Жалпы, Амангелді Имановтың батырлық бейнесін көркем сөзбен кестелеген туындылар ішінде Бейімбет Майлиннің «Батыр большевик» повесін, Ғабит Мүсіреповтің «Амангелді» пьесасын, Нұрхан Ахметбековтің «Амангелді» дастанын, Мақан Жұмағұловтың «Қыран қазасы қияда» және Қоғабай Сәрсекеевтің алғашында «Қызыл жалау», кейін «Заманақыр» деген атпен басылған романдарын ерекше айтуға болады. Осы шығармаларда айбынды ердің ұлт-азаттық күрес жолындағы жанқиярлық ерлігі, халықты соңынан ерте білген көсемдігі, ержүректігі, мергендігі әр қырынан сомдалып, батыр тұлғасы айшықтала түскен.
Олекса Десняк өз повесінде Амангелді Имановтың образын бейнелеуде өзгеше жолын тапқан. Туынды Торғай дуаны базарында болған оқиғадан өрбиді. Оны қаламгер былай суреттейді: «Көшедегі айқай-шуды естіп, сонда ентелей жеткен еді, бір төре қойшы қазақты сабап жатыр екен. Қызбаланып, жүрегі шыдамай кетті, төренің жанына жетіп барып, қамшымен оны басынан періп қалды. Төре құлап түсті. Жиналғандарды полицейлер қоршап алды. Сол кезде бұл аяғын үзеңгіге тірей көтеріліп: «Уа, халайық! Байлар мен патшалар төрелері бізді қашанғы ұрып-соға бермек? Қорғансаңдаршы! Мен Аманкелді Иманов деген бауырларың болам, келіңдер бері!» деп бүкіл базарға айқай салды» дейді.
Негізі, бұл оқиға 1908 жылы болған. Бірақ онда төбелесті патшаның мас солдаттары Торғай дуанына жәрмеңкеге келген бір қазақты жазықсыз соққыға жығады. Соны көзбен көрген Аманкелді Иманов пен серіктері мас солдаттармен төбелесе кетеді. Оның соңы кісі өліміне әкеліп, батыр бастаған бір топ адамды түрмеге қамайды. Осы оқиға туралы 1975 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «А.Иманов» құжаттар жинағы» атты еңбекте толығырақ баяндалған. Сонымен төбелеске қатысы бар деген 14 адам жауапқа тартылып, олардың әрқайсысына түрлі жаза белгіленген. Заманында бұл оқиға қазақ қоғамын дүр сілкіндіріп, «Айқап» журналы сол сот ісін нөмір сайын жариялап тұрған.
Жазушы батырдың ен далада еркін өсіп, жігіттік мінезі мен ел ісіне аралас бастаған қайраткерлік қырын барынша ұтымды детальдармен шебер жеткізеді.
«Жеті жасынан былай ол әке сөзін естімеді, он үш жасынан даладағы түп жусандай жападан жалғыз өмір сүрді. Атасы Иман үшін патша чиновниктері мұның әкесі Үдербайды қуғынға ұшыратты. Жетпіс алты жыл бұрын Иман атасы басқа кедейлермен бірге байлар мен патшаға қарсы көтерілді. Осы өңірге даңқы кеткен жігіт сол кезде үлкен отрядты басқарды. Бостандық үшін қазақтар жеті жыл бойы күресті. Патша әскерлерімен айқаса жүріп, Иман осынау шалқар дала төсінде бүркітше самғады, сөйтіп, сол ұрыстың бірінде оққа ұшты. Ол жөнінде ақындар жыр толғады. Ал Іле бойындағы ең биік тауды қазір Иман-тау деп атайды» дейді.
Кеңестік кезеңде жазылған дүниелерде Аманкелді Иманов «жарлы-жақыбай отбасынан шыққан» деп айтылса да, бұл дерек шындыққа жанаспайды. Батырдың әулетін білетін көнекөз қарттардың айтуынша, бас сардар Торғай өңіріне мәлім әруақты атадан өрбіген. Әкесі Үдербай қарапайым болса да, ауқатты тұрған. Ал атасы Иман батыр – 1831-1847 жылдары Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне бастан-аяқ қатысып, ханның сенімді серіктерінің бірі болған. Кене ханға соңғы деміне дейін адал болып, сонымен бірге жорықта көз жұмған. Кеңес уақытында Кенесары ханмен бірге Иман батырдың да есімі айтылмады. Алайда автор шығармасында қисынын тауып, сардар атасының батыр болғандығын келістіріп жазған.
Сондай-ақ ұлт-азаттық көтерілістің басталуына патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы майданның қара жұмысына қазақ жастарын шақыру жарлығы бір себеп болса, оған қоса Торғай облысы губернаторы Эверсманның ашкөздігі мен елді басынған әрекеті халықты ғана емес, батырды да ашындырғанын тұспалдап айтады.
«1916 жылдың сентябрь күндерінде Торғай даласында көтерілістің өшпес жалыны алаулай түсті. Торғайды жан-жағынан қоршап, Аманкелді өз күшін Татыр көліне жақын тұсқа жинап жатты. Тастан Дәрібаевтың отряды Әйке көлінен Ырғыз тас жолына қарай қозғалды. Сәдібек Мұсаевтың отряды Торғайдың шығыс жағындағы Батпаққара маңында қимыл жасады. Амангелдінің бұйрығымен көтерілісшілер онсыз да елсіз далада ешнәрсе қалдырмай, құдықты көміп, қыстаудағы пішенді жойды» дейді. Әсіресе Торғай қаласы мен Татыр көлі маңайында болған шайқастардағы Амангелді бастаған сарбаздардың рухы мен ерлігін сол қалпында ақ қағазға шынайы түсірген. Сонымен бірге Алаш арыстарының жанды бейнелерін де кездестіресіз. Туындыдағы кейбір кейіпкерлер өз аты-жөнімен берілген. Мәселен, көтеріліс көсемдерінің бірі Оспан хан Шолақұлының есімі нақ осылай жазылған. Сондай-ақ повесть жүгін көтеріп тұрған Зылиха, Тастан секілді кейіпкерлердің іс-әрекеті де ұмытылмайды.
Қысқасы, украин жазушысы Олекса Десняктің халық батыры Амангелді Имановтың күрес жолы мен ерлігін көркем суреттеген кітабында сол кездегі саясаттың «лебі» болса да, қызықты дерекке толы көркем баяндауымен құнды екенін айтар едік.
Енді автор туралы бірер сөз айта кетейік. Жазушының шын аты жөні: Алексей Игнатьевич Руденко. 1909 жылы туып, 1942 жылы Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан. Ол шығармашылықпен бар болғаны он төрт жыл ғана айналысқан. Оның ішінде оқырмандар қаламгердің «Батальондар Деснадан өтті», «Удай-өзен романдары мен «Торғай сұңқары» атты повесін жақсы біледі.