Спорт • 25 Мамыр, 2022

Мұрат Сиқымбаев: «Қазақ стилінің» жарқын жеңістері әлі алда

704 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Лас-Вегас қала­сындағы өткен кәсіпқой бокс кешінде Жәнібек Әлімханұлы британиялық Дэнни Диг­нумды екінші раундта ұрып жығып, WBO нұсқасы бойынша орта салмақта «уақытша» әлем чемпионы атанғаннан кейін қазақтың қайсар ұлын бала кезінен баптаған жеке бапкері, еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мұрат Сиқымбаевқа хабарласып, төл шәкіртінің жарқын жеңісімен құттықтаған едік.

Мұрат Сиқымбаев: «Қазақ стилінің»  жарқын жеңістері әлі алда

– Мұрат Сәлімжанұлы, Жәнібектің жарқын жеңісі құтты болсын! Жанкүйер­лердің дені «уақытша» әлем чемпионы атағы үшін айқас осылайша тез аяқ­та­лады деп еш ойлаған жоқ еді. Ал сіз шә­кір­тіңізге сенімді болдыңыз ба?

– Оған еш күмәнім болған жоқ. Негізі қарсыласы да осал емес еді. Дигнум – осыған дейін ешкімнен жеңілмеген сақа спортшы. Десек те Жәнібектің шеберлік деңгейі Дэнниден бір бас жоғары екенін жекпе-жек барысында анық байқадық.

– Сіз Алматының іргесіндегі Қара­су ауылында дүниеге келдіңіз. Ал Әлім­ханұлы – қазіргі Жетісу облысына қа­рас­ты Ала­көл ауданының тумасы. Сіз­дердің жол­да­рыңыз қалай тоғысып жүр?

– 2002 жылы белгілі кәсіпкер Бауыржан Оспанов өзінің кіндік қаны тамған жерінде бокс үйірмесін ашып, ол кісі маған сол жақта бапкер болу жөнінде ұсыныс айтты. Мен келістім. Содан киім-кешегімді арқалап, Алматы облысындағы Алакөл ауданының Жыланды ауылына аттандым. Ол жақта Бауыржан аға еш алаңсыз даярлану үшін қажетті жағдайдың барлығын жасады. Мен де, жастар да ештеңеден тарлық көрген жоқпыз. Уақыт оза тынымсыз еңбек өз жемісін берді.

– Ауылда жүрген кезінен Жәнібектің бойында бұла күштің бұғып жатқанын байқадыңыз ба?

– Жәнібекті жеті жасында маған ана­сының өзі әкеліп табыстады. Оның спорт­тың қай түріне де бейім екенін бір­ден байқадым. Футболды жақсы ойнайды, жұдырықтасудан да тартынбайды. Жылдам ойлап, шұғыл шешім қабылдай біледі. Еңбекқорлығы мен намысқойлығы тағы бар. Ал ең бастысы, көрсетілген әдіс-тәсілдерді лезде-ақ мең­гереді екен. Жәнібектің бойынан осы қасиеттерді көрген соң бұл баладан келешекте мықты боксшы шығатынын ішім сезді. Бұл сөзімнің растығына Бауыржан Оспанов мырза куә. Ауылға келген сапарларының бірінде ол кісі: «Қалай, жұмысың оңды ма? Жы­ландыда мықты жігіттер бар ма екен?» деп тіл қатты. Сол мезетте мен: «Аға, бір үйір жылқының ішінен төрт тұяғын тең басатын тұлпарды таныдым. Көзі жанып тұр, бойын­дағы бұла күші бұлқынып жатыр. Келешекте осы бала әлем чемпионы атанып, қазақтың мақтан тұтар ұлына айналады», деп жанымда тұрған Жәнібекті көрсеттім. Қазір ойлап отырсам, сол сөзді Алла тағала аузыма салған екен. Арада бірер жыл өткеннен кейін сол кездегі ауыл баласы әлемдік деңгейде мойындалған боксшыға айналды.

– Шәкіртіңіз алғаш рет қай кезде жарқ етіп көрінді?

– Әуелі аудан мен облыс көлемінде дара­ландық. Одан республикалық жарыс­тарға жолымыз түсті. Содан халықаралық додаларға қатыса бастадық. Бірде ұтылдық, бірде ұттық дегендей. Ал мен үшін жадымда ерекше сақталған жарыс – 2012 жылы Астанада өткен ересектер арасындағы ел чемпионаты. Аталған жарыста 75 кило салмақта сынға түскен 19 жастағы шәкіртім Рустам Сыбаев пен Ерік Әлжанов сынды сақа спортшыларды сан соқтырып, бас жүлдені олжалады.

– Әлімханұлының одан кейінгі жүріп өткен жолы жанкүйерлердің көз алдында. Ол әлем және құрлық чемпионы атанды, Азия ойындарында бас жүлдені олжалады. Сол кезде де Жәнібекті өзіңіз жаттықтырған боларсыз...

– Әрине, төл шәкіртім болғандықтан, барлық жарысқа оны өзім баптадым. Арасында бапкерліктің қамытын киген туған бауырым Қанат Сиқымбаев пен Қазақтың спорт және туризм академиясында ұстаздық етіп жүрген Дастан Сәдуақасов көмектесті. Олардың екеуі де еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушылары.

– Рио Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін шәкіртіңіз кәсіпқойлар арасында бақ сынауға бел буды. Оның бұл ше­ші­мі­не қарсы болмаған шығарсыз?

– Әуелде оның әуесқойлар арасында біраз жүре тұрғанын қаладым. Бірақ Жәнібектің таңдауы солай болған соң қарсы уәж айтпадым. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары бауырым Қанатпен бірге мен де кәсіпқой рингте біраз жұдырықтасып, түрлі дүбірлі додаға қа­тысқанымды жанкүйерлер жақсы біледі. Жәнібекті жаттықтырған кезде оған кә­сіпқой бокс­тың да қыр-сырын үйреттім. Сол себепті де жаңа ортаға бейімделу Әлім­ханұлы үшін айтарлықтай қиындық туғыз­ған жоқ.

– Қазіргі кезде шетелдік мамандардың өздері Qazaq style деген бүркеншік есім­мен танылған қандасымыздың «бола­ша­ғы жарқын» деген сыңайда әңгімелер ай­тып жүр. Ал сіздің ойыңыз қалай?

– Әлімханұлының кәсіпқой рингте өзін түбегейлі мойындатуға күш-қабілеті жететініне сенімдімін. Негізі орта салмақта кіл мықтылар шоғырланғаны белгілі. Аме­рикалық Деметриус Андраде мен Джермалл Чарло және мексикалық Хайме Мунгияның қай-қайсын алсаңыздар да, «нағыз сен тұр, мен атайындар». Бірақ қазақтың қайсар ұлы олардың ешқайсынан қаймығатын емес. Керісінше, барлығымен жекпе-жекке шығуға даяр. Бұйыртса, сол жекпе-жек­тердің де куәсі болармыз. Жалпы, өз басым Жәнібектің жарқын жеңістері әлі алда деп есептеймін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»