Форумды ашқан облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов бұл кітаптың айрықша маңызды екенін атап өтті. Өйткені ол былтыр күзде қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында өмір сүрген атақты бай, меценат, сол кездегі Қорған банкінің (қазіргі Ресей Федерациясындағы Қорған облысы) акционері, миллионер Әлти Барлыбаевтың қыстауында Міржақып Дулатов бастаған Алаш форумының болғанына 100 жылдан артық уақыт өткендігін атап өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысқан алаштанушы ғалымдардың жасаған баяндамалары мен айтқан сөздерінен құрастырылған жинақ.
Конференцияға елімізге танымал алаштану мен ұлттық тарихымыздың білгірлері Сабыр Қасымов, Дихан Қамзабекұлы, Еркін Әбіл, Зиябек Қабылдинов, Сұлтан-Хан Аққұлұлы, Өмірзақ Озғанбаев, Абай Тасболатов, Бүркітбай Аяған, Аманжол Күзембайұлы, Серік Негимов, Зарқын Тайшыбай және т.б. қатысқан еді. Ал Алаш форумына Петропавл уезінің 22 болысынан басқа Омбы, Қорған, Көкшетау, Ақмола, Атбасардан 10 мыңнан артық адам жиналғандығы құжаттармен дәлелденген. Ондағы басты мәселе Алаш милициясын құруға арналған. Осындай маңызды іс-шараны кең ауқымда өткізе алғандықтың өзі ұлтымыздың бостандық пен тәуелсіздікке деген ынтасының зор, рухының биік болғанын көрсетеді. Форумға келгендерді атты жасақтар салтанатты түрде қатар тұрып қарсы алып, Мағжан Жұмабаев жазған Алаш гимнін айтып тұрған. Іс-шараны басынан аяғына дейін белгілі дін және қоғам қайраткері, алашшыл азамат Абылай Рамазанов басқарған. Жазушы Сәбит Мұқанов өз көзімен көрген осы оқиға туралы «Өмір мектебінде» жазып кеткен. Сондықтан да бұл форумның маңызы зор, ұмытылмайтын тарихи оқиға.
Былтыр конференциядан соң қонақтар осы орынға тас белгі қоюға және Әлти байдың кесенесінің ашылуына қатысқан еді. Міне, енді сол оқиғалардың бәрі үлкен жинақ болып, оқырмандар назарына ұсынылып отыр. Жинақты Солтүстік Қазақстан университетінің ректоры Е.Шоланов, профессорлары А.Ыбыраева, З.Тайшыбай, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Д.Әбдірайысов, облыстық архивтің директоры С.Мәліковалар құрастырған.
Тұсаукесер рәсімінде Халықаралық «Қаһармандар» қорының төрағасы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның мүшесі, Жобалау кеңсесінің басшысы Сабыр Қасымов сөйлеп, жинақ туралы лебізін білдіріп және өздерінің бүгінгі таңға дейін атқарған жұмыстары жөнінде ақпарат берді. Комиссия құрылғаннан бері 10 жұмыс тобы барлық облыстарда құрылып, 2 миллиондай құжатты құпиялықтан шығарған, соның нәтижесінде 150 мыңдай атаусыз, сотсыз жоғалған азамат ақталған. «Осы саяси қуғын-сүргінде Кеңес Одағы көлемінде ең үлкен жапа шеккен біздің халқымыз екеніне көзіміз жетіп отыр. Ешқандай құжат толтырылмай ойына не келсе соны істеген милиционерлер ауылдарда көзіне теріс көрінген адамдарды атып кете берген. Олардың кімдер екені тек зардап шегушілердің шағымдарынан, көз көргендер мен туыстарының айтуынан ғана белгілі болған. Сондай ақпараттардың бәрі құпия түрде сақталған ішкі істер органдарының архивтерінен табылуда», деді ол.
Сөз тізгінін алған А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры Аманжол Күзембайұлы осы уақытқа дейін Алаш орталығы деп тек Жымпиты мен Семейдің ғана аталатындығын айта келіп: «Омбы мен Қызылжар да Алаштың орталықтары болған. Бұл бағытта көп зерттеулер жасау керек. Мен ХІХ ғасырда Ресей империясында ұлттардың жан басына шаққанда жоғары білім алған адамдары арасынан ең көбі қазақтар екенін анықтадым. Солардың көбі Омбы мен Қызылжарда болған, ал олардың бәрі де Алаш Орданың мүшесі болды», деді ол.
Солтүстік Қазақстан университетінің базасында Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының филиалдары ашылғалы жатыр. Филиалдар жұмысының бір бағыты осы болатын шығар.
Тұсаукесер рәсімінен кейін қонақтар мен ғалымдар, қоғам өкілдері, өлкетанушылар мен журналистер Жамбыл ауданындағы Әлти байдың қыстауына сапар шегіп, осында салынуға тиісті ашық аспан астындағы музей-кешеннің алғашқы қадасына капсула салуға қатысты. Бұл мекен қазір киелі жерлер қатарына енгізілген, енді осында белгілі мүсінші Қазыбек Сатыбалдының жобасымен барлық туристерді қызықтыратын кешен бой көтеретін болады. Одан әрі қонақтар Жамбыл ауданының орталығы Преснов ауылына барып, жергілікті тұрғындарға саяси қуғын-сүргіннің қасіреті туралы әңгімелер айтты. Осынау іс-шаралардың және жинақты шығарудың бас демеушісі – Әлти байдың ұрпағы, кәсіпкер Нағашыбай Барлыбаев.
Солтүстік Қазақстан облысы