Қазақстан • 03 Маусым, 2022

Жастар және рәмізтанудың жаңа міндеттері

571 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекеттің рәміздерін қадірлеу – ел азаматтары үшін айрықша парыз. Әрбір адам Отан құндылықтарын жанымен түсініп, оларды жан-жақты тануға және өзгеге таныстыруға жұмылуға тиіс. Оны жете біліп, қадір-қасиетін ұққанда, тарихын, тілін, дәстүрін, өткен жолын, рухын, сайын даласын, асқар тауын, мөлдір суын қайсарлықпен қорғаған ерлерге деген мақтаныш сезімі оянатыны рас.

Жастар және рәмізтанудың жаңа міндеттері

Бүгінгі Қазақстанның рухани-моральдық сауығуы, нығаюы мен дамуы осы елдік һәм мемле­кет­шілдік серпілумен тікелей байланысты. Біздің ұғымымызда рәміз­тану – көзсіз сүйіспеншілік емес, Отанға, елге деген ата-баба қаны­мен бойға сіңген саналы әрі шы­найы құштарлық. Рәмізтану ұғы­мы туған мемлекетке, жаралған топы­рақ пен өскен ортаға деген ізгі сезімді ғана білдірмейді, ол – елдік бірлікті, халықтық қасиет пен сапа­ны, азаттық үшін күресті, тарихи жол мен жасам­паздықты қастерлеуді аңғартатын кең ұғым. Ол – елдің өткеніне, бүгініне, келе­шегіне деген берік сенім мен терең жауапкершілікті оятатын рухани іргетастың бір жүйесі.

Қазір Қазақстан жаңаруға бет алған кезең­де рәмізтану еліміз­дің аса маңызды әрі өзекті қағи­да­­тына айналып отыр. Өйткені ол – отаншылдықтың бірегей сала­сы. Қазіргі әлемдік сын-қатер­лер тұсын­да тәуелсіз еліміздің ғалам­дағы орны мен қауіпсіздік мәселе­сі барша­мыз үшін отаншылдық өлшемі екенін де есте ұстаған жөн. Осы аяда 5 мау­сымда өтетін Ата Заңға енгізілер өз­­­ге­рістер мен то­лық­тыруларға бай­ла­нысты рефе­рен­думды да – ел­дік бірлік пен даму­дың шарты деп қабыл­да­ғаны­мыз дұрыс.

Болашақта мемлекетіміздің жауапты орын­дарына жаңа күш­пен, сапалы әлеуетпен келеді деп үміт­те­ніп отырған жастарымыздың отаншылдық міндеті де, парызы да – елдің арман-мүддесін жоғары қою, халқының әл-ауқатын көтеру, жан-жақты дамуын қамта­масыз ету жолында тер төгу, бұрынғы-кейінгі қателіктерден сабақ алу, дана Абай айтқан «бес асыл істен» айнымау. Бұл оңай емес, бірақ қоғам ізденсе, жауапты болса, ретімен жүзеге асатын бел-белес.

Қазақстан жастары үшін рәміз­танудың жаңа міндеті – білім мен ақылға байланысты. Біз Тәуел­сіз­діктің қиын да күрделі 30 жылдығын жүріп өттік. Алда бұдан да жауапты асулар тұр. Ендеше, мемлекет нышандарын жай ғана насихатта­­май, өміріміздің мәніне, тірлігіміз­дің арқауына, бірлігіміздің өзегіне айналдырсақ қана ұтамыз. Жастар өмірінің мәні – жасампаздық, тір­лігінің өлшемі – үзіліссіз іздену, бір­лігінің қағидаты – сенім. Осының бәрі білім мен ақылға, намыс пен жауап­кершілікке байланысты.

Елін ойлаған азамат үшін Отан­ның азат­тығынан, елдің баян­ды­лығынан асқан бақыт жоқ. Тасқа жазылған тарих та, тарихшы ғалым­дарымыздың қадау-қадау зерт­теулері де бүгінгі қазақ жерінде ата-баба­ларымыздың кемі 5 мың жыл­дан бері тұрып жатқанын, іргелі елдік бірлестіктер мен мемлекеттер құр­ғанын, Ұлы дала топырағында төрт түліктің арқасында лайықты шаруашылық, халықтың парасатын ұлықтаған терең мәдениет бол­ғанын дәлелдейді. Бодандық­тың неше түрлі бұғауын да бұзып, «феномен-феникс» сынды қайта елдік пен мемлекеттілікті қалпына келтіргенбіз. Осының бәрі мемле­кеттік рәміздерімізде көрініс тапқан.

Еліміздегі жастарға бағытталған рәміз­танудың екінші міндеті – осы саланың тео­риясы мен тәжірибесін қатар ұстауға қатыс­­ты. Жалпы, ғы­лымға жете және сындарлы (кон­структивті) көңіл бөлген ел ғана топ­тан озып шығады. Ғылым­ды дерексіз, абстрак­ты деп қабылдамау керек. Ол сіз бен біз­дің өміріміздің арқауында, жүйесінде өмір сүріп жатыр. Сондықтан елтаңба, ту, әнұранға байланысты тосын, тың, ойлы зерт­теулер және соны тү­сіндіретін білгір маман­дар, әсі­ре­се талапты жастар қажет. Ал мәсе­­ленің практикалық мәні­не кел­сек, біз мемлекеттік рәміз­дер­ді күн­делікті өмірі­міздің, тірші­лігіміздің (айналамыздағы кез келген лайық­ты көрсетуге жарай­тын форматтар т.б.) атрибутына айналдыратындай креативті ұсы­ныстар­ды талқылап, жүзеге асыра білуіміз маңызды.

Осы күні талантты, ізденгіш жас­­­тар аз емес. Солардың идеясы­на, шы­ғармашылық бастамасына, та­би­ғи білігіне құлақ асып, мүмкін­ді­гін­ше қолдағанымыз жөн. Бұл ба­ғыт­та бүкіл Қазақстан жастары­­ның мақ­саты айқын болуы керек. Ол – ұлы мақсатпен, ха­лық арманымен мемлекеттілік арқа­уын қай­та жалғаған еліміздің мем­лекеттік рә­міздерін үйлесім мен сенім­нің те­тігіне, даму нышанына айнал­дыру. Ел жастарының талабы, ойы, ар-ұжданы, білімі осы оймен тұ­тасса, отаншылдыққа қатысты көп мә­селе өзінен өзі-ақ шешілетіні сөзсіз.

 

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың проректоры,

профессор, ҰҒА академигі