Экономика • 24 Мамыр, 2022

«Жасыл экономика» – дамудың тиімді тетігі

1202 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бизнесті қорғау тетіктерін күшейту мәселесінен бөлек тартымды инвестициялық климат қалыптастыруды маңызды санайтынын білдірген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде әкімдерге бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды. «Әкімдердің жұмысы айтарлықтай дәрежеде бизнестің тартымдылық параметрлері бойынша бағаланады», деді Президент.

«Жасыл экономика» – дамудың тиімді тетігі

Бұл орайда Түркістан облысында инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалғанын және өңір инвестиция тарту бо­йынша елімізде алдыңғы қа­тарда тұрғанын айта кетелік. Об­лыста былтыр негізгі капи­тал­ға салынған инвестиция көле­мі 660 млрд 253 млн теңгеге жет­кен. Инвестиция салым­да­­рының 27,7%-ы өнеркәсіп сала­сына, 19,5%-ы жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларға, сондай-ақ 12,7% өнер, ойын-сауық және демалыс саласына тиесілі. Ал туризм саласына 102 млрд теңге инвестиция тартылған. Түркістанға облыс орталығы мәртебесін беру қаланың ғана емес, бүкіл өңірге ин­вес­тиция тартуға айтарлықтай сер­пін берді. Сонымен қатар «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдама сәтті жүзеге асырылып келеді. Мысалы, баламалы энергия өндірумен айналысатын италиялық Arm Wind (ENI) компаниясы тарапынан Отырар ауданының Шәуілдір ауылында қуаты 50 МВт күн электр стансасының құрылысы жүргізілуде. Жалпы өңірде жаңартылатын қуат көз­дерін қолдану және энергия үнем­деу бағытындағы бірқатар жоба жү­­зе­ге асырылуда. Жуырда БҰҰ Даму бағ­дарламасының Қазақ­стан­да­ғы тұрақты өкілі Якуп Бериш, Eni компаниясының Орталық Азия өңірі бойынша басшысы, «Аджип Каспиан Си Б.В.» компаниясының басқару­шы директоры Лучано Васкес, «Arm Wind» ЖШС басқарушы директоры Алекс Стиллавато облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевпен кез­десіп, осы саладағы әріптес­тік­ті талқылады.

«Өздеріңізге белгілі, жаңар­ты­­­латын энергия көздері са­ла­­сын­да Түр­кістан облысы ай­тар­­лық­тай ресурстық әле­­ует­ке ие.­ Өңірде жалпы қуаты 220 МВт болатын 20-ға жуық жаңартылатын электр көздері нысаны жұмыс істейді. Облыс электр энергиясын им­порт­тай­тын­дықтан бұл салаға баса мән берудеміз. Аймақта қуаты 1000 МВт болатын электр стансасы салынып жатыр. Осы бағытта сіздермен әріптестікті нығайтып, бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз», деді кездесуде облыс әкімі.

Ал БҰҰ Даму бағдар­ла­ма­сы­ның Қазақстандағы тұ­рақ­ты өкілі Якуп Бериш «Жа­сыл экономикаға» көшу, жа­ңар­­тылатын энергия көзде­рі технология­сын молынан ен­гізу маңызды екенін жет­кіз­ді. «Eni» компаниясы мен БҰҰ Қазақстандағы Даму бағ­дар­­ламасы Түркістан облы­сы­ның әкімдігімен бірлесе оты­рып, облыс орта­лы­ғын­да­ғы мектептердің бірінде жаңар­ты­ла­тын энергия көздері технологияларын енгізу жұмысын аяқ­тады. Бұл жоба – тұрақты даму мақ­саттарына қол жеткізуге септігін тигізетін мем­ле­кет-же­ке­меншік әріптестіктің үлгісі. Енді Ж.Тәшенов атындағы мектеп күн энергиясын тиімді пайдаланып, «жасыл энер­гия­ға» көшті. Алдағы уақытта тағы да басқа жобаларды жүзеге асы­­руды көздеп отырмыз. Ең бас­­тысы – қор­ша­ған ортаға зиянсыз энергия өндіру бағы­ты­на басымдық беріледі», деді Я.Бериш.

Кездесуде екі тарап әріп­тес­тікті нығайтып, қоршаған ор­таға көмір­қыш­қыл газын қыс­­қар­татын қуат көздерін кеңі­нен пайдалану техноло­гия­сын енгізу ісін жалғастыру жө­нінде уағдаласты.

Иә, Түркістан қаласындағы Ж.Тәше­нов атындағы №23 IT лице­йі­не қуаттылығы 50 кило­ват­қа тең күн электр стансасы орнатылды. Атал­ған жобаның ашылу салтанатында облыс әкімі жаңартылатын энергия көздерін дамыту өте маңызды екенін мә­лімдеп, күн көзінен қуат ала­тын мектептің ерекшелігін атап өтті. «Түркістанда тари­хи оқиғаның куәсі болып тұр­­мыз десек болады. Eni ком­паниясы мен БҰҰ Даму бағдар­ламасы қала­мыз­дағы мектеп­ке күн қуа­тын пай­да­лана­тын қондырғы орнатып, жұрт­шы­лыққа ұсынып отыр. Облыста демографиялық өсім жоғары. 900 мектеп бар. 2025 жылға дейін өңірде 200 білім ұясын салуды жоспарлап отырмыз. Мектеп салу басқа, оны заманауи оқу бөлмелерімен, технологиямен қамту керек. Бүгін жиналып отырған білім ұясында информатика пәні тереңдетіліп оқытылады. Бірінші рет осы мектепке күн электр қондырғысын орнатып отырмыз. Біріншіден, мектептің электр қуатына жұм­­сай­тын шығыны едәуір азая­­ды, екіншіден, оқушылар жаңар­тылатын энергия қалай өндірі­ле­ті­нін өз көздерімен көріп өседі», деді Өмірзақ Шөкеев.

Жоба аясында күн панелімен сырт­қы жарықтандыру шамдары орнатылып, оқу сы­нып­­тарындағы жарықтандыру жүйесі жаңғыртылды. Арнайы жылу реттеу клапандары, энер­гия үнемдейтін құралдар, су құ­бырына есептегіштер, жарық­диодты шамдар, терморет­те­гіштер орнатылды. Осы жоба­ның көмегімен 1 900 оқушы білім алатын мектеп күн электр стансасының игілігін көруде. Мектепті жаңғырту жобасы шы­ғын­дарды, энергия тұтынуды және көмірқышқыл газы мөл­ше­рін қысқартады. «Жасыл» экономиканы дамытуға, қоршаған ортаны қорғауға, ауаны тазартуға мүмкіндік береді. Eni мен БҰҰДБ осы жобаны үлгі ретінде ала отырып, елде қуат үнемдеу бағдарламаларын жалғастыруды көздеп отыр.

Ал Келес ауданына Халық­аралық өнеркәсіптік орталы­ғы­ның корпорациясын салу мақ­сатында Нұр-Сұлтан қала­сы­нан «QazExpoCongress» ҰК» АҚ өкілдері келді. Аталған нысан Ұшқын ауылдық округінің аумағында орналасады деп жос­парланған. Инвесторларға қо­лай­­лы жағдай жасауды ұйым­дастыруды үйлес­тіруге жер­гі­лікті әкімдікке Turkis­tan in­vest мекемесі көмектеспек. Ин­­­весторлар осыған дейін көр­ші­лес Өзбекстан Респуб­ли­ка­сы аумағында болып, олардың мүмкіндіктерімен де танысқан. Сараптау нәтижесінде жобаны жүзеге асыруда Келес ауда­нының аумағы тиімді екені анық­талған. Осы аймаққа теміржол торабы салынып, сауда-саттықтың дамуына үлкен серпін береді деген сенім бар. Өз кезегінде аталған сауда кешені салынған жағдайда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып, халықтың әл-ауқатының жақсаруына әсер етпек. Түркістанға жұмыс са­па­­рымен келген Финлян­дия­ның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Сойли Мяке­ляй­нен-Буханист және елшімен бірге жүрген кәсіпкерлермен кездесуде де әңгіме негізінен «жасыл экономика» төңірегінде өрбіді. Финляндия мемлекетінің жасыл экономика, энер­гетика, ақылды қалалар және өзге де салалар бойынша тың жобаларды жүзеге асырып үлгергенін мәлімдеген елші Түркістан өңірі­нің инвестициялық әлеуетін білу әрі әріптестік орнату мақсатында келгенін айтты. «Финляндия жасыл экономикаға, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға, қоршаған ортаға зиянсыз өн­ді­рісті дамытуға басымдық бе­ре­­ді. Елімізде тұрмыстық қо­қыс­тың 56 пайызы қайтадан энер­гия көзіне айналса, 43 па­йы­зы қайта өңделіп, кәдеге асады. Қоқыс полигондарына қажеттілік жоқ. Осы және өзге салаларда сіздермен әріптестік орна­­туға мүмкіндік бар. Өңір­дің мүм­кіндіктерін саралап, жос­пар­лары­ңызды білгіміз келеді», деді елші.

Жыл басында индустриялан­ды­ру және инвестиция тарту жұмыстары барысы тал­қы­­ланған, облыс әкімі Өмір­зақ Шөкеевтің төра­ғалы­ғымен өткен апталық мәжі­лісте 2022-2025 жылдар­ ара­лығын­да өңірде 26 мың жұмыс орнын құру көз­дел­гені, 2,4 трлн теңгенің 169 инвестициялық жобасы нақ­тыланып, облыстың ТОП-10 ин­вестжобасының тізбесі қалыптастырылғаны айтылған болатын. Жоғарыда біз айтып өткен жұмыстар – жоспарланған жобаларды жүзеге асырып, жаңа жұмыс орындарын көптеп ашу мақсатында қолға алынған істердің бірқатары.

 

Түркістан облысы