орталық Азия елдерінің бәрінің де хабарлары өз тілдерінде таратылып жатыр. Қазақ бөлімі жоқ болғандықтан, амал жоқ, Дулат ағамыз қырғыз бөлімінде жарты сағаттық сұхбат беріп шығыпты. Осы жайдың бәрін көргенде іштей намыстанып, елге өз өзімізді қайрап оралғандай болдық. Ең арысы Лондонда ашылған қазақ ресторанының өзі жұмысын әрі қарай алып кете алмағандықтан өзбектердің қолына өтіп кетіпті. Оны біз Мұхамед-Әли деген жоғарыда айтқан азаматымыз дәл сол «Самарқанд» рес­торанына апарған кезінде естідік. Ағылшындардың гамбургерлері мен құрғақ тамағынан шаршап кеткендіктен, елдің тамағын сағынған кезімізде осы жерге тамақтандыруға апарған еді. ВВС-ден кейінгі межеміз ПЕН-клубтың бас ғимараты болды. Бұл жаққа да түсірілім тобымызбен бірге жеттік. Ағылшындардың өздерінің үйреніп қалған қуықтай-қуықтай бөлмелерінен тұратын ғимаратына бардық. Бұл мекемеде де Дулат Исабековті ПЕН-клубтың директорының орынбасары күліп қарсы алды. Мұндағы әңгіме ПЕН-клубтың Қазақстандағы жұмысы мен қазіргі қазақ әдебиетінің айналасында өрбіді. Одаққа қатысты және ПЕН-клубтың шетелдердегі филиалдарымен байланысына қатысты қандай жұмыстар істелініп жатқандығы, алдағы жоспарлары туралы ұзақ әңгімелесті. ПЕН-клубтың бірнеше қызметкерлерімен болған сұхбат-әңгіме арнайы бір мақала етіп жазатын мәселе болғандықтан, бұл жағына аса тоқталмай-ақ қойсақ та болады. Сөз арасында айта кетейік, «Хитроу» аэропортына аяғымыз тиген сәттен бастап қайтқанымызша Ұлыбритания Біріккен Корольдігі мен Исландия еліндегі Қазақстан елшілігінің қызметкерлері Дулат аға мен оның жұбайы Нұрғайша апайды жеке машинамен алып жүрді. Түсіруші топты да бөлек көлікпен қамтамасыз етіпті. Ал театрдағы премье­раға елшіміз Қайрат Әбусейітовтің өзі келіп қатысып, ертесіне Алматыдан бар­ған барлық қонақтарды (жиырма шақты) елшілік ғимаратына шақырып, қазақы дастарқаннан дәм татқызды. Елшілікке кіреберісте желбіреп тұр­ған өз еліміздің туы көзімізге оттай басы­лып, кеудемізде мақтаныш сезімін оятты. Сапарымыздың соңғы күнінде Уильям Шекспирдің атақты «Глобус» театрына соғып, ортағасырлық тарихи ғимараттың музейін аралап, театрдың сахнасы мен көрермен залын, спектакльде қолданған заттарын (реквизит), музыкалық аспаптары мен костюмдеріне дейін көріп, тамашалауымызға мүмкіндік туды. Шекспир театрында қазақтың драматургы Дулат Исабековтің де алда­ғы уақытта пьесалары қойыларына іш­тей сенім білдіріп, бұл ғимаратпен де қош­тас­тық. Лондонның корольдерінің Букин­гем сарайынан бастап аралап көре­тін қаншама тарихи ғимараттар артта қал­ды десеңші. Осы көргенімізге де қана­ғат тұтып, келесіге де көретін жер қалсын деген үмітпен елге аттандық. Бірақ, олжалы аттандық. Қуатты ел болуды ағыл­­шындардың тарихқа деген құрметінен, мәдениетінен үйренуіміз керек екен деп аттандық. Құр ұран мен айғай­дың уақыты өткеніне көзіміз жете түсті. Ақмоншақ АХМЕТ, журналист. АЛМАТЫ – ЛОНДОН – АЛМАТЫ.