Өнер • 29 Мамыр, 2022

Жеңіс рәуіштері

698 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соғыс ешкімді аямайды және мұнда жеңуші тарап жоқ. Алапат майданның азабын жер ғана емес, мұқым адамзат тартады. Іргедегі жатқан көршіңнің ынтымағы бұзылса, сенің де беймаза күй кешетінің анық. Сәбидің болашағын ұрлаған, ананың көз жасын тауысқан, қарашаны қан жылатқан ұрыс мүдделердің қайшылығы ғана. Ал қара халық сол қайшылықтың құрбаны.

Жеңіс рәуіштері

Екінші дүниежүзілік со­ғыс кино, әдебиет және кес­кін­деме өнеріне тақырып жағы­нан орасан шабыт әкелді. Соғыс­тан кейінгі өмір өнер кеңістігінен өз бейнесін тапты. Сол үрдіс украин ұлтының даңқты суретшісі Григорий Васецкийдің шығармасынан да көрініс берген еді. Оның «1945 жылғы мамыр. Оралу» картинасы – жастық шағы соғыс жылдарына тура келген жаңа буынның туындысы. Бұл кезең олар үшін ең маңызды оқиға болды.

Суретші өз жұмысында сарбаздың соғыстан оралуын жеткізген. Ол осы композиция арқылы туған жеріне аман келген батырды күтіп алған жас арудың қуаны­шын әдемі суреттеген. Алайда олар соғыстың барлық ауырт­­палығын бастарынан өткер­ген. Кеуделерінде қайсар рух қоныс­танған және алдағы өміріне сеніммен қадам басады.

Қылқалам шебері кес­кіндемеде символдарға, алле­горияларға және мета­фораларға сүйенеді. Кенеп бетіне тұтас жазылған дөң­нің үстіндегі композиция кейіпкерлері кеңістікті түгелдей алып жатыр, олар қол ұстасып, көрерменге қарай жылжып келеді. Суретші осы арқылы кеңес адамының фа­шизмді жеңу жолында жасаған ерлігінің маңызы мен мәнін көрсеткен, сол сияқты келешек те солардың қолында еке­нін байқатқандай. Олар жаңа дәуірге нық қадаммен адымдайды.

Суреткер кейіпкерлерді таудың баурайында жайқалып тұрған алма бағының аясында жазған. Сол арқылы табиғаттың жаңа өмір үшін оянып жатқанын көрсетіп тұр. Соғыс аяқталғалы ондаған жыл өтсе де, оның елесі ха­лықтың жадынан өшпек емес. Өткен ғасырдың зұлмат оқиғаларымен байланысы бар ардагерлердің өлшеусіз ерлігі ұлт санасынан жойылмайды. Жеңістің бояуы екі ғашықтың алғаусыз махаббатындай қашанда ып-ыстық әрі мөп-мөлдір болып қала береді.