
Айтса айтқандай-ақ, Стивен Шварцманның бизнес әлеміне аяқ басқан 1985 жылдан бастап 2019 жылға дейін басынан кешірген сан алуан сәтсіз сәттері мен маңдай терімен қол жеткізген сүбелі жетістіктері оған әлгі әлемнің кілті болып табылатын көшбасшылық қасиетті ғана емес, сол әлемдегі кәсіби мамандармен тиімді қарым-қатынас орната білудің оңтайлы тетіктерін де, сонымен қатар толыққанды өмір сүрудің қыр-сырын қоса дарытқаны айқын байқалады. Соның арқасында болар, бизнес әлеміне аса танымал Forbes журналының 2011 жылғы мәліметі бойынша, Стивен Шварцман сол жылғы ең бай әрі бақуаттылар санатына енген 400 америкалық кәсіпкердің арасынан 52-орынды иеленген екен.
Бүгінгі таңда Стивен Шварцманның Питер Петерсон дейтін өз әріптесімен бірлесе отырып о баста құрған Blackstone сынды инвестициялық компаниясы адам таңғаларлық толағай табыстарға қол жеткізгені тайға таңба басқандай көрініп тұр. Өйткені 1985 жылы қос кәсіпкердің әрқайсысы 200000 доллардан үлес шығарып, 400000 доллармен старт-ап жоба ретінде өмірге келген Blackstone компанияcы әр жыл сайын 50 пайыздық өсім динамикасымен дами отырып, бүгінге дейінгі отыз жылдан аса уақыт ішінде қарамағында 500 мың жұмысшысы бар 200-ге тарта компанияға иелік етіп қана қоймай, іргелі трансұлттық корпорацияға айналып үлгерген. Компанияның иелігіндегі жылжитын әрі жылжымайтын мүлік пен күллі активтерінің жиынтық құны 2020 жылы 564 миллиард долларға теңелген.
Бір қарағанда бәрі де оп-оңай сияқты. Ал шындығында, Стивен Шварцман туындысына тереңірек үңілсек, бизнес әлемінің, оның ішінде, әсіресе қаржы әлемінің де қиындықтарға толы ой-шұқырлары мен нәзік тұстарының жетіп артылатыны көзге ұрып тұр. Біріншіден, Шварцманның өмір жолы дәлелдеп отырғандай, үлкен бизнес бастау қандай қиын болса, шағын бизнес бастаудың машақаты да соншалықты қиын екені анық аңғарылады. Екіншіден, Стивен Шварцманның көзі анық жеткен және бір шындық бар. Ол шындық мынау: іргелі корпорациялар бір сәтте күйреп қалмайды, өйткені олай болу үшін оларға ұзақ мерзім қажет болады. Ал қаржы жүйесі болса, оның ішінде, әсіресе банктер титтей қателіктің салдарынан бір-ақ сәтте банкротқа ұшырайды екен. Мұның айқын дәлелдерін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Өйткені Шварцман уәжінің нақты дәлелдері 1930 жылдары АҚШ-та басталып, күллі әлемді шарпыған Ұлы депрессиядан да, болмаса 2008 жылы алдымен Америка Құрама Штаттарының қаржы жүйесін бір сәтте қиратып, содан соң күллі әлем елдерінің банк жүйелерін жапырып кеткен жаһандық дағдарыстан да ап-айқын байқалады.
Ендеше, дәл осы тұста өз қатарының арасынан жастайынан суырылып шығып, жүзден жүйрік қана емес, мыңнан тұлпар атанған Стивен Шварцманның бас-аяғы отыз бес жылдың ішінде ғана жоғардағыдай үздік жетістіктерге жетуінің сыры неде деген риторикалық сұрақтың кез келген адамның алдынан кесе-көлденеңдеп шығатыны әбден заңды. Сондықтан да әлгі сұраққа дәлелді жауап іздер болсақ, ең әуелі Стивен Шварцманның өскен ортасы мен биографиясына көз жүгірту абзал. Шварцман 1947 жылы америкалық еврей бизнесменнің отбасында дүниеге келген. Орта мектепте оқып жүрген кезінде-ақ, 14 жастағы Шварцман өзінен жасы кіші егіз інілерімен бірлесе отырып, шөп шабумен айналысады. 1965 жылы мектепті бітіріп, алдымен Иель университетінде білім алады. Содан соң қысқа мерзім әскерде болып, артынша Гарвард университетінің Бизнес мектебіне түседі де, оны 1972 жылы бітіріп шығады. Қаржы саласындағы оның алғашқы қызметі Credit Suisse банкімен 2000 жылы бірігіп кеткен Donaldson, Lufkin & Jenrette инвестициялық банктен басталады. Ал Гарвард университетінің Бизнес мектебін бітірген соң ол Нью-Йорктегі Lehman Brothers деп аталатын инвестициялық банкке ауысады да, 31 жасында сол банктің атқарушы директоры қызметіне ие болады. 1985 жылы Шварцман өзінің тікелей бастығы Питер Петерсонмен бірлесе отырып, жоғарыда аталған келешегі мол Blackstone компаниясын құрады.
Біз тілге тиек етіп отырған кәсіби банкир Стивен Шварцманның жоғарыда аталған заманауи туындысын жазуға он жыл өмірін арнағанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Өйткені мұндай ғибраты мол заманауи туындыны жарыққа шығару үшін автордың көп ойланып, терең толғанғаны айқын байқалады. Бизнестің қыр-сырын терең білетін кәсіби маман әрі қайраткер-жазушы бұл туындысы арқылы өскелең жастарға кез келген кәсіпті бастап кету ғана емес, оны дөңгелетіп алып кету үшін де сегіз қырлы, бір сырлы болу тым аздық ететінін ашық айтады. Сондықтан да кез келген кәсіпті жолға қою үшін, ең алдымен, қаржы ғана емес, әлгі кәсіп туралы терең зерттеу жүргізу үшін жан-жақты ақпарат жинау керектігі менмұндалап тұр. Сонымен қатар терең дайындық, білім мен білік, кәсіби команда топтастыра білу және әрбір маманды талғампаздықпен таңдай білу, қабілет пен қарымдылық, бәсекеге лайықтылық, тәуекел ете білу, қажыр мен батылдық, төзімділік пен сабырлық, шынайылық пен әділеттілік, жақсыдан үйрене жүріп, жаманнан жирене білу, өзімбілемдіктен аулақ болу, өзге адамның пікірімен санаса білу, ашықтық, сыпайылық пен дипломатия, келіссөздерге кешікпей келу, нарықтағы сұраныс пен ұсынысты бағамдай білу, қиын мәселелерді команда мүшелерімен ақылдаса отырып шешу, шындықты бетке айтудан жасқанбау, кез келген мәселені пісіріп алып қана шешім қабылдау, қателіктерді мойындай білу, білмегеніңді білетін адамнан сұрауға жасқанбау, өзге жанға қолұшын беру, жіберген қателіктердің себебін анықтап алып қана алға жылжу керектігін батыл ұсынады. Бұл тұрғыдан келгенде Стивен Шварцманның аталған туындысын тек жастарға ғана емес, тәжірибесі мол әккі кәсіпкерлерге де арналған нұсқаулық десе жарасатын сыңайлы.
Дәл осы тұста жоғарыда моншаққа тізілген парасатты қасиеттердің Стивен Шварцманның бойынан да, болмыс-бітімінен де табылатынын нақты дәлелдейтін және бір құндылыққа тоқталмай өту мүмкін емес. Ол құндылықтың тобықтай түйіні мынау: жоғарыда аталған жаһандық дағдарыс кезінде Нью-Йорктегі күллі әлемге аты мәшһүр Wall Street ауданында орналасқан алпауыт банктердің күйзеліске ұшырамағаны жоқ десек, мүлде артық айтқандық емес. Алайда әлгі алапат дағдарыстан аман қалған Стивен Шварцман мен Питер Петерсон басшылық ететін Blackstone инвестициялық корпорациясы ғана болатын.
Сегіз қырлы Стивен Шварцманның саяси және экономикалық көзқарасына келетін болсақ, ол Республикалық партияның мүшесі әрі АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың көп жылғы досы ғана емес, оның штаттан тыс кеңесшісі әрі біраз уақыт сол президенттің қасындағы Стратегиялық саясат форумының жетекшісі болған. 2016 жылы Шварцман президент Трампқа жұмыс және экономика саласы бойынша ақыл-кеңес беріп отыратын іргелі корпорациялар басшыларынан тұратын команданы құруға көмектеседі. Бұл командаға JPMorgan Chase корпорациясының Бас директоры Jamie Dimon, Walt Disney корпорациясының қожайыны Bob Igor, General Electric корпорациясының бұрынғы төрағасы Jack Welsh секілді белгілі тұлғалар топтастырылған болатын. Президент Трамп Шварцманды 16 адамнан құралған әлгі топтың, яғни Стратегиялық және саясат форумының жетекшісі етіп тағайындайды. Бұл топтың негізгі қызметі АҚШ-тың іргелі корпорациялары мен банктерінің, сол сияқты инвестициялық фирмаларының басшыларының бастарын қоса отырып, президентке жұмыс орындарының санын қалайша көбейтуге болатыны жөнінде немесе АҚШ экономикасын қалайша қарқынды дамытуға болатыны жайында ақыл-кеңес беру болатын. Алайда көп ұзамай, әлгі топқа енген бес тұлға белгісіз себептермен мүшеліктерінен бас тартқандықтан, бұл топ жұмысын кілт тоқтатқан-ды. Солайы солай болғанмен, Стивен Шварцман Дональд Трамптың идеяларын қолдауға үнемі қомақты қаржы бөлуін жалғастыра берген.
Стивен Шварцманның филантропиялық қыры да ерекше назар аударуды қажет етеді. Мәселен, 2004 жылы ол өзінің жас кезінде білім алған Абингтон орта мектебіне қомақты қаржы бөліп, футбол стадионын салып берді. 2008 жылы Шварцман Нью-Йорк қаласының көпшілік кітапханасының әлеуетін кеңейту үшін 100 миллион доллар қаржы бөлгенін жария еткен болатын. Көп ұзамай әлгі кітапхананың орталық анықтама ғимаратының бұрынғы атауы Стивен Шварцман ғимараты болып өзгертіледі. 2018 жылы Шварцман Израиль мемлекетінің Ұлттық кітапханасына да қайырымдылық жасап, 10 миллион доллар бөлді. Ал 2013 жылы Шварцман өзінің жеке қорынан 100 миллион доллар шығарып, Қытайдың Синхуа университетінің қасынан Шварцман атындағы стипендиялық бағдарламаны ашты да, бұл бағдарламаның гранттық қорын 200 миллион долларға жеткізу мақсатымен үгіт-насихат кампаниясын бірден бастап кетеді. Есесіне бұл бағдарлама күні бүгінге дейін жемісті жұмыс атқарып келеді. 2015 жылы Иель университетінің ректоры Peter Salovey Шварцманның өзі білім алған университет кампусының орталығын дамыту үшін 150 миллион доллар қаржы бөлгенін жария етті. 2018 жылы Шварцман жоғарыда аталған Абингтон мектебіне тағы да 25 миллион доллар бөлетінін жариялады. Келесі 2019 жылы Шварцман Массачусетс технологиялық институтының іргесінен жасанды интеллект саласына бағышталған Шварцман атындағы компьютерлік есеп колледжін ашу үшін 350 миллион доллар қаржы бөлді. 2019 жылы Оксфорд университетінің басшылығы сол университеттің аясынан Шварцман атындағы гуманитарлық ғылыми-зерттеу орталығын ашуға Шварцманның 150 миллион қаржы бөлгенін жария етті. Алайда Шварцманның филантропиялық қыры осымен ғана шектелмейді. 2020 жылға жоспарланған Токио Олимпиадасы мен 2024 жылы өтетін Париж Олимпиадасының қарсаңында да америкалық спортшылардың дайындығына өз үлесін қосу үшін Шварцман АҚШ-тың Жеңіл атлетика қорына 8 миллион доллар аударатынын жариялады.
Стивен Шварцманның халықаралық аренадағы дипломатиялық және мәмілегерлік қабілеті де мақтауға тұрарлық. Шварцманның аталған қырлары, әсіресе президент Дональд Трамптың бастамасымен АҚШ пен Канада және АҚШ пен Мексика, сол сияқты АҚШ пен Қытай мемлекеттерінің арасында бұрыннан қалыптасып қалған сауда-саттық қарым-қатынастары мен экономикалық байланыстарды қайта қарау кезінде ерекше байқалды. Шварцманның кәсіби ақыл-кеңесінің арқасында жоғарыда аталған мемлекеттердің ара қатынастарына қатысты көптен қордаланып қалған түйткілді мәселе оң шешімін тапқан болатын.
Мақаланы осымен түйіндей келе, «Астана» халықаралық қаржы орталығы басшылығының қолдауымен Стивен Шварцманның аталған туындысының биыл қазақ тіліне аударылып, баспадан шыққанын және жуық арада оқырмандарымен қауышатынын қуанышпен құптай отырып, еліміздің бүгінгі және болашақ кәсіпкерлеріне және бай-бақуатты миллионерлері мен миллиардерлері «Жапалақ жемін жамбасына басып жейді, Ақсұңқар жан-жағына шашып жейді» деген дана халқымыздың астары терең тәмсілін естен шығармай, Стивен Шварцманның жоғарыда аталған кәсіби және адами қасиеттеріне ие болуға талпынса, Шварцман секілді туған жері мен елінің, сондай-ақ өздері білім алған мектептері мен университеттеріне жомарт қолдарын созып, оларға филантрофиялық қолдау көрсетсе, сол сияқты Шварцман секілді нағыз меритократ-патриот әрі шын мәніндегі мемлекет және қоғам қайраткерлері атанса, ондай біртуар тұлғалар халқымыздың есінде мәңгі қалар еді дегім келеді.
Әділ АХМЕТОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері