Өздеріңізге мәлім, 5 маусымда Конституцияға түзетулер енгізу бойынша республикалық референдум өтеді. Осыған байланысты сарапшылар Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің маңызын талқылады. Атап айтқанда, құқық үстемдігі, демократиялық процестерді күшейту, билікті бөлу туралы өзгерістер мен толықтырулардың мәні мен мағынасын жан-жақты әңгімеледі.
ZER Club сарапшылар клубының отырысына белгілі қазақстандық ғалымдар қатысты. Отырыстың модераторы ретінде Еуропалық құқық және адам құқықтары бойынша сараптамалық институттың директоры Марат Башимов сөз сөйлеп, референдумға енгізілетін өзгерістер төңірегінде пікірімен бөлісті.
Спикердің айтуынша, қоғамда, оның ішінде еңбек ұжымдарында ашық пікір алмасу, түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізілуі қажет. «Азаматтар мемлекеттік билікті атқаруға және де өздерінің құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында беріліп отырған мүмкіндіктердің мәнін терең түсіне отырып, референдумға белсене қатысады деп сенемін», деді ол.
Сонымен қатар жиынға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, Астана халықаралық университетінің Құқық жоғары мектебінің профессоры Исидор Борчашвили, «Интеллект Орда» әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулерді интеграциялау халықаралық институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Саттар Мажитов қатысты.
Бұдан бөлек жиын барысында Варшава университетінің профессоры Яцек Залесны, Пятигорск мемлекеттік университеті заң институтының директоры Людмила Тхабисимова секілді шетелдік сарапшылар да өз пікірін ортаға салды.
Айта кетейік, ZER Club сарапшылар клубы отырысының мақсаты – еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бойынша пікір алмасу.