Іс-шара экологиялық мәселелер, көміртегі бейтараптығы һәм экологиялық бастамаларға байланысты халықтың хабардар болу деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Бірнеше кезеңнен тұратын жоба барысында оқушылар мен студенттер іріктеліп, онлайн және офлайн форматтағы тренингтер, шеберлік сыныптары, практикумдарға қатысады. Тренингтерді экология және қоршаған ортаны қорғау тақырыбына маманданған тәжірибелі сарапшылар, волонтерлер, жаттықтырушылар жүргізеді. Айта кетейік, аталған бастаманы «Шелл Қазақстан» компаниясы және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының EcoBatys бастамасы шеңберінде QazaqGeography республикалық қоғамдық бірлестігі іске асырып отыр.
«Бұл жоба арқылы жастар арасында экологиялық ойлауды, экологияға қатысты белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырғымыз келеді. Біздің мақсатымыз – болашақта жергілікті және жаһандық экологиялық күн тәртібіне әсер ете алатын эко-көшбасшыларды тәрбиелеу», дейді жоба жетекшісі, «QazaqGeography» РҚБ өкілі Мадина Қинаятова.
Жоба жетекшісінің айтуынша, елдегі экологияны жақсарту жұмысын эко-ойлауды дамытудан бастау керек.
«Былтыр Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы Доктринаны қабылдады. Көміртектің бейтараптығы дегеніміз не? Бұл өнеркәсіптік кәсіпорындар көмірқышқыл газы шығарындыларын көміртегі теріс жобаларды жүзеге асыру арқылы өтеуі керек дегенді білдіреді. Алайда бүкіләлемдік антикөміртекті науқандағы ең маңызды нәрсе – экологияның негізгі ұғымдары призмасы арқылы жаңаша ойлауды үйрену», деді ол.
Жобаға қатысу үшін үміткерлер облыс тұрғындарының нақты мәселелерін ашып көрсетіп, сондай-ақ олармен күресу жолдары ұсынылатын «Менің аймағымның экологиялық проблемалары» атты эссе жазып жіберуі қажет. «Эко-Хакатон» іс-шарасы аясында қатысушылар аймақтың, болашақта бүкіл елдің экологиялық күн тәртібіне әсер ете алатын эко-идеяларын ұсына алады.
Ұйымдастырушылар EcoVision пилоттық жоба екенін, болашақта оны Қазақстанның басқа аймақтарына да таратуға болатынын атап өтті.