Философиялық ойларға құрылған бұл картинаны испанның сюрреалист суретшісі Сальвадор Дали жазған. Бала кезінен көптің назарында жүрген ол сексен бес жыл ішінде 1 500-ге жуық сурет салыпты. Сюрреалды картиналар, иллюстрациялар, мүсіндер...
Сальвадор Дали көзі тірісінде өте танымал болды: бірнеше өмірбаяндық кітап пен сценарийлер жазды. Әйгілі Chupa-Chups логотипін жасады. Уолт Диснеймен бірге Destino мультфильмінде жұмыс істеді, Луис Бунуэль мен Альфред Хичкоктың фильмдерін түсіруге қатысты. Ол аз десеңіз, Дали үйінде Лигат портына 44 қола мүсін жасады. Суретші негізінен өзінің армандарымен, ұстанымдарымен һәм Фрейд теорияларымен шабыттанған.
«Жад тұрақтылығы» (La persistencia de la memoria) шағын картинасы Сальвадор Далидің ең танымал жұмысы болса керек. Суретші туындыны әйелі Гала достарымен киноға кеткен бірнеше сағаттың ішінде салған. Ал өзі басы ауырып тұрғанын айтып үйде қалады. Бұл 1931 жыл болатын. Суретші ең алдымен Креус мүйісін салады, кейін суретке қарап тұрып, кенепте қандай да бір идея, мағына жоқ екенін түсінеді. Ұйықтап қалған соң оған кептірілген зәйтүн бұтағынан ағып жатқан жұмсақ сағаттың бейнесі елестейді. Далидің өзі бір күн бұрын тамақтанған жұмсақ камамбер ірімшігі оны «ағып бара жатқан сағаттардың» бейнесіне әкелгенін айтады. Міне, қызық. Бір картинаның салынуына ерітілген ірімшік те себеп болады екен... Жалпы, шексіздік деген ұғым шығармашыл жандардың ой-қиялына ғана тән секілді.
Кейде картинаға атау қойып керек емес пе дейсің. Көркем сурет – сөзсіз «сөйлейтін» өнер. Тіпті, сонау ХVII ғасырда суретшілер туындыларына тақырып қоймағаны белгілі. Көбінесе авторлар өмірден өткен соң мүліктерін түгендеу кезінде орындаушылар мен қызметшілер ойлап табатын болған. Мәселен, Вермеердің әйгілі інжу сырғалы қыз образы «Орамал таққан қыз», «Қыздың жүзі» сынды түрлі нұсқада аталды.
Далидің «Жад тұрақтылығы» картинасының атауы да сурет мазмұнынан әлдеқайда алыс. Бұған дейін ол «Жұмсақ сағат», «Аққан уақыт», «Жад қаттылығы» немесе «Жад тұрақтылығы», «Уақыттың өтуі», яки «Уақыт» деп те аталған. Сюрреализм бағытында салынған туындыдағы негізгі деталь – жұмсақ сағаттар. Автор бұл арқылы өткенге оралу да, болашаққа әсер ету де оңай екенін көрсетеді. Уақыт та кейде бағалы, кейде бар-жоғы белгісіз ағын судай. Картинадағы құмырсқалар үймелеген сағат та, өмір философиясына салсақ, уақыттың өткінші екендігін, бәрі-бәрінің бір күні бітетіндігін аңғартады.
Аспалы және ағынды сағаттың жұмсақтығы – уақытты сызықтық түсінуден ауытқуды білдіретін бейне. Далидің өзі мұнда «Жерлеу ойынында» және басқа да картиналарда пайда болған, ұйықтап жатқан бас түрінде қатысады. Автор жұмсақ сағаттар салыстырмалылық теориясынан емес, камамбердің күнде еруін сюрреалистік қабылдаудан шабыттанғанын айтады. Сондай-ақ «Порт Лигат пейзажы дайын болған соң суретті бояуға екі сағат қажет болды», деп жазады.
Дегенмен, суретші мұнда уақыт ұғымын толықтай жоққа шығармайды. Оған жағада жатқан жұмыртқа, теңіз бен аспанды жалғаған айна бейнелері дәлел. Далидің көзқарасында уақыт қайшылықты һәм салыстырмалы, бірақ сонда да ол өмір картинасын жасай алады.
Автор осы туындысын салған аз уақытта үлкен тебіреністе болады. Кейін Дали оны кинодан келген әйеліне қалай көрсеткенін баяндайды: «Мен оның суретке қалай қарағанын және оның жүзіндегі таңғалысын жіті бақылап тұрдым. Өйткені картинаның әсер ететініне сенімді едім. Неге десеңіз, Гала ешқашан қателеспейтін». Айтқандай-ақ, Гала жаңа картинаны бір көрген жан ешқашан ұмытпайды деп бағалайды.
Суретші бұл картинаға екі-ақ түсініктеме береді: камамбер туралы ой оны сағаттың жұмсақтығына жетелеген. Ал жазу үстінде ежелгі грек философы Гераклиттің «Бәрі ағады, бәрі өзгереді», деген тұжырымы туралы ойлапты.
Сурет салынып біткен соң оны іле-шала америкалық Джулиан Леви авторға «Жад тұрақтылығы» ешқандай коммерциялық табыс әкелмейтінін, тек үйінде ілініп тұратынын айтып, сатып алған. Сальвадор Далидің шығармашылығындағы әйгілі туынды 1934 жылдан бері Нью-Йорктегі Заманауи Өнер музейінде сақталып тұр. Әгәрәки, Нью-Йоркке жолыңыз түсіп жатса, Манхэттендегі музейге Дали картинасын іздеп барарсыз.