Референдум-2022 • 06 Маусым, 2022

Ел тағдыры үшін жауапты іс

710 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1995 жылғы алғашқы референдумға мен тек дауыс беруші ретінде ғана емес, тікелей ұйымдастырушы болып штабта жұмыс істедім. Ол кезде мемлекеттік қызметте едім, Президент Әкімшілігінде ішкі саясат бөлімінің бірінші орынбасары болғанмын.

Ел тағдыры үшін жауапты іс

Тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарында халықтың көңіл күйі жоғары болғандығы белгілі. 1995 жыл­ғы референдумда саяси өрлеу үстін­де өтті десек ешқандай артық айт­қандық емес. Бірінші референдум Мем­лекет басшысының өкілеттігін 2000 жылға дейін ұзарту жөнінде болды. Халық ол ұсынысты қолдады. Өйт­кені ол кезде қайта-қайта сайлау жасап шаршаудың қажеті шамалы еді, екі тізгін, бір шылбырды бір қолға беріп, президенттік билікті күшейту қа­жет болатын. Екінші референдум Қазақ­станның жаңа Конституциясын тал­қылауға байланысты. Осы бағытта да үлкен жұмыс жүргізілді. Әлі есімде, 90 пайыз халық референдумды қолдады, 10 пайызы қарсы дауыс берді. 7 млн-нан астам адам қолдап, 800 мыңнан астамы қарсы дауыс берген болатын.

Қай мемлекеттің тұрпатын да, таби­ғатын да, тағдырын да, тыныс-тіршілігін де бәрінен бұрын Конституциясы айқын­дайды. Жаңа Қазақстанды құрудың Конституцияны жаңартудан басталып отырғаны сондықтан.

Бұл жаңарту – түбегейлі жаңарту. Конституцияның 33 бабына түзету енгі­зілмекші. Ал мұның өзі бүкіл Консти­туциядағы баптардың үштен бірі.

Реформаның кей бағыттарын санамалап шықсақ та өзгеріс көп бола­тынын аңғарта аламыз. Биліктің әсі­ре суперпрезиденттік моделінен прези­денттік республика моделіне ауысу жүзеге асырылмақшы. Билік тармақ­тарының өзара қарым-қатынасының тиімді, теңгерімді үлгісі жасалмақшы. Мемлекет пен қоғамның үнқатысуы­ның жаңа сипаты орнықтырылмақшы. Пар­ламенттің рөлі арттырылмақшы. Мәжіліске заңды қабылдау құқы беріл­мекші. Мәжіліс депутаттарын сайлау бұрынғыдай бір жолмен емес, екі жолмен, яғни партиялық тізімдер бойынша және бір мандатты округтер бойын­ша жүргізілмекші. Жұртшылықтың елді басқаруға қатысуы кеңейтілмек­ші. Адам құқын қорғау күшейтілмекші. Кон­сти­туциялық Сот құрылмақшы. Жо­ғары аудиторлық палата енгізілмекші.

Өмірімізге енетін өзгерістер Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкілет­тіктерін едәуір ықшамдайды. Бірақ Мемлекет басшысы осы қадамға өзі бас­та­машылық жасап отыр. Бұл өзгеріс­терді Қасым-Жомарт Кемелұлы халық­тың өкілеттіктерін барынша кеңейту үшін ұсынып отыр. Қазақстанда демо­кратияның дамуы, адам құқының қазір­гіден жақсырақ қорғалуы, жұрт­шы­лықтың өз елінің тағдырына жауапкер­шілігі арта түсуі үшін ұсынып отыр.

Референдум – бәріміз үшін тағдыр­шешті мәселе. Еліміздің қандай ел болатыны, Қазақстандағы демократияның қалай дамитыны азаматтарымыздың референдумдағы ұстанымына, ел тағ­дыры үшін жауапкершілігіне тікелей қатысты.

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Мәжіліс депутаты