Мәдени кешігу түсінігін алғаш рет осыдан тура 100 жыл бұрын Уильям Филдинг Огборн енгізген екен. Бұл құбылыс қоғамның материалдық өміріндегі өзгерістер материалдық емес мәдениеттің (әдет-ғұрыптар, наным-сенімдер, философиялық жүйелер, заңдар мен басқару формалары) өзгеруінен бұрын болған кезде байқалады. Огборнның пікірінше, материалдық және рухани мәдениеттің дамуы арасындағы сәйкессіздік, яғни мәдени кешігу нәтижесінде көптеген шешілмеген әлеуметтік мәселе туындайды. Мәдениеттің осы екі аспектісінің қарама-қарсы сипатына байланысты жаңа технологияларға бейімделу өте күрделі. Кезінде алғаш автомобильдер пайда болып, кеңінен қолданыла бастағанда қоғам бұл өзгеріске дайын болмады. Жаңа көлік түрін шығарудан кейін оны тәртібімен жүргізу, оған сәйкес инфрақұрылым салу дәстүрі қалыптасқанша едәуір уақыт қажет болды. Сол сияқты 1870 жылы фабрикалардың көбеюімен өндірістік апаттар жиі орын алған. Бірақ жұмысшылардың өндірістік жарақатына өтемақы төлеу туралы заңнамалар 1920 жылға дейін қабылданбаған. Яғни 50 жылға жуық мәдени кешігу байқалды.
Ал қазіргі кездегі мәдени кешігудің мысалдарының көбі жаңа ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуымен байланысты болып келеді. Өйткені озық технологиялардың біздің өмірімізге дендеп енуі көптеген әлеуметтік өзгерісті тудырды. Адам табиғаты әуелден жақсыға тез үйренетін болғандықтан, бұл жаңа дүниелердің игілігін көбірек сезініп, қауіпсіздік жағына баса мән бере бермейміз. Қазір ақпараттық технологиялардың кесірінен адамдардың денсаулығына, жүйкесіне зиян келтіру, сондай-ақ жеке бас мәліметтерінің және қаржысының ұрлану қаупі зор. Бұл заманауи үрдістің тағы қандай кері әсерлері бар екенін түгел қамту мүмкін емес. Яғни ақпараттық технологиялармен күшейе түскен материалдық мәдениетке рухани мәдениет ілесе алмай келеді.
Бүгінде ақпарат құрылғыларын, оның ішінде әлеуметтік желілерді белсенді қолдану қалыптасқан қоғамдық құндылықтарға өз ықпалын тигізіп отыр. Айналасы жиырма жылдың көлемінде мүлдем басқа заманға тап болған сияқтымыз. Осынау қарқыны қатты технологиялық толқында адасып қалмауымыз, өзімізді жоғалтып алмауымыз өте маңызды. Гаджеттерді шамадан тыс қолданудың зияны туралы қанша жерден айтылғанымен, буынымыз бекіп, «етіміз өліп» кеткен біз бұған бейжай қарайтынымыз анық. Бірақ бұл мәселе бала болашағына қатысты болғанда, селқостық танытуға болмайды. Өйткені бесіктен белі шықпай жатып телефонға телмірген балалардың қалыпты дамуы бұзылып жатқанын сөз басында айттық. Белсенді қимыл-қозғалыстың болмауы баланың физиологиясына әсер етеді, жүйке жүйесін бұзады. Қазіргі кезде бала дамуының тежелуі оның тілінің кеш шығуынан байқалып жатыр. Смартфонға үңіліп бір-бірімен дұрыс сөйлесе де бермейтін адамдардың баласына да жете көңіл бөлмеуінің бір салдары – осы. Сондықтан баланың қатардан қалмай жетілуі үшін бірге ойнап, сөйлесіп, ұдайы қарым-қатынас орнату маңызды.
«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» балаға әр ата-ананың ісі үлгі. Кез келген баланың тұлға болып қалыптасуы отбасына, өскен ортасына, оқыған кітаптары мен көрген цифрлы контентіне байланысты. Өсіріп отырған ұл-қызымыздың гаджеттерге шамадан тыс үйір болуын тыю үшін, осынау технологиялар ағынының кері әсерінен сақтау үшін өзімізге де смартфоннан біраз шектелу керек-ақ. Мысалы, біз балаларымыздың жастайынан көбірек кітап оқығанын қалаймыз да, өзіміз кітап бетін ашуға құлық таныта бермейміз. Бұған Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының былтыр жүргізген отбасы және балалар мәселесіне қатысты зерттеуі де дәлел бола алады. Сол әлеуметтік сауалдамаға қатысқан ата-аналардың 5%-ы ғана күнделікті кітап оқитынын айтыпты.
Жалпы, біз үнемі кешігіп жүреміз. Қанымызға сіңіп кеткен қасиет сияқты кешігуімізді «қазақпыз ғой» деп ақтап та аламыз. Бірақ бала тәрбиесіне келгенде кешігіп қалсақ, қалай ақталамыз? Сондықтан «қолымызды мезгілінен кеш сермеп» қалмайық...