Ал кейінгі орыс жастарының ұстаз тұтар ақыны – Иосиф Бродский. Бажайлап қарасаңыз, дарынды орыс жастарының арасында Бродскийдің аурасымен дерттенбеген ақын кемде-кем. Тіпті кейбір әдебиет сыншылары «Бродский өзіне дейінгі һәм өзінен кейінгі елу жылды жұтып қойды» десе, енді бірі Пушкиннен кейінгі реформатор Бородский деген пікірге тоқтайды. Жо-жоқ, әрине. Біз бұл пікірге келісе қоймаймыз. Бірақ Бродскийдің жалғыздығы көп таланттан тереңірек әм қоюлау болғаны рас.
Еврей отбасында дүниеге келген ақын ең алғаш ақын Баратынскийдің жыр жинағын оқу арқылы өлең жазуға ынтасы ашылады. Мұнан соң бірінің соңынан бірін өндіре жазып, жақсы жырлар дүниеге әкеле бастады. Сол тұста Ленинградта Евгений Рейн бастаған ақындар ортасы қалыптасты. Бұлар Евтушенко, Вознесенский сынды эстрада ақындарынан бөлек, көше ақындарына тән өмір кешті. Бродскийдің алғашқы табысы саналатын өлеңінің бірі «Джон Донн туралы үлкен элегия» еді.
Джон Донн қалың ұйқы құшағында,
Айнала да көз ілді құса-мұңда.
Қабырға, еден, төсек, сурет, үстел –
Жамылып жатыр бәрі көне түспен.
Суырма, бюффэ, майшам, ілмек, перде:
Қиялын түртті олардың түн кеп төрге.
Бөтелке, кесе, леген, пышақ пен нан –
Қалғыды ризық пен нысап бейғам.
Хрусталь, фарфор, фаянс,
көйлек-көншек
желді құс қып ойнайды, айды – әткеншек.
Баспалдақ, жиһаз, сағат, терезе, есік:
құс жолына жұтылды желе көшіп.
Түннің жетім елесі кезді әлемді,
Жан қалғыды алдымен, сөз бөгелді.
Ақын Айбол Исламғали аударған өлеңнің әуені мен ырғағы бұрынғы орыс ақындарынан бөлек. Мазмұны жағынан да тосын. Осы бір өлеңін оқығанда Анна Ахматова жас ақынға елжірей қарап: «Сен өзіңнің қандай туынды жазғаныңды білмейсің ғой...» десе керек. Ахматова жас «сиқыршының» алып дүние жазғанын өзі де байқамай қалғанын қалай анық сезінген десеңші?!
Бродский жиырма бес жасқа жақындағанда тағдырдың тегеурінді сынына ұшырайды. Оны еш ресми мекемеде жұмыс істемейтін «арамтамақтығы» үшін сотқа шақырады. Сот төрағасы мен жиырма бес жасар Бродскийдің диалогына назар салалық:
«Сот: Неге еш мекемеде жұмыс істемейсіз?
Бродский: Істеймін, өлең жазамын.
Сот: Негізгі мамандығыңыз қандай?
Бродский: Ақын. Ақын, аудармашы.
Сот: Сіздің ақындығыңызды кім мойындады? Ақындардың санатына кім қосып жүр?
Бродский: Ешкім. Ал мені адамзат сапына кім қосты?
Сот: Сіз мұның оқуын оқыдыңыз ба?
Бродский: Ненің?
Сот: Ақындықтың? Қандай да бір оқу орнын бітірмедіңіз бе?
Бродский: Ақындық білім арқылы беріледі деп ойламаймын.
Сот: Енді қалай?
Бродский: Бұл Құдайдан берілетін сый деп білемін...».
Міне, жас Бродскийдің сот залындағы мінезі мен талант қуаты осы диалогтан-ақ аңғарылса керек. Мұнан соң ақынды сот үкімі Ленинград қаласының Дзержинский ауданына еңбек өтілін өтеуге жер аударады. Осында жүріп ақын испан, ағылшын ақындарын аударып, көптеген өлең жазады. Араға жазушы Жан Поль Сартр, ақын Анна Ахматова сынды қаламгерлердің араласуымен айдаудан мерзімінен бұрын босап шығады. Әйтсе де, жандайшаптардың құрығынан құтыла алмады. Абақты мен қуғыннан қажыған ол отыз жасқа таяғанда Америкаға қоныс аударады. Алыс құрлықта студенттерге сабақ беріп жүріп, 1987 жылы небәрі 47 жасында Нобель сыйлығының иегері атанып, ақын есімі төрткүл жаһанға жайылады. Бір қызығы, ресейліктердің қаншама шақыртуына қарамастан Бродский отанына қайта оралған жоқ...
Ол өзге замандастары секілді мыңдаған адамы бар стадиондарда өлең оқыған емес. Өзгелерді мойындатуға тырысқан жоқ. Оның паң және саяқ болмысын көрген жандар «гений» деп баға беріп жатты. Ақын адамзатты поэзия оқуға шақырып, ізгілікке құрылған саяси принциптерін еш қаймықпай жариялап жүрді. Ол жалғыз еді... Кейде өзі сабақ берген студенттеріне қарап бақырып күліп, бірде «сендер ақымақсыңдар» деп кінәласа, енді бірде Йейтстің өлеңдерін оқып көзіне жас алатын. Айдаладағы дөңнен тіксіне қараған бұғы секілді қорапқа сыймас болмысы Бродскийдің тағдырын сан-саққа тарыдай шашты. Бірақ ол қоғамның иленген балшығына айналған жоқ, керісінше Тәңір сынды сол балшықтан өзді-өзін жасап шығарды. Ақын елу алты жасқа қараған шағында жазу үстелінде көз жұмды. Бродский барлық ұлылар секілді жалғыздықтың төл перзенті еді, қазір де жападан-жалғыз көгілдір аспанға қарап жатқан болар. Барсаң сәлем дегейсің, жас ұлан!