Референдум-2022 • 06 Маусым, 2022

Референдумды халық қолдады

247 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Қазақстан тарихында 2022 жылғы 5 маусым ерекше оқиғамен есте қалады. Дәл осы күні елімізде жалпыхалықтық референдум өтті. Жаңа Қазақстанды қалыптастыратын, елдің ертеңін жарқын ететін, Екінші Республиканың іргетасын қалайтын өзгерістер дәл осы жаздың алғашқы жексенбісінен басталды. Сонымен еліміздегі референдум қалай өтті? Дауыс беру барысы қалай өзгерді? Азаматтардың белсенділігі қандай? Осы сұрақтардың жауабын алмақ үшін таңғы сағат 7-ден бастап Орталық референдум комиссиясының ғимаратына жиналдық.

Референдумды халық қолдады

Дауыс беру учаскелері таң атпай ашылды

Айта кетерлігі, референдум барысында ел тұрғындары Конс­титуциямыздың 33 бабына 56 өзгеріс енгізу мәселесіне қатысты өз дауыстарын берді. Жалпы, рес­пуб­ликада 10 013 учаске іске қо­­сыл­ды. Референдумға қатысу құ­қы­ғы бар азаматтардың тізімі 11 млн 722 мың 536 адамды құ­рады.

Сонымен қатар Сыртқы істер министрлігі 52 шет мемлекеттегі елшіліктеріміздің жанынан 65 учаскелік референдум комиссиясын құрды. Онда шетелде жүрген Қазақстан азаматтары дауыс берді. Қазіргі таңда олардың саны 11 350 адамға жетті.

Конституциялық референдум өткізуге республикалық бюджеттен 16 млрд 400 млн теңге бөлінді. Бұл шығыстардың 79 пайызы комиссия мүшелерінің жалақысын төлеуге бағытталады. Қалған 21 пайызы дауыс беру учас­келерінің материалдық-тех­никалық қамтамасыз етілуіне жұм­салады.

Қалған қаржы орталық референдум комиссиясы мен учаскелік әрі аумақтық комиссиясының жұмысына беріледі. Баспа өнім­дерін даяр­лауға, ақпараттық сүйе­мел­деуге, ел аума­ғында арнайы бил­бордтар орналастыруға бағыт­талды.

Таңғы 07:00-де ахуалды Ор­талық ре­фе­рендум комиссия­сы төрағасының орын­басары Константин Петров баяндап берді. Оның айтуынша, осы мезгілде 12 өңір­дегі 8 089 учаскеде дауыс беру басталды.

«Облыстық, республикалық маңызы бар қалалар, елорда комиссиялары өкілдерінің мәліметтеріне сәйкес астана уақытымен сағат 07:00-де 12 өңірдегі 8 089 учаскеде дауыс беру басталды. Қазақстан Рес­публикасының 10 шет мемле­кеттегі 12 учаскесінде де дауыс беру жүріп жатыр. Аумақтық комис­сиялар қабылдаған шешімге сәйкес Конституциялық заң аясында 36 учаскеде дауыс беру таңертеңгі алтыда басталды», деді Константин Петров.

Спикердің айтуынша, сағат белдеу­лерінің айырмашылығына байланысты Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында дауыс беру жергілікті уақыт бойынша 07:00-де, яғни, астана уақытымен 08:00-де басталды. Жалпы, рес­публика бойынша 10 012 референдум учаскесі құрылған. Оның ішінде 52 шет мемлекеттегі 65 учаске бар.

«Кеше сағат 18:00-де дауыс беру құ­қы­ғына арналған есептен шығару куә­лігін беру аяқталды. Республика бойынша барлығы 21 465 куәлік берілді. Дауыс беру құқығына ие азаматтардың тізімінде 11 722 536 азамат бар», деді К.Петров.

Бұдан кейін Орталық референдум комиссиясының мін­беріндегі мәлімдеме 08:00-де болды. Орталық референдум ко­мис­сиясының хатшысы Мұхтар Ерман жаңа мәліметтермен бөлісті. Оның айтуынша, таңғы 08:00-де 9 964 референдум учас­кесі жұмысқа кіріскен.

«Облыстық, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалық референдум комис­сияларының дерек­теріне сәйкес астана уақытымен сағат 08:00-дегі жағдай бойынша барлық өңірде 9 947 референдум учаскесінде дауыс беру басталды. Сондай-ақ 15 шет мемлекеттегі Қазақстан Республикасының өкіл­діктері жанындағы 17 учас­­кеде дауыс беру басталды. Шетелдегі 48 учаске уақыт айыр­­ма­­шылығына байланысты өздері­нің жергілікті уақытымен дауыс беруге кірісті. Осылайша, қазіргі таңда дауыс беру 9 964 референдум учаскесінде өтіп жатыр», деді Мұхтар Ерман.

Сондай-ақ спикер сағат 10-нан бастап Орталық референдум комиссиясының мүшелері әр екі сағат сайын брифинг өткізетінін хабарлады. Сөйтіп, келесі брифинг уәде етілгендей сағат 10:00-де басталды. Орталық референдум комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина кезекті мәлімдеме жасап, дауыс беруге арналған бюллетеньдерді тізімге енгізілген азаматтардың жалпы санының 28,59 пайызын алғанын атап өтті.

«Астана уақытымен сағат 10:00-дегі деректерге сәйкес да­уыс беру республиканың 9 992 учаскесінде өтіп жатыр. Аза­­­мат­тардың референдумға бел­­сен­ділігі – белсенді сайлау, мем­­лекеттік мәселелерді шешу­ге тікелей қатысу құқығына сана­лы және жауапкершілікпен қарау көрсеткіші. Облыстардың, рес­публикалық маңызы бар қала­лардың және астананың аумақтық комиссиялары Орталық референдум комиссиясына ұсынған деректерге сәйкеc астана уақытымен сағат 10:00-дегі жағдай бо­йынша референдумда дауыс берушілердің белсенділігі мынадай. Ел бойынша дауыс беруге арналған бюллетеньдерді тізімге енгізілген азаматтардың жалпы санының 28,59 пайызы алды», деді Сәбила Мұстафина.

Орталық референдум комиссиясы мүшесінің дерегіне сүйенсек, таңғы 10:00-ге дейін Ақмола облысы тұрғындарының – 26,63 пайыз, Ақтөбе облысы – 25,62 пайыз, Алматы облысы – 28,53 пайыз, Атырау облысы 29,87 пайыз дауыс берген. Батыс Қазақстан облысында – 32,20 па­йыз, Жамбыл облысында – 32,16 пайыз, Қарағанды облысында – 33,56 пайыз, Қостанай облысында – 30,14 пайыз, Қызылорда облысында 28,87 пайыз тұрғын референдумға қатысқан.

«Маңғыстау облысында – 23,67, Павлодар облысында – 33,14, Солтүстік Қазақстан облы­сында – 34,17, Түркістан облысында – 33,15, Шығыс Қазақстан облысында – 29,88, Нұр-Сұлтан қаласында – 24,18, Алматы қаласында – 13,91, Шымкент қаласында 34,19 пайыз дауыс берілді. Осылайша, азаматтардың ең жоғары белсенділігі Шымкент қаласында байқалады», деді Сәбила Мұстафина.

Сағат 12:00-дегі жағдай бо­йынша елімізде 5 122 577 адам референдумда дауыс берді. Орталық референдум комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов азамат­тар­дың жалпы санының 43,70 пайызы дауыс беруге арналған бюллетеньдерді алғанын жеткізді.

«Өңірлер бойынша: Ақмола облысы – 41,31, Ақтөбе облы­сы – 41,14, Ал­маты облысы – 43,05, Атырау облысы – 37,33, Батыс Қазақстан облысы – 47,58, Жамбыл облысы – 55,15, Қарағанды облысы – 51,60, Қостанай облысы – 49,96, Қы­зылорда облысы – 48,73, Маң­ғыстау облысы – 36,02, Пав­лодар облысы – 51,17, Солтүс­тік Қазақстан облысы – 58,25, Түр­кіс­тан облысы – 46,69, Шығыс Қазақ­стан облысы – 48,86, Нұр-Сұлтан қаласы – 37,03, Алматы қаласы – 20,14, Шымкент қаласы 44,61 пайыз», деді Шавхат Өтемісов.

Меже түске дейін бағындырылды

Сағат 14:00-дегі жағдай бо­йынша 6 262 973 адам дауыс берді. Осылайша, түске дейін элек­­тораттың жартысынан астамы өз таңдауын жасады. Орталық ре­фе­рендум комиссиясының мүше­сі Анастасия Щегорцова заң­ға сәйкес ре­фе­рендумға қаты­суға құқығы бар азамат­тар­дың жар­тысынан көбі дауыс бе­ру­ге қатысқан жағдайда референ­дум өт­к­ізілген деп саналатынын жет­кізді Осы­лайша, аумақтық ре­­ферендум комис­сияларының де­ректеріне сәйкес заңмен белгі­лен­ген келушіге қол жеткізіліп отыр

«Орталық референдум комиссиясына аймақтардан келіп түскен деректерге сәйкес сағат 14:00-дегі жағдай бойынша тізімге енгізілген азаматтардың төмендегідей саны дауыс беруге арналған бюллетеньдерді алды. Нақты айтқанда, Ақмола облысы – 56,89, Ақтөбе облысы – 45,64, Алматы облысы – 58,07, Атырау облысы – 50,68, Батыс Қазақстан облысы – 53,58, Жамбыл облысы – 63,46, Қарағанды облысы – 61,08, Қостанай облысы – 62,47, Қызылорда облысы – 65,03, Маңғыстау облысы – 43,36, Павлодар облысы – 57,79, Солтүстік Қазақстан облысы – 62,41, Түркістан облысы – 53,63, Шығыс Қазақстан облысы – 64,21, Нұр-Сұлтан қаласы – 41,13, Алматы қаласы – 23,06, Шымкент қаласы – 59,32 пайыз. Жалпы, сағат 14:00-дегі жағдай бойынша республиканың 6 262 973 азаматы бюллетень алды. Бұл тізімге енгізілген азаматтардың 53,43 пайызын құрайды», деді Анастасия Щегорцова.

Келесі брифинг сағат 16:00-де өтті. Орталық референдум комис­­сиясының мүшесі Асылбек Сма­ғұлов осы мерзімге дейін 7 127 366 адам дауыс бергенін хабар­лады.

«Облыстардың, респуб­ли­ка­лық ма­ңызы бар қалалардың және астананың аумақтық комиссиясы ұсынған деректерге сәйкес астана уақытымен сағат 16:00-де өңірлердегі азаматтардың сая­си науқанға келуі мынадай: Ақмола облысы – 65,11, Ақтөбе облысы – 53,52, Алматы облысы – 66,58, Атырау облысы – 56,19, Батыс Қазақстан об­лысы – 57,70, Жамбыл облысы – 67,36, Қарағанды облысы – 68,69, Қостанай облысы – 69,18, Қызылорда облысы – 72,26, Маңғыстау облысы – 53,13, Павлодар облысы – 64,58, Солтүстік Қазақстан облысы – 69,80, Түркістан облысы – 72, Шығыс Қазақстан облысы – 68,30, Нұр-Сұлтан қаласы – 48,40, Алматы қаласы – 25,95, Шымкент қаласы – 63,34 пайыз. Жалпы, сағат 16.00-дегі жағдай бойынша республиканың 7 127 366 азаматы бюллетень алған. Бұл – тізімге енген азаматтардың 60,80 пайызы», деді Асылбек Смағұлов.

Бұдан кейін Орталық референдум комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов сағат 18:00-дегі жағдай бойынша 7 624 641 адам дауыс бергенін мәлімдеді.

«Облыстардың, рес­пуб­ли­калық ма­ңызы бар қалалардың және астананың аумақтық комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес астана уақытымен сағат 18:00-де өңірлердегі азаматтардың келуі мынадай: Ақмола облысы – 69,07, Ақтөбе облысы – 55,09, Алматы облысы – 68,1, Атырау облысы – 62,45, Батыс Қазақстан облысы – 65,49, Жамбыл облысы – 68,1, Қарағанды облысы – 73,31, Қостанай облысы – 71,07, Қызылорда облысы – 75,02, Маңғыстау облысы – 59,14, Павлодар облысы – 72,88, Солтүстік Қазақстан облысы – 73,12, Түркістан облысы – 78,24, Шығыс Қазақстан облысы – 72,76, Нұр-Сұлтан қаласы – 53,87, Алматы қаласы – 29,82, Шымкент қаласы – 69,55 пайыз. Жалпы, рес­публика бойынша 7 624 641 азамат бюллетень алды. Бұл – тізімге енгізілген азаматтардың 65,04 пайызы», деді Шавхат Өтемісов.

Ал елорда уақытымен сағат 20:00-де еліміздің аумағында ашылған 8 мыңнан астам референдум учаскесінде дауыс беру аяқталды. Осылайша, 12 өңірдегі 8 089 референдум учаскесі жұ­мы­сын аяқтап, аумақтық референдум комиссиясының мүшелері дауыс санауға кірісті. Сонымен қатар 10 шет мемлекеттегі Қазақстан елшіліктері жанынан ашылған 17 учаскеде дауыс беру аяқталды. Сағат 20:00-дегі жағдай бойынша 7 936 655 адам дауыс берді. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман хабарлады.

Сағат айырмашылығына байланысты еліміздің 5 өңірінде, атап айтқанда Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарындағы 1 858 учаскеде дауыс беру астана уа­қытымен сағат 21:00-де аяқталды.

Түнгі сағат 22:00-де Орталық рефе­рендум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман рефе­рендумның алдын ала нәтижесін жариялады. Оның айтуынша, елімізде Ата Заңға енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларға қатысты өткізілген республикалық референдумда 8 030 739 азамат бюллетень алған.

«Орталық референдум комиссиясы астана уақытымен сағат 22:00-де еліміздің барлық өңірінде және 25 шетелдік учаскеде дауыс беру аяқталғанын хабарлайды. Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктерінің жанындағы 40 учаскеде дауыс беру әлі де жалғасып жатыр. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық комиссиялары ұсынған алдын ала деректері бойынша азаматтардың референдумға қатысу статистикасы мынадай болды: Ақмола облысы – 73,81, Ақтөбе облысы – 58,06, Алматы облысы – 72,83, Атырау облысы – 67,68, Батыс Қазақстан облысы – 69,37, Жамбыл облысы – 69,59, Қарағанды облысы – 77,39, Қостанай облысы – 72,28, Қызылорда облысы – 79,89, Маңғыстау облысы – 61,19, Павлодар облысы – 75,53, Солтүстік Қазақстан облысы – 75,49, Түркістан облысы – 80,66, Шығыс Қазақстан облысы – 77,49, Нұр-Сұлтан қаласы – 57,06, Алматы қаласы – 33,30, Шымкент қаласы – 72,53 пайыз», деді Мұхтар Ерман.

р

Шетелде дауыс бергендер көп

Уақыт белдеуіне байланысты Сол­түстік Америкада Вашингтон, Нью-Йорк, Оттавада және Бра­зилияда референдум учаскелері Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 18:00-де ашылды. Онда дауыс беру 9 сағатқа созылады. Дауыс беру нәтижелері шыққаннан кейін қорытынды құжаттар жедел түрде Сыртқы істер министрлігіне Есіл аудандық сайлау комиссиясына тапсыру үшін жеткізіледі.

«Референдум өтетін күні шетелде дауыс беретін қазақ­стан­дықтардың саны 11 350 адамды құрады. 52 елде референдум жақсы ұйымдастырылған жағдайда өтіп жатыр. Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 19:00-дегі жағдай бойынша шетелде 5 100-ге жуық отандасымыз дауыс берді. Бұл тиісті тізімге енгізілген сайлау­шылар санының 45 пайызын құрайды», деді Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.

Елдегі референдумға 10 ха­лық­­ара­лық ұйым­нан, 13 шет мем­лекеттің орталық референ­дум органдарынан 272 бай­қау­шы, сондай-ақ Қазақстан Рес­пуб­ликасында тір­келген дипло­матиялық корпустан 41 шетелдік байқаушы қатысты. Соны­мен қатар шетелдік БАҚ-тың 215 өкілі тіркелді. ТМД елдерінен 144 байқау­шы аккредиттелген, олар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және 4 облыс орталы­ғындағы референдум барысын бақылады.

Ресей мен Қырғызстан ОСК байқау­шылары да референдумда халық ара­сында жоғары белсенділікті атап өтіп, заң бұзу­шы­лықтардың жоқтығын жет­кізді. Дәстүр бойынша Еуро­па­дағы қа­уіпсіздік және ынтымақ­тас­тық ұйы­мының Демокра­тия­лық институттар және адам құқық­тары жөніндегі бюросынан ре­фе­рендумға 10 байқаушы қатысты.

«Жалпы дайындық және дауыс беру кезеңінде біз Қазақстанда 27 жылдан кейін референдумға қызығушылықтың арт­қанын атап өттік, мұны біздің көпте­ген халықаралық әріптестеріміз елі­міздегі демократиялық үдерістер мен рәсімдерді ұстанудың айқын дәлелі ретінде қабыл­дады», деп қорытындылады сөзін Роман Василенко.

Бұдан кейін шетелдік байқау­шы­лардың пікірі айтылды. «ТМД байқау­шы­лары референдумда техникалық жағы­нан да, сайлау тәртібін бұзуға қатысты да ескертулер жасаған жоқ. Барлығы Қазақ­стан заңнамасының, халық­аралық стандарт­тардың аясында өтті, дауыс беру про­цесі ашық әрі демокра­тиялық жағдай­да өтті», деді ТМД СК бай­қау­шы­ла­ры миссиясының жетекшісі Леонид Анфимов.

Алғашқы учаске Жапония мен Кореяда ашылды

Шетелде Жапония мен Корея Рес­пуб­ликасындағы отандастарымыз алғашқы болып дауыс берді. Сыртқы істер ми­нистрінің хабарлауынша, елдердегі референдум учаскелері уақыт белдеуіне байланысты бәрінен ерте ашылғанын жеткізді.

Токио қаласындағы №261 референдум учаскесі жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7:00-де (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 4:00-де) жұмысын бас­тады. Жапониядағы өкілдердің мәлімдеуінше, алғашқы минуттардан бастап қазақстандықтар айтарлықтай белсенділік таныт­қан. Токио қаласының тұрғыны Әли­жан Сәлиев – референдумда да­уыс берген алғашқы қазақ­стандық.

«Мен жақында 18 жасқа толдым және осындай тарихи оқи­ғаға алғаш рет қатысу мен үшін өте қызықты. Оған қоса бұл үлкен жауапкершілік, өйт­кені менің дауысым Конституцияны жа­ңар­туда ескерілетін болады. Мен Қазақ­стан­ның Жапония сияқты дамыған елге айнал­ғанын қалаймын», деді Әлижан Сәлиев.

Қазақстандықтар Токиоға Жапо­нияның әр түкпірінен, атап айтсақ Хиросима, Осака және Киото сияқты алыс префектура­лардан да дауыс беруге келіп жат­қанын айтты елшілік өкілдері.

Оңтүстік Кореяның астана­сын­дағы №258 учаскеге алғашқы болып қазақ­стандық отбасы Кәкім Данабаев пен Аруна Жәнібек келді. Олар Сеулде 10 жылдан астам уақыт тұрып жатыр.

«Мен корей серіктестеріммен бизнес жүргіземін. Олардың өз еліндегі жағ­дайды қалай талқы­лайтындарын, саяси өмірге бел­сенді қатысатынын жиі көремін. Сондықтан соңғы 10 жыл ішінде мен бірде-бір сайлауды өткізген жоқпын. Бұл жолы да өз дауысымды беруге келдім, өйткені референдумға қатысу – біздің аза­мат­тық парызымыз. Біздің дауы­сымыз – балаларымыздың бола­шағы», деді К.Данабаев.

К.Данабаев Оңтүстік Корея­дағы Ханъянг университетінің док­торантура­сын бітірген. Қазір Kazmedikor Қазақ­стан-Корей компаниясының тең құ­рыл­тайшысы. Қазақстан елшілігі рефе­рендумға ең бірінші келіп, қатысқан азаматтарға алғысын білдіріп, сыйлық табыстады. Қа­зақстан азаматтарының Жапония мен Корея Республикасындағы белсенділігі отандастарымыздың Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаев ұсынған сая­си және әлеуметтік-экономикалық рефор­малардың маңыздылығына үлкен мән беретіндігінің айқын дәлелі.

Сонымен қатар Корей Респуб­ли­ка­сында әуе қызметкерлері үшін жыл­жы­малы дауыс беру жәшіктері ұйымдас­­тырылды. Референдум күні таңертең екі адамнан тұратын комиссия мүше­лері Сеул­дегі қонақүйлердің біріне келіп, ұшып келген «Эйр Ас­тана» әуе компания­сының қыз­меткерлерінің референдумда дауыс беруін қамтамасыз етті. Өйткені елдің авиациялық қауіпсіздік талаптарына байланысты, 24 сағат ішінде ұшып келген ұшқыштар мен экипаж мүшелеріне сыртқа шығуға ты­йым салынған.

Ирандағы отандастарымыздың өтініштері негізінде сол елдегі учаскелік комиссия «Заркух» қазақстандық компаниясына тиесілі және елдің батыс бөлігінде орналасқан алтын кен орнында дауыс беру жәшіктерін қойды.

Көршілес Ресейде бірнеше референдум учаскесі құрылды. Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Астрахань жә­не Омбыдағы референдум учаскелері қа­зақ­стандық сайлаушыларға қызмет көр­сетті. «Мәскеудегі сайлаушылардың бел­сенділігі жоғары болды», деп мәлімдеді Ресей астанасындағы өкілдік.

P.S. Qazaqstan телеарнасындағы онлайн-марафон кезінде exit-poll-дың алғашқы деректері жарияланды. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, Конституцияға енгізілген өзгерістер мен түзетулер үшін халықтың 76,7 пайызы дауыс берген. Қарсы болғандар – 23,3 пайыз. Ал жалпыхалықтық референдумға келу 67,5 пайызды құраған.

 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

Гүлнар ЖОЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»