Әдебиет • 24 Мамыр, 2022

Шақыру қағазынан туған шалқыма

921 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Алматыдағы кітап дүкендерінің бірінде ескі кітап арасынан Фа­ри­за Оңғарсынованың туған күніне шақыру қағазы табылыпты. 1979 жылы жазылған. Қонақтар – Татьяна мен Эдвард. Жарты ғасырға жуық уақыттан кейін көзге түскен естелік аса бір көркем шығармалық маңызға ие болмаса да ақын туралы әдеби деталь ретінде көңілге ыстық. Ал өлеңсүйер оқырмандарға құнды олжа саналады. Сонымен Фариза туған күніне ша­қырған Татьяна мен Эдуард деген кім­дер? Мерейлі қырық жасқа ар­налған отырысқа бас­қа қай қаламгер­лер қа­тысты? Қысқасы, туған күнге кел­ген қонақтарды «түгендеп» көр­дік...

Шақыру қағазынан туған шалқыма

Ақынның әдеби ортасында екі Татьяна болды. Татьяна Кузовлева мен Татьяна Фроловская. Екеуі де Фа­ри­заның өлеңдерін аударған. Десек те ақынның Фроловскаямен ұзақ жылдар бойы жақсы араласқанын һәм оның күйеуі Эдуард Жылқыбаев екенін ескерсек, шақыру қағазы дәл осы Татьянаға арналғанын білеміз.

,

Өлең аудармасына келгенде әсі­­­ре талғампаз Фаризаның көңілі түс­кен Фроловская да ақын. Ол Оң­ғар­­сынованың шығармаларынан бөлек Махамбетті де орыс тілі­не тәр­жімалады. Аудармашы сұхбат­та­рында: «Фариза менің қазақ әдебие­тінің әлеміне енуіме себепші болды. Екеуміз қырық жылға таяу бірге жұмыс істедік. Ол маған Махамбеттің өлеңдерін жинақтап берді. Оны орыс тілінде сөйлеттік. Фаризадай адам енді туа ма, білмедім. Білетінім, қазір маған екеуміздің шығармашылық байланысымыз, ортақ әңгімеміз жетпейді», деп еске алады.

,

Ал Татьянаның жолдасы Эдуард Жылқыбаев «Казправда» газе­тінде жиырма бес жыл қызмет еткен қарым­ды қаламгер, журналист. Жазушылар одағының мүшелігіндегі лақап аты – «Константин Кешин».

Сонымен Алматының жүздеген букинисіндегі мыңдаған кітаптың арасына Фаризаның шақыру қағазы қалай түскенін білмекке Татьяна Фро­ловскаяның қызы Стефания Эдуар­довнамен әңгімелестік. Оның айтуынша, отбасылық кітапханада 6 000-нан аса кітап болған.

«Үйде кітапты негізінен әкем жи­найтын. Былтыр кітаптарды ірік­те­генде көбісін ата-анам тұрған сая­жайға әкелдік. Ал бір бөлігін, шамамен, 1 000 дана кітапты букинист­ке өткіздік. Біз Фариза апаймен он жылдай көрші болып тұрдық. Анам мен Фариза Оңғарсынова шығар­машылықта өте жақсы тіл табысты», деді С.Эдуардовна.

,

Ал Фариза бұл кезде қайта ашыл­ған «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналының бас редакторы болатын. Сондықтан туған күнге Татьяна мен Эдуардтан бөлек журнал ұжымындағы әріптестері де кел­гені анық. Атап айтсақ, Әшірбек Көпішев, Мереке Құлкенов, Мейірхан Ақдәулет. Сондай-ақ жерлестері Зейнолла Қабдолов, Зейнолла Серік­қалиев пен Шерхан Мұртаза, Асқар Сүлейменов, Төлен Әбдік те туған күнге баруы әбден мүмкін.

Фаризаның мерейлі күнгі қуа­нышына Әбіш қалай бармай қалсын... «Әсіресе Фаризаны көргенде беті көлденеңінен жайылып, тышқан көрген мысықтай тісі қышып сала беретін» Әбіштің ақынға деген ақ-адал көңілін оқырман жақсы біледі. Екі таланттың кіршіксіз достығы туралы жазушы Әнес Сарай да жазған еді. «Әншейінде басынан сөз асырмайтын Фариза Әбіштің шымшымаларына мен көргенде ешқашан кейіс қабақ танытқан емес. Фариза түр-болмысы, сөйлеген сөзі мен турасын тіліп түсетін мінезімен Әбіштің шешесі Айсәулеге өте ұқсас еді. Бірге туған қаналас қарындастай Әбішке шыр-пыр болып, ойланбастан отқа түсуге әзір еді қашанда. Олар бір-бірін алыстан танып, жақын сыйлас­ты. Ешкімге ештеңені кешпегенде, Әбішке бәрін кешіретін. Болмыс бітімі, мінез пішімі аңғал-салқамдау оны талай қатерден қорғап қалған да шығар-ау. Ол екеуі тәуелсіздіктің улы-шулы, күнде аударыспақ мазасыз кезінде лапылдаған қызыл оттың арасында жүрді».

,

Осы естелік-эссені жазып отырған Әнес Сарайдың да шақыру қағазын алмағанына кім сенеді?..

Туған күнге жиналған қонақтарды «түгендеп» отырып, сол жылы «Ле­нин­шіл жас» газетінде еңбек еткен һәм Фариза туралы «Текті өнердің тұмары» атты кітап жазған ақын, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Өтеген Оралбаевқа хабарласып көрдік.

«Фариза апаның қырық жасын­дағы туған күнінде болған жоқпын. Дегенмен мерейтойына орай Комсо­молдың орталық комитетінде, редакцияларда өткен кездесулеріне жас журналист ретінде қатыстым. Ал туған күніне сол уақытта «Пионерде» қызмет еткен Мереке Құлкенов, Сай­лаубай Жұбатыров, Күләш Ахметова, Бейсенбай Сүлейменовтер барды. Фариза апа елуге толғанда бес жүз адамға дастарқан жайды. Сонда тойын өзім жүргіздім. Фариза апамен 1976 жылдан бастап араластым, қырық жылдай қасында жүрдім», деп еске алды Өтеген аға.

п

Ал ақынның замандасы Мағира Қожахметова тойға неге бармағанын айтып берді.

«Мен өзім туған күн тойлағанды аса ұнатпаймын. Сол кезде де Фариза апайға «Тойдың не қажеті бар?» деп айтқанымда ол кісі сәл ренжігендей болды. Сөйтіп мен тойдан бұрын ерте қайтып кеттім. Бірақ Фариза апайдың қырық жасын атап өтуге ерекше дайындалғаны есімде. Туған күнге Әбділда Тәжібаевтан бастап қазақ зиялыларының көбісі қатысты. Сол кездегі жастар Мереке Құлкенов, Мейірхан Ақдәулет, Әшірбек Көпі­шев, Мәди Айымбетов тойдың басы-қасында жүрді. Жалпы, апайдың атын ел танып, атағы дүрілдей бастаған кез осы қырық жасынан басталды».

,

Сонымен айтылған болжамдар мен деректерді бір жиып қойып, мән-жайды ақынның сіңілісі Алмагүл Оңғарсыновадан сұрап көрдік. 1979 жылды еміс-еміс есіне түсірген Алмагүл апай отбасылық архивтегі альбомды ақтарып, туған күндегі суреттерді көрсетті.

«Фариза апай туған күнін әрқа­шан дәл сол күні тойлайтын. 25 жел­тоқсаннан ерте, не кеш атап өткен емес. Қырық жасқа толған туған күніндегі фотосуреттерді қарап отырып, сол жылдарды еріксіз еске ала­сың. 1979 жылғы туған күнге Әб­діл­да Тәжібаев – апамызбен, Әбді­жәміл Нұрпейісов – Ажар апаймен, Кәкімжан Қазыбаев, Зейнолла Қабдолов – Сәуле апаймен, Тахауи Ахтанов, Шерхан Мұртаза, Төлен Әбдік, туысқан ағамыз Боқай Қожыров – Света апамызбен, Аян Нысаналин, Нұрлан Оразалин, Смағұл Елубай, Әнес Сарай, Алтыншаш Жағанова, Кәрібай Ахметбеков – Орынкүл апаймен, дом­бырашы Әзидолла Есқалиев, Мең­декеш Сатыбалдиевтің жұбайы Рузия апай, Хабидолла Сыздықов, Мәриям Хакімжановалар қатысты. Өзінің «Пионер» журналындағы ұжымы – орынбасары Әшірбек Көпішев, Мәди Айымбетов, Бейбіт Қойшыбаев, Мереке Құлкенов, Гүл­сім Мұқышевалар да келді. Әрине, бұл қатарда шақыру қағазы арналған аудар­машы Татьяна Фроловская мен киносыншы Эдуард Жылқыбаев та бар. Ойлап отырсам, Фариза апайдың қырық жасында да айналасында жақсы-жайсаң тұлғалар көп болыпты», дейді Алмагүл Оңғарсынова.

,

Оқырман, ең алдымен ақынды емес, өлеңін жақсы көреді. Көңілді тербеп, жүректі қозғаған сол өлең ақынның талантына, мінезіне, болмысына ғашық етеді. Осы орайда кей оқырман «қаламгердің жазуы мен болмысын бөлек қарау керек» дер. Шын өнерде жазушы өзін жасырып қалуы мүмкін бе?.. Жақсы жазу мен жақсы адамның арасы алыс болмаса керек-ті. Фаризаның өлеңдері де өзі сияқты: нәзік, мөлдір, шынайы, қайратты. Сол үшін де ақынға табынушылар көп, өлеңін оқушылар көп. Сол үшін де әлдебір ғажайыппен мыңдаған кітап арасынан табылған алақандай шақыру қағазы – Фаризаның көзіндей көрінеді.

,

Кейде қазір Фариза да ұмытылып барады деп уайым жейміз. Алайда, «шашы ағарған қызды» кім, қалай ұмытсын?.. Фаризаны ұмытқан күні басымызға тас түсер...