Бизнес • 24 Мамыр, 2022

Іскер әйелдер маңызды істерден тыс қалмайды

577 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде шағын және орта бизнестің 40 пайызы іскер әйелдерге тиесілі. Ал көпбалалы аналар саны бойынша елімізде көш бастап тұрған Түркістан облысында шамамен 145 мыңнан астам кәсіпкер болса, 45 мыңға жуық шағын және орта бизнеске әйелдер басшылық жасайды. Әсіресе қыз-келіншектердің басым бөлігі білім беру және денсаулық саласында жұмыс атқарады.

Іскер әйелдер маңызды істерден тыс қалмайды

Үй шаруасында, жұмыста, мемлекеттік қызметтерде де өз­дерін табыскер, еңбекқор ре­тінде көр­сетіп келе жатқан іс­кер әйелдер 5 маусымда өтетін рефе­рендумға белсене атсалысып, азаматтық позиция­сын біл­­дір­мек. Ширек ғасыр­дан астам уақыттан кейін өткелі отыр­ған саяси науқаннан тыс қалу келешекке қиянат жаса­ғанмен тең санайтынын біл­дірген іскер әйелдер Ата Заң­дағы елеулі өзгеріске де өз үлесін қоспақшы. Бұл жөнінде Түркістан қаласында Конс­титу­цияға енгізілетін өзгерістерді тү­сін­діру және референдумды қол­дау мақсатында өткен облыс әкім­­дігінің қолдауымен, Қазақ­стан­ның іскер әйелдер қауымдас­ты­ғы ұйымдастырған «Еңбегі жан­ған арулар» іскер әйелдер форумында айтылды.

Мемлекеттік мекемелер, Шым­кент қаласы және Түркі­стан облы­сы бизнес-қауым­дастығының өкіл­дері, облыстық және қалалық мәс­лихат депутаттары қатысқан форум ұлттық киімдер мен іскер әйел­дердің фотокөрмесінен бас­талды. Жиында Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығының прези­­денті, Президент жанын­дағы Әйелдер істері және от­басылық-демографиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Раушан Сәрсембаева форумның мақсаты жөнінде айтып өтті. «Қауымдастық 27 жыл ішінде әйелдерді жұмысқа орналастыруға және олардың білімін, әлеуметтік мәртебесін арт­ты­руға, сондай-ақ саламатты өмір салтын насихаттауға және оларды кәсіпкерлік пен саяси қызметте ілгерілетуге бағытталған 100-ден астам жобаны іске асырды. Елімізде іскер қыз-келіншектер өз кәсібімен экономикамызға үлкен үлес қосып келеді. Форумның мақ­саты да сол, жұмыс істейтін әйелдердің мәр­тебесін көтеру, оларды жұ­мыспен қамту және кәсіпкерлік саласын дамыту сая­сатын іске асыру секілді мін­деттерді көздейді», деді Р.Сәрсембаева. Ал Түркі­стан об­лыстық іскер әйел­дер қауым­дас­тығының төрағасы Инара Намазбаева форум арқы­лы іскер ханымдардың жетіс­тіктерін кейінгі жастарға үлгі ету, жас кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беру маңызды екенін атап өтті. «Қыз-келін­шек­тер өте белсенді. Олар да ойларын айтып, мемлекеттік ма­ңы­зы бар істерге үлес қоса ала­ды. Референдум әрбір іскер әйел үшін аса маңызды. Нәзік жандардың әл-ауқатының артуы тек отбасы үшін емес, тұтас қоғам үшін пайдалы», дейді форум делегаттары.

Форум аясында «Кәсіп­кер әйел­дердің Қазақстанның тұрақ­ты дамуын қалыптас­тыру­дағы рөлі» мен «Қоғамды транс­фор­мация­лаудағы аза­маттық сектордың рөлі және референдумға байланысты», «Түркістан облысы және Шым­кент қаласы дамуындағы іскер әйел­дер қауымдастығының рөлі» тақы­рыптарында сессия отырыс­тары өтті. Іс-шара соңында іскер әйел­дер Enbegi jangan arylar медалімен және алғысхатпен марапатталды.

Айта кетелік, форум қар­саңын­да Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қазақ­­стан Іскер әйел­дер қауымдас­­ты­ғының төраға­сы Р.Сәрсембаева­мен кез­десіп, шаһардағы әйел­­дердің көш­басшылығын дамы­ту мәселесін талқылады. Үшін­ші мегаполисте бұған дейін кәсіп­кер әйелдердің басын бірікті­ретін «Іскер әйелдер қауым­дасты­­ғының» филиалы жұ­мыс істеп келген. Ал жаңадан жұ­мысын бастаған альянс әйелдер мен бала­лардың құқықтары мен ден­сау­лығы және әлеуметтік бағыт­та­ғы білімін жетілдіруді көздей­ді. Әйелдердің жағдайын жақсар­­туға арналған ұйым 2022-2023 жыл­дарға арналған жол картасын бекітіп, 10 бағыт бойынша жұмыс жүргізбек.

 

ТҮРКІСТАН

Соңғы жаңалықтар