Спорт • 26 Мамыр, 2022

Өрендер шықты сайысқа

491 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Семей қаласында даңқты балуан, Мәскеу Олимпиадасы мен КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы, әлем чемпионы, Еуропа біріншілігі мен Әлем кубогының күміс жүлдегері, Одақтың екі дүркін чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир өз мәресіне жетті.

Өрендер шықты сайысқа

Жақсылық Әмірәліұлы­ның жүріп өткен жолы бүгінгі жастар мен кейінгі ұрпаққа үлгі. Абзал азамат соңғы демі таусылғанша елі мен хал­қына қалтықсыз қызмет етті. Оның спорттық жолы да ауыр болды. Одақта сан мәрте теңдессіз деп танылып, халықаралық додаларда дараланғанымен, мәскеулік мамандар тарапынан көп теперіш көрді. Соның салдарынан байрақты бәсекелердің біразынан шет қалды. Десек те өзінің табандылығы мен өжеттігі және қажырлы ең­бегінің арқасында көздеген мақсатына қол жеткізді. Үш­кемпіров 29 жастан асқан шағында ғана Олимпия ойындарында бақ сынау құрметіне бөленді. Сол мүмкіндікті ұтымды пайдаланған ол төрт жылдықтың басты додасында бас жүлдені олжалады. Ал 30 жасында әлем чемпионы атанды.

Даңқты балуан боз кі­лем­мен қоштасқаннан кейін түрлі қызметтер атқарды. Кейіннен мал кәсібімен айналысып, «Жақсылық» деп аталатын шаруа қожалығын құрды. Бастаған ісін дөң­гелетіп әкеткен соң қайырым­дылықпен айналысты. Атап айтсақ, өзі тұрып жат­қан Алматы қаласының ірге­сін­дегі Мыңбаев ауылына газ тартты. Балаларға арнап спорт кешені мен балабақша, қолжетімді бағамен 50 отбасына пәтер салды. Басқа да игі іс-шаралардың басы-қасында жүрді. Осылай тіз­бектей берсек, Олимпиада чем­пионының ел-жұртына сіңірген еңбегі өте зор.

Алаш­тың мақтан тұ­тар азама­тын еске алуға ар­­налған Семей­дегі тур­нир­ге көпте­ген елеулі тұл­ға мен спорт саңлақтары кел­ді. Со­лар­дың арасынан Юрий Мель­ниченко, Бақ­тияр Бай­сейітов, Әсет Иман­баев, Ер­бол Қо­ңыратов және тағы бас­қа әйгілі балуандарды көзіміз шалды.

Үш күнге созылған бәсе­келердің қорытындысы бо­йын­ша мына жас жеткін­шектер жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді: 38 кило – Дамир Әбілда, 44 кило – Ерназар Ердәулет, 52 кило – Арнат Жарылқасын, 68 кило – Бақдәулет Қамза, 91 кило – Елдос Тұрсын (барлығы да Алматы облысынан), 41 кило – Ерболат Қанатұлы («Лепсі» спорт мектебі, Алматы облысы), 48 кило – Алпамыс Болат­ұлы (Қызылорда), 57 кило – Мәрлен Мейірбекұлы (Тараз), 62 кило – Ислам Га­сымов (Ақмола облысы), 75 кило – Темірлан Ермекұлы (Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы), 85 кило – Нұрболат Жұмәділ (Семей қаласындағы Жақсылық Үш­кемпіров атындағы спорт мек­тебі) және 110 кило – Ерсұлтан Лесбай (Түркістан).

Сонымен қатар Семейдегі Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт мектебінің түлегі Нұрдәулет Құмарұлы («Же­ңіске деген жігері үшін»), Өскеменнің өрені Ма­дияр Тоқтаухан («Ең үз­дік тәсіл») және Ақмола об­лысының өкілі Ислам Гасы­мов («Ең үздік балуа­н») түрлі ата­лым бойынша үз­дік деп танылып, арнайы сыйлықтарға ие болды.