Ғылым • 03 Маусым, 2022

Алдымызда асқаралы міндеттер тұр

231 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекетіміздің тұрақты дамуы ұлттық ғылым жүйесінің дұрыс құрылымдануымен тығыз байланысты. Соңғы жылдары еліміздің білім және ғылым жүйесінде қордаланып қалған өзекті мәселелер қоғамда жиі талқы­ланып, кең көлемде айтылып жүргені белгілі.

Алдымызда асқаралы міндеттер тұр

Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық ғылым академиясының салтанатты сессиясының жұмысына қатысуы ғы­лыми қауымдастықты бір серпілтіп тас­тады деуге негіз бар. Өйткені көп­­тен күткен кездесу ғалымдарды толған­дырған көптеген түйткілді мәсе­ленің шешімін табуына мүмкіндік берді.

Ұлттық ғылым академиясы мем­лекеттік мәртебесінен айыры­лып, қо­ғам­дық ұйым деңгейіне төмен­деп кеткеннен кейін, ғылымды дамы­тудың бұрынғы қалыптасқан жүйе­сінен мүлде ауытқып кетті. Сал­да­ры­нан ғылымды қаржыландыру, бәсе­келестік, ғылымды жариялау, өнді­рісті тәжірибе жүзінде іске асыру жа­ғы­ның әлсіреп кеткені  жасырын емес. Осы орайда ғылыми кадрлар әлеуе­тінің жоғары екенін назарға алатын болсақ, Президенттің академияға мем­лекеттік мәртебе беріп, бюджет есе­бінен қаржыландыру мәселесін көтеруі отандық ғылым саласының алдында үлкен белестер тұрғандығын көрсетеді.

Айта кететін маңызды бір мәселе, Прези­денттің Білім және ғылым ми­нис­тр­лігін екі ведомствоға бөлу туралы ұсынысы ғы­лым­ды кешенді дамы­туға, оның бәсеке­ге қабі­летті­лігін қамтамасыз етуге ба­рын­­ша көңіл бөлгендігінің айғағы. Бұл сала­лық ведомстволардың жеке-жеке қар­жы­лан­дырылуына, бұдан әрі қарай кадр да­йындау, әлемдік ғылым сала­сының базасына ену сияқты кешенді міндеттердің іске асуына ықпал ететін болады.

Мемлекет басшысы сонымен бірге ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасын арттыруға тоқталып, Ұлттық дәйексөз алу жүйесін құру қажеттігін алға тартты. Мұндай қадам отандық ғылыми журналдардың әлеуетін артты­руға, әлемдік индекстерге тіркелу жағы­на көңіл бөлуге мүмкіндік беретіні сөз­сіз. Осыған қарағанда, ұлттық ғылымды дамыту өзінің классикалық жүйесіне жақындай түсетіні анық. Қоғамдық-гу­манитарлық ғылымдарды, яғни қазақ әдебиеті, өлкетану, тарихты, тіл­ді дамыту мәселесіндегі асқаралы мін­деттер отандық ғылымды дамытып, ұлт­тық мүддеге қызмет етуге, бәсекеге қабі­леттілікке жол ашады деген сенім зор.

 

Кенжехан МАТЫЖАНОВ,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры,

филология ғылымдарының докторы, ҰҒА корреспондент-мүшесі