Сіз не дейсіз?
Биылғы жыл денсаулық сақтау саласын реформалаудағы соны қадаммен басталды. Бірыңғай ұлттық жүйені қолданысқа енгізу аясында республикалық деңгейдегі медициналық ақпараттық-талдау орталықтары құрылғаны белгілі. Қазір “Орталықтың аяқ алысы қалай?”, “Жауапты міндетті жүзеге асыруда қандай әрекеттер жасап жатырсыздар?”, “Халықтың көзқарасы, сенімі қалыптасты ма?” деген сұрақтарға жауап іздейтін уақыт жетті деп білеміз.
Ендеше, “Егемен Қазақстанның” Ақмола облысындағы тілшісі Бақберген Амалбек орталықтың облыстық филиалының директоры Марс Төлебаевқа:
– Сіз бұған не дейсіз?
– Жауапты облыс тұрғындарының өзі айтқаны жөн. Әйткенмен, ұжымымыз салалық ақпараттарды топтастырумен қатар, жерлестеріміздің ой-пікірлерін де жинақтайтындықтан, ойға түйген мәселелерді ортаға салғанның артықтығы жоқ деп білемін. Ақмола облыстық филиалының (АОФ) ауруханаға жатқызу бюросы 11 қаңтарда құрылғанымен, жалпы штаттық кесте 1 сәуірден бастап кеңейтілді. Сондықтан, қолында күту парақшасы бар науқастардың саны 200-ден асып кетті. Қазір 50-60 адамнан аспайды. Бұл – осындағы жиырма адамның жұмысқа жауапкершілікпен қарайтынының жемісі.
Олай дейтінім, облыста 31 аурухана, 19 емхана, 159 дәрігерлік амбулатория, 422 медициналық пункт бар. Аталған мекемелерден әртүрлі бағыттағы ақпараттар күн сайын жиналады. Жиналып, талданып, сұрыпталып қана қоймай, ол жедел қолданысқа енгізілуі керек. Бірінші тоқсанда ауруханаға жатқызу бюросына 5600 науқастан өтінім түссе, 4640 адам біздегі ұсыным деректері бойынша стационарларға жатқызылды. Мұндағы ауыл адамдарының үлесі, цифрларға шақсақ, сәйкесінше 2230 және 2163 болды. Бұның үстіне, республикалық ғылыми орталықтарға тілек білдірген 311 кісіге құжаттар толтырылды. Дәл қазір 798 адам күту қағазымен кезекте тұр.
Бұл сандар бір қарағанда көп болып көрінгенімен, 750 мың тұрғыны бар облыс үшін тәуір көрсеткіш санаймыз. Одан да азайтуға болушы еді. Неге десеңіз, көрші Петропавл қаласында үш аурухана бар. Көкшетаудың жалғыз қалалық ауруханасы бар. Оның үстіне нейрохирургия, кардиохирургия, қан тамырлары, жарақат, жүйке, гастроэнтерология және эндокринология бөлімшелерінің төсек орындары тым аз. Ал, кейбір салалық бағыттардың мүлдем жоқтығы квота кезегін өсіріп жіберуде.
Тағы бір мәселе, түсінік жұмыстарының әлі де әлсіздігінде. Науқастар орталықтың табалдырығын тоздырып, квота немесе арнайы код сұрап уақыт өткізеді. Дәрігерлер артық айтыс-тартыстан қашып, кейде бізге сілтеп жібереді. Сондықтан, насихаттық орталыққа да айналып кететініміз бар. Өзі ауырып жүрген адам жүйкесін тоздырмай-ақ, кез келген компьютер арқылы арнайы сайтымызға, электронды адресімізге хабарласса, толық ақпаратқа ие болады. Оның үстіне, емді міндетті түрде аурухана төсегінде қабылдау қажет деген талап дұрыс емес. Ауруханаға жоспарлы жатқызу көрсетімдеріне талдау жасағанымызда, науқастардың кем дегенде 25 пайызын күндізгі стационарда немесе үй жағдайында емдеуге болатындығы анықталды. Бұл қаржы үнемдеуді былай қойғанда, науқас пен дәрігер үшін де қолайлы. Әрине, біз ешкімге де “олай істеме, былай істе” деп айта алмаймыз.
Ақмола облысы.