Референдум-2022 • 06 Маусым, 2022

Халықаралық байқаушылар референдумды оң бағалады

314 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сырт көз қашанда сыншы, осы ретте еліміздегі басты саяси процесті байқауға халықаралық ұйымдардың өкілдері мен шетелдік делегациялар арнайы келгенін айта кеткен орынды.

Халықаралық байқаушылар референдумды оң бағалады

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Ақпараттық ашықтыққа жақсы баға берді

Халықаралық байқаушылар консти­туциялық референдумның ақпараттық тұрғыда жан-жақты қамтамасыз етілуін оң бағалап, жергілікті және шетелдік БАҚ-тың Қазақстандағы басты саяси оқиғадан хабар таратуын демократиялық қоғам құрудағы жағымды үрдіске балады.

«Қазақстандағы референдумның барысын Ислам Ынтымақтастығы Ұйы­мының мүшелігіне кіретін 4 мем­лекеттің өкілдері бақылауға келді. Бірқатар кездесу өткіз­дік. Атап айтқанда Қазақстанның Сырт­қы істер министрлігі, Орталық ре­ферен­дум комиссиясы, сондай-ақ бас­қа да құ­зырлы органның өкілдерімен кез­десіп, референдумға дайындық барысы, сол секілді халықтың бұған қатысты ой-пікіріне білуге мүмкіндік алдық.

Учаскелік пункттерде жұмыс істе­ген мамандардың тәжірибесі бар екені байқалып тұрды. Ислам Ынтымақ­тас­тығы Ұйымы аталған науқанға жұмыл­дырылған қызметкерлердің жұмысын жоғары бағалап отыр. Барлығы өзде­ріне жүктелген міндетке асқан жауапкер­шілікпен қарайтынын көрдік. Дауыс беру учаскелерінде қауіпсіздік шаралары да жан-жақты ескеріліпті. Бұл дауы­с беру процесінің қалыпты жағдайда өтуіне септескені сөзсіз. Қазақстанның Орталық референдум комиссиясы бұл іс-шараға жоғары дайындықпен кел­генін оң бағалаймыз. Комиссия біз­дің тарапымыздан қойылған барлық сұ­раққа тұшымды жауап бере алды. Рефе­рендумды БАҚ өкілдері ақпараттық деңгейде сүйемелдегені құптарлық жағ­дай. БАҚ-тың бұл процеске қатысуы демо­кратиялық үдерістің қаншалықты жолға қойылғанын айғақтайды. Сонымен қатар жергілікті құзырлы органдар ха­лық­аралық байқаушыларға жан-жақты жағдай қарастырған. Бұл өз кезегінде аталған ауқымды процесті тиімді бақы­лауға мүмкіндік берді», деді Ислам ын­тымақтастығы ұйымы сайлау жөніндегі бөлімнің басшысы Махмұд Шәкір.

Елдің референдумнан күтері көп

«Халық бұл референдумнан кейін елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал жақсарып, дамитынына үмітпен қа­райды». Мұндай пікірді конституциялық референдумның өту барысын бақылауға келген ТМД Парламентаралық Ассам­блея­­­­сының байқаушылары жеткізді.

«Әлбетте, референдум барысында сайлаушылардан көбі елдің тұрақты дамуын қалайтындарын айтты. Өйт­кені келер ұрпақ өз болашақтарын Қа­зақстанмен байланыстырса екен деген тілектерін білдірді. Сөзсіз, адамдардың қолайлы өмір сұру үшін бірінші кезекті әлеуметтік-эконо­микалық жағдайды жақсарту қажет. Парламентте, сондай-ақ Орталық референдум комиссиясында кездесулер өткізіліп, біздің делегация Конс­­титуциядағы өз­герістерді дайындаған мамандармен пікір алмасуға мүмкіндік алды. Бұдан түйгеніміз, мемлекет жылдың басында орын алған қасіретті оқиғаларды болдырмауға қам-қарекет жасап отыр. Ел билігінің халықтың өр­кендеуіне қажетті бастамаларды дер ке­зінде көтере білуі қуантарлық жағдай. Оның айғағы бүгінгі конституциялық рефе­рендум деп айтуға негіз бар», деді ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, Ресей Федерациясы Феде­ралдық Жиналысы Федерация Кеңе­сінің Конституциялық заңнама және мем­лекеттік құрылыс жөніндегі комитетінің мүшесі Олег Цепкин.

ТМД-дан 140 байқаушы келді

ТМД Байқаушылар миссиясы тарапынан еліміздегі референдумға 140 адам аккредиттелген. ТМД миссиясы өз жұ­мысын Қазақстанда 21 мамырда бастады.

«Мемлекеттік органдармен, оның ішінде Орталық референдум комиссиясы, Жоғарғы Сот, Конституциялық Кеңес, ІІМ, Бас Прокуратурада бірқатар кез­десу өткіздік. Ол жерде референдумға дайын­дық барысы туралы айтылды. Пікірлестік. Сонымен қатар азаматтардың өтініш-ша­ғымдарын қабылдауға байланысты мәселелерді де талқыладық», дейді ТМД Байқаушылар миссиясының басшысы Леонид Анфимов.

Спикердің сөзінше, ТМД Байқау­шылар миссиясының өкілдері Ал­ма­тыда және Ақмола облысында жұмыс істеді. «Нұр-Сұлтанда 7 учаскеге барып, дайындық және дауыс беру проце­сімен таныстым. Қазақстандағы референ­думға орай техникалық тұрғыдан да, ұйым­дастырушылық тұрғысынан да ТМД Байқаушылар миссиясы ешқандай көңіл толмаушылық білдірмейді», деді спикер.

Халықаралық миссияның маңызы зор

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Парламенттік Ассам­блея­­сы (ҰҚШҰ ПА) өкілдері қазақ­стан­­дық­тардың референдумдағы бел­сен­ділігін жоғары бағалады.

«Конституциялық референдумды бақылауға келген ҰҚШҰ ПА өкілдері екі топқа бөлініп, негізгі бөлігі Нұр-Сұл­тан қаласында жұмыс істеді. Сол сияқ­ты Алматы қаласында да ұйым өкілі халықаралық миссиясын атқарғанын айта кетейік. Таңғы уақыттан бастап біздің топ «Астана Опера» театрында орналасқан референдум учаскесіне барып, өздеріне жүк­телген міндетті атқаруға кірісті. Бір­ден байқалғаны, референдумның ұйым­­дас­тырылу деңгейі өте жоғары. Халық­тың мемлекетшілдік ұстанымын көрдік. Яғни қазақстандықтардың саяси процеске қатысуы өте белсенді.

Күннің алғашқы бөлігінде егде жас­тағы азаматтардың көп келгенін бай­қалды. Десе де сағат 11:00-ден кейін жас­­тардың қарасы біртіндеп көбейді. Референдум учаскелерін аралау барысында осы процестің жоғары деңгейде өтуіне тәжі­рибелі мамандар тартылғанына куә болдық. Біз 10-ға жуық референдум учаскесін аралап шықтық. Қандай да бір нормалар мен ережелердің бұзылғаны байқалған жоқ. Дауыс беру процесі бар­лық талапқа сәйкес өткізілді», деді халық­аралық ұйымның атынан келген топтың үйлестірушісі Барот Баротзода.

Түркия делегациясы танысуды  Түркістаннан бастады

«Біз алдымен Түркістан қаласындағы референдумға дайындық барысымен таныстық. Ұйымдастыру жұмыстарының жоғары деңгейде жасалғанына көз жет­кіздік. 5 маусым күні таңертеңнен бас­тап бірнеше референдум учаскесіне бардық. Қатысу деңгейінің жоғары екенін аңғар­дық. Референдум жиі қолданылатын құрал емес, бірақ демократияға жол бас­таудағы маңызы зор. Қазақстан соңғы 27 жылда алғаш рет референдум өткізіп отыр. Бұл саяси іс-шараның Қазақстанның хал­қына, еліне және демократиясына орасан пайдасы тиеді деп үміттенеміз», деді Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Мухарем Аккайя.

Қатысушыларда мерекелік көңіл күй  басым

Халықаралық Түркі академия­сының байқаушылары елімізде өтіп жатқан референдумды оң бағалады. Аталған ұйымның бай­қаушылары сағат таңғы 7:00-ден бастап 9 референдум учаскесін аралап үлгерді.

«Халықтың референдумға деген қызы­ғу­шылығы айтарлықтай жо­ғары. Оған куә болдық. Референдум учас­келерінен экзит-пол топтарын да, ба­қылаушы делегация мүше­лерін де байқадық. Ор­талық референдум комиссиясы және Қазақ­станның басқа да құзырлы орган­дары барлық талаптың мүлтіксіз сақ­талуын қамтамасыз етті. Айта кету керек, Халықаралық Түркі ака­де­миясы гума­нитарлық ғылыми ынты­мақ­тастық бо­йынша жұмыс істейді. Осы орайдаТүркі әлемінің ғы­лыми қауымдастығы Қазақ­стан­дағы референдумды бақылап отыр­ғанын атап өткім келеді.

Дәл қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағ­дайында Түркі мемлекеттерінің бір­лігі өте маңызды және оны нығайтуымыз қажет. Өзіміздің байқау миссия­мызды күні бойы жалғастырамыз. Біз болған учаскелерде белсенділік жоғары болды. Барлық референдум учас­кесінде мерекелік көңіл күй сезілді. Көп­шілігінен қонақжайлық байқалды. Қазақстан хал­қына ризашылығымызды біл­діреміз», деді Халықаралық Түркі ака­де­миясының вице-президенті Физули Мажидли.

Саяси науқанға кәсіби мамандар тартылды

Өзбекстан Орталық сайлау комис­сия­сының төрағасы Зайниддин Низам­хожаев дауыс беру процесі кезінде әсі­ресе жас­тар­дың белсенділігін бөле-жара атап өтті. Зайниддин Махаматұлы қаладағы және ауылдағы учаскелерге де барғанын, он­да­ғы ұйымдастырылу деңгейі көңіл қуан­­­тып, саяси бастамаға халықтың нем­құ­райды қарамайтынын байқағанын жет­кізді.

«Біз барлық өзгеріс жөнінде хабардармыз. Таңертең біздің мамандар оннан астам учаскеге барды. Олардың алтауы – Нұр-Сұлтан қаласында, бесеуі – Ақмола облысында. Барлық учаскеде дауыс беру тыныш, жоғары деңгейде өтті. Учаске басшыларының айтуынша, сағат 10 шамасында дауыс берушілердің 10-12 пайызы белсенділік танытып, дауыс берген. Халық арасынан жастарды көп байқадық. Қазақстан жастары өз болашағына бейжай қарамайды екен. Бізді қуантқан тағы бір жағдай – референдум комиссияның мүшелері әрбір мәселені жоғары кәсіби деңгейде қарастырды. Халықтың Конституцияда жазылған құ­қығын өтеуі үшін барлық жағдай жа­салған. Біз ауылдық жерлерде де үш учаскеде болдық. Елді мекендегі жағдай да, белсенділік те қалалық учас­келермен бірдей», дейді З.Низамхожаев.

Халықтың белсенділігі жоғары

Қырғызстан Орталық сайлау ко­мис­­­сиясының мүшесі Әбдіжаппар Бек­ма­тов халықтың белсенділігі қуантты дейді.

«Референдумның негізгі мақсаты – ел­дің басты заңы Конституцияға өзгерістер енгізу. Бұл Қазақ елі, қазақстандықтар үшін ерек­ше маңызы бар іс-шара. Халықты ақ­па­­рат­тандыру өте жақсы деңгейде жүр­­гі­зіл­ген. Референдум учаскелерінің да­йын­дығы кө­ңілден шықты. Барлығы да жо­ғары дең­гейде. Саяси науқанға қазақ­стан­дық­тардың бейжай қарамағанын байқаймыз. Бәрі де ел ертеңі жарқын болуы үшін үл­кен бел­­сенділікпен дауыс берді», деді Ә.Бек­матов.

Спикер сайлаушылар үшін де, байқау­шылар үшін де жақсы жағдай жасалғанын атап өтті. Ол Қырғызстаннан барлығы 15 өкілдің келгенін, олардың Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және Жамбыл облыстарында жұмыс істегенін жеткізді.

Палестина мемлекетінің Қазақ­стан­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Мон­та­сыр Әбузейд саяси іс-шараның ұйым­дас­тырылу деңгейіне шын риза болғанын айтады.

«Қазақстанда жоғары мәртебелі елші ретінде 6 жыл бойы жұмыс істеп келе жатырмын. Мұндай саяси іс-шараға ха­лықаралық байқаушы ретінде бірінші рет қатысып отырған жоқпын. Бұған дейін Президент және Парламент сайлауына да қатысқан едім. Сондықтан біліктілігім мен тәжірибем бар деп сеніммен айта аламын. Таңнан бас­тап көп учаскеге бардық. Адамдардың бәрі де өз еркімен қатысты. Ешқандай құқық бұзушылық байқаған жоқпыз. Комиссия әртүрлі ұйымнан құралыпты. Олар дауыс беру процесі бойын­ша еш кедергі болмағанын айтты. Тек ұсақ-түйек қиындық туындаған. Мәселен, Алматыда және Қарағандыда тір­келген адамдар ел астанасында дауыс бергісі келсе, комиссия талон алып келген жағдайда ғана сол учаскеде дауыс беруге болатынын түсіндірген», дейді елші.

 

Абай АЙМАҒАМБЕТ,

Жақсылық САҒАДАТ,

«Egemen Qazaqstan»