Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты. Оның сөзіне сүйенсек, комиссияның барлық отырысы гибридті форматта, яғни оффлайн әрі онлайн режімде бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен өткізіліп келеді. Жиындар ОРК-ның интернет ресурсы арқылы көрсетіліп, сурдоаудармамен қамтамасыз етілген. Әр отырыстан кейін БАҚ өкілдеріне брифингтер өткізіліп, журналистерге толық мәлімет беріледі, дейді орталық өкілдері. Референдумға қатысты қаулылар, баспасөз хабарламалары мен өзге де ақпараттық материалдар комиссияның интернет ресурсында орналастырылған және қолжетімді.
«Ақпараттық видео және аудио материалдар, интернет-баннерлер, мерзімді басылымдарға арналған модульдер әзірленіп, республикалық және өңірлік БАҚ-қа таратылған. Осылайша, комиссия тарапынан референдумға дайындық процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шара қабылданып жатыр», деп нақтылады жауапты орган өкілдері.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровтың айтуынша, алдағы саяси оқиғаға еліміздегі барлық ақпарат құралы жұмылдырылып, тұрақты мониторинг жүргізіліп келеді. Ведомство басшысы БАҚ-та және әлеуметтік желілер арқылы өңірлер бойынша дауыс беру учаскелерін іздеуге байланысты ақпараттық хабарламалар мен графикалық өнімдер таратылғанын жеткізді.
5 мамырдан бастап 499 республикалық және өңірлік БАҚ-қа, атап айтқанда 321 газетке, 47 телеарна мен 13 интернет-ресурске бақылау жүргізілді. Әзірге үгіт жұмыстарына байланысты бұзушылықтар тіркелмепті.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов «Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) бойынша дауыс беруге арналған учаскені іздеу» сервисін әзірлеуге қатысты ведомствоның атқарған жұмысы жөнінде айтты. Бұл қызмет Gov.kz/referendum, Referendum.gov.kz және Referendum2022.gov.kz ақпараттық платформаларында ұсынылған. Кез келген еліміздің азаматы ЖСН арқылы өз дауыс беру учаскесін таба алады. Учаскесі табылмаған жағдайда автоматты түрде әкімдіктердің call-орталықтарының тізімдері көрсетіледі. Мұндай қызмет түрлері Kaspi.kz және Homebank қосымшаларында да қарастырылған.