Қоғам • 03 Маусым, 2022

Сегіз қырлы, бір сырлы азамат

389 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Дөңгеленген дүние бір орнында тұр­мақ емес. Диір­­меннің тасы секілді тоқ­­таусыз ай­­нала бермек. Осынау дүр-дүниеде әр­кімнің несібесі әртүрлі. Бірақ төрт құбыласы тең адам сирек шы­ғар. Біреуге бала бергенмен, оған сана бермейді. Енді біреуге дүниені төк­кенімен, артына ұрпақ қал­дырт­пай армандатып қояды. Ал біз ерекше қадір тұтатын Сатыбалды Әбдіғаппарұлының басындағы бағы бес елі десек те болады. Шүкір, үлгілі ата, өнегелі әке, кішіге үлгі болар аға, ағаның тынысы бола білген іні.

Сегіз қырлы, бір сырлы азамат

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, бүкіл елде халық шаруашылығын қалпына келтіру ісі жүріп жатқан шақта Әбдіғаппар қарияның үйінде қуаныш оты лап етті. Дүниеге ұл келіп, елге сыйлы ақсақалды ауыл болып құттықтап жатты. Балаға қария­ның көңілінде көптен жүрген ныспы – Сатыбалды есімі беріледі. Ол уақыт әрі тартсаң бері, бері тартсаң әрі жетпейтін қиын кезең болатын. Сонда да Әбдіғаппар қария бала-шағасын тарықтырмауға тырыс­ты. Сапалы білім берді. Атақты ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі», деген екен. Әке тәрбиесін мықтап сіңірген Сатыбалды құрылысшыларды даярлайтын оқу орнына түседі. «Инженер-құрылысшы, жолдар мен көпірлерді салу және пайдалануға беру жөніндегі инженер» мамандығын алып шыққан жас маман көп ойланбастан еңбек майданына сүңгіп кетеді. Бірнеше жол құрылысының басы-қасынан табылады. Дін жолымен қарасаңыз да жол жөндеген жанға тиер сауап мол емес пе? Қиқы-жиқы жолдан мезі болған ел даңғыраған тас жолға түскенде Сатыбалдыға разы болып, «Жолың болғыр!» деп талай айтты. Ел тілегі жерде қалмады. Кейіннен энергетика саласына қарай ойысады. Бұған дейін «Жолың болсын!» деген алғысқа бөленген атпал азамат енді ел-жұрттың «Көзің ашылғыр!» деген ақжарма тілегін алды.

Біліктіні қай заманда да қадірлеген. Мамандығына адал арда азаматтың омырауына «Құрмет» ордені тағылды. Бұған қоса оның «Құрметті энергетик» атағын иемденгені, омырауында жарқыраған «Еңбек ардагері» медалі еселі еңбегінің жемісі емес пе?! Энергетика саласын дамытуға орасан зор үлес қосқаны үшін Қазақстан Электрэнергетика қауымдас­тығы­ның «Еңбек сіңірген энергетик» құрметті атағымен, Қазақстан Энергетика минис­трлігінің «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медалімен, «Құрметті энер­­гетик» төсбелгісімен, Энер­гетика минис­трлігінің арнайы медалі­мен марапатталды. Энергетика министр­лі­гінің, Қазақстан Электрэнергетика қауымдас­ты­ғының және «Самұрық-Энерго» АҚ «Құрмет» грамоталарымен марапат­талды. Ал «Құрметті құрылысшы» төсбелгісінің Сатыбалды Әбдіғаппарұлы үшін орны бөлек. Марапаттары туралы сөз қозғағанда «Самұрық-Энерго» АҚ-ның 10 жылдығына арналған мерекелік медалін де айтпай кетуге болмас. Көпке көмегін аямайтын жанашыр азаматқа «Жамбыл облысы Талас ауда­ны­ның құрметті азаматы» атағы да берілді. Мұ­ның бәрі – оның еңбегінің әділ бағасы.

Сатыбалды Әбдіғаппарұлы Мойнақ ГЭС-і, Шардара ГЭС-і, Балқаш ГЭС-і, «Ерменсай» ҚС, «Алатау» ҚС, «Бесағаш» ҚС, «Алтай» ҚС, «Жас қанат» ҚС және бас­қа да бірқатар энергетикалық сектор объек­тілерінің құрылысын басқарды. Ал Екі­бастұз ГРЭС-2 көмір беру конвейерлік желісінің құлау себептерін анықтауға және оны қысқа мерзімде қалпына келтіруге сіңірген еңбегі – өз алдына бір төбе.

Сатыбалды Әбдіғаппарұлының негізгі мамандығы – инженер-құрылысшы. Соны­мен бірге заңгер, экономист. Ол бір емес, бірнеше мамандықты қатар меңгерген сегіз қырлы, бір сырлы азамат десек, артық айтқандық емес. «Жігітке жеті өнер де аз» деген нақылды біздің Сәкең дәлелдей түскендей.

Халқымыздың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы адам қартайғанда үш түрлі болады деген екен. Соның ішінде біздің Сәкеңе аузында дуасы бар, еліне мәуелі, сыйлы қария атану бақыты бұйырды. Өмірлік серігі екеуі өсірген өнегелі ұрпақтары бү­гінде еліміздің дамуы жолында әр салада жемісті еңбек етіп жүр. Сатыбалды Әбді­ғап­парұлы сол ұл-қыздарынан тараған н­емере-шөберелеріне өзінің өнегелі өмірінен сали­қалы сыр шертіп, жақсы тәрбие беріп отыр­ған асқар тау ата атанды. Мәуелі бәй­терек секілді жайқалып өсіп-өнген үлкен әулетке айналды.

 

«Алатау Жарық» компаниясының ұжымы