Іс-шара Нұр-Сұлтан қаласының №2 көпбейінді балалар ауруханасында өтті. Сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпіріндегі мамандар үшін шеберлік сабағының онлайн көрсетілімі ұйымдастырылды.
«Операциядан кейін біз қазақстандық әріптестермен бірлесіп, хирургиялық араласудың әрбір кезеңін егжей-тегжей талқыладық. Мұндай ынтымақтастық олардың кәсіби өсуіне өте қолайлы. Бәріміз бір-бірімізден бірнәрсе үйренеміз. Операциялардың сәтті өткеніне қуаныштымын», деді түркиялық хирург Б.Тандер.
Барлық балаға аз инвазивті әдістерді қолдану, яғни минималды тіліктер мен тігістер жасау арқылы операция жасалды. Кейбір операция тәсілдері еліміздегі балалар хирургтерінің тәжірибесінде алғаш рет қолданылды. Шеберлік сабағы аясында барлығы 5 операция жасалды, оның ішінде асқазан-ішек жолдарының туабітті ақаулары бар балалар да бар.
Бұған қоса қатысушылар асқазан-ішек жолдарының туабітті ақаулары (Гиршпрунг ауруы), аноректальды даму ақаулары, гепатобилиарлық хирургия, өкпенің туабітті ақаулары бойынша оқыту дәрістеріне қатысты.
«Дүние бір орында тұрмайды және дәрігерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыру – өзге салалар секілді біліктілікті растаудың және жетілдірудің міндетті құралы. Мемлекет пен жергілікті атқарушы органдардың қолдауы арқылы бүгінде біз шетелдерге оқуға барып қана қоймай, Қазақстанға шетелдік әріптестерімізді де шақыруға мүмкіндігіміз бар. Шеберлік сабағының үш күні ішінде мамандарымыз жаңа білім мен практикалық дағдыларды меңгергеніне және осы білімді олар кейіннен балаларды емдеуде қолданатындығына сенімдімін», деді №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының директоры Гүлнәр Құлышева.
Балалардың ата-аналары қуаныштарын жасыра алмады. 15 жастағы науқастың анасы Наразгүл Масағұтова Қазақстан мен Түркияның жетекші хирургтері өткізетін шеберлік сабағы туралы әлеуметтік желілерден оқығанын айтты. Содан кейін жергілікті емханадан жолдама алып, баламен бірге астаналық клиникаға кеңес алуға келді.
«Менің балама осындай кәсіби мамандар ота жасағанына өте қуаныштымын. Осы балалар ауруханасына, барлық дәрігерге, мемлекетімізге шын жүректен алғыс айтқым келеді. Баршаңызға сәттілік пен денсаулық тілеймін», деп дәрігерлерге алғыс айтты.
«Бірінші күні ауыр сырқаты бар екі балаға операция жасалды. Бірінші балаға аз инвазиялы операция – түрік хирургінің өзіндік әдістемесі бойынша лапароскопиялық холецистэктомия жасалды. Бұл балаға қалпына келу жағынан да, эстетикалық жағынан да жағымды әсер етеді. Екінші жағдайда лапароскопиялық эхинококкэктомия, яғни тесік арқылы эхинококкэтомия операциясы жасалды. Ыстанбұлдан келген әріптес осы операцияны жүргізудегі өз тәжірибесімен бөлісті. Бұл әдіске қазақстандық балалар хирургтері зор ықылас білдірді», дейді №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының хирургиялық блок жетекшісі Ринат Байгиреев.
Аурухана басшылығы өз кезегінде дәрігерлердің біліктілігін арттыру практикасын жалғастыруға ниетті екенін атап өтті. 2022 жылдың соңына дейін урология, ортопедия, нейрохирургия, комбустиология және басқа да бейіндер бойынша бірқатар шеберлік сабағын өткізу жоспарланып отыр.