Өнер • 06 Маусым, 2022

Арқаның Ақберені

941 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Қазақтың ән өнері жөнінде әңгіме қозғала қалса Шоқан Уәли­хановтың досы белгілі этнограф ғалым Григорий Потаниннің «Ма­ған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деген сөзі есімізге бірден оралады. Әрине бұл сөздің астары қазақтың әнге деген биік құрметін, шынайы махаббатын көрсетсе керек.

Арқаның Ақберені

Ұлт­тық өнер қазақтың бой-тұмарына айнал­ған ұлы дүниесі. Осы орайда һакім Абайдың да:

«Өзгеге, көңілім, тоярсың,

Өлеңді қайтіп қоярсың?

Оны айтқанда толғанып,

Іштегі дертті жоярсың.

Тыңдамаса еш адам,

Өз жүрегім қозғалсын»

деуі халқымыздың ықылым за­ман, сан ғасырдан бергі ән құді­ретіне деген сенімін нығайта түс­пек. Қай дәуірде болмасын баба­мыздан қалған асыл мұраны келе­шек ұрпаққа қаймағын бұз­бай жеткізушілеріміз баршы­лық. Кешегі аты аңызға айнал­ған Арқаның атақты сал сері­лері Ақан, Біржан, Балуан Шо­лақ, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Мәди, Иманжүсіптерден мұра­ны аманаттап қабылдаған, Қо­сым­жан Бабақов, Қуан Леке­ров, Қали Байжанов, Байғабыл Жыл­қыбаевтар әнді өз тұғы­ры­нан тайдырмай дәуірлете дәс­түр сабақтастығын бергі ұр­пақ­қа жет­кізді. Осы Арқа дәс­тү­рін­­­­дегі үлкен мектептің жал­ғас­ты­­ру­шылары Игілік Омаров, Гүл­­бар­шын Ақпанова, Қайрат Бай­­босынов, Қарақойшы, Ғалым Мұхам­мединдер еді.

Мен бүгін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Жезқазған қала­сының және Жаңарқа ауданы­ның құрметті азаматы Тайжан Қал­ма­ғамбетов атындағы Жезқаз­ған филармониясының әншісі, Тайжан ақынның әндерін жинақ­тап насихаттаушы сырбаз да саң­лақ әнші Ғалым Мұхамедин жайлы көңілдегі көркем дүниелерді сыр ғып шертуге қолыма қалам алып отырған жағдайым бар. 1977 жылы әскери міндетімді ат­қарып келгеннен кейін туған ауы­лымда бір жыл жұмыс жасап, келесі жылы күзде Алматы ауыл­шаруашы­лық институтының бірінші курсы­на түскен кезім. Гоголь-Мұратбаев кө­шесінің бо­йында жатақта тұ­ра­мыз. Бөлмемізде қабырғада ілу­лі Қазақ радиосы саңқылдап тұ­ратын еді. Бала күнгі әдетім бо­йынша шамам келгенше радионы жібермей тыңдап жүремін. Көрші бөлмеде­гі менен екі курс жоғары, топы­рақ зерттеу факуль­тетінде оқитын Жұмағали деген азамат та радио тыңдауға құш­­тар екен. Екеуіміз кездескен са­йын радиодан өткен әндер ту­ра­лы әңгімеміз таусылмайды. Бір­­де Жүсіпбек Елебеков,бірде Ғарифолла Құманғалиев,бірде Дәнеш Рақышев, бірде Қайрат Бай­босыновтардың әншілігі туралы айтып, ауызымыздың суы құрып жүргеніміз. Өйткені ол да, мен де, домбырамен өз әлімізше ән айтамыз. Бірде Жұмағали жерден жеті қоян тапқандай қуанып бөлмеме келді. «Қошан, бүгін мен радиодан бір керемет ән тыңдадым, дауысы өте ашық Кәкімбек Салықовтың «Жезкиік» әнін айтты» деп таң қа­лып отырды. Не керек ендігі жерде Жұмағали мақтауын жеткіз­ген әншінің орындауындағы әнді күтумен жүрдік. Араға айлар сала бір күні түскі демалыс концертінен «Жезкиікті» жаңағы әншіңіз саң­қылдатсын. Жұмағалиға барып, өткендегі әншіні мен де тыңдадым, есімі Ғалым екен дегенімше, ол да тыңдап, ата тегін жазып алған екен «Мұхамедин» деп қостай жөнелді. Ойымыз бір жерден шығып, ендігі жерде әлгі әншінің орындауын­­да­ғы әндерін екіжақтап іздей бас­тадық. Кезі келсе тыңдап, өз та­ра­пымыздан ризашылығымыз­ды білдіріп жүретін болдық. Осылай жүргенімізде менің әскерде бір­ге болған жезқазғандық досым Алпысбай Тұрсынбеков консер­ваторияға күйші Мәлғаждар ­Әубә­кіровтің класына оқуға түс­кен екен, мені жатаққа іздеп кел­ді. «Жезкиік» әнін ендігі жерде құлпырта ол орындасын. Күй­шімін дегені болмаса, ол да та­би­ғатынан керемет әнші еді. Не деген әуелеген сұлу дауыс, ғажап ән. Әңгімеміз жарасып, одан ән үйрене бастадық. «Жезкиік» әні­нің шығу тарихын сұрадық. Сөзін жерлесі Кәкімбек Салықов деген үлкен ақынның жазғанын, әнін Жақсыгелді Сейі­ловтің шы­­ғарғанын, бірінші орындаушысы әлгі біз іздеп жүрген Ға­лым Мұхамедин екенін айтып берсін. 1978 жылы біздермен қа­тар Алматыға келіп, Эстрада цирк студиясына Жәнібек Кәр­ме­нов­тің класына Ырымтай Бөде­сов, Мейірхан Адамбеков деген қа­ра­ғандылық жігіттердің түскенін айтқан Алпысбай, біздерді апарып, сол азаматтармен таныс­тырды. Алматының қақ төрінде орна­лас­қан Эстрада цирк студиясын­да Қазақстанның халық әртістері Жүсіпбек Елебеков атын­дағы Арқа, Ғарифолла Құр­­ман­ғалиев атындағы Батыс дәс­түріндегі екі жылдық үлкен екі мектеп бар еді. Бұл оқу орнының абыройы Алматыда өте жоғары болатын. Енді біз, жатақты былай қойғанда Эстрада цирк студиясы­на барып, ән тыңдап, үйренуді әдет­ке айналдырып, небір әншілер­мен сыйласа бастадық. Дегенмен бірінші орындаушысынан естіген «Жезкиік» әні көп азаматтардың орында­уында біздің көңілімізден шыға қоймағанын несіне жасырайын.

1980 жылдың күрең күзі болатын. Республика көлемінде тұң­­ғыш рет Әміре Қашаубаев атын­дағы әншілер байқауы өтетінін теледидар, радиодан хабарлап, газеттер жарысып жазып жатты. Айтқан межелі уақыт жетіп, жан-жақтан жүзге тарта сен тұр мен атайын өнерпаздар Алматыға ат басын тіреді. Қазақ елінің аспанына қо­ңыр домбыраның күмбірімен ән­нен шашу шашты. Байқаудың қазы­лар алқасына Байғали Досым­жанов, Бекен Жылысбаев, Дәнеш Рақышев, Жәнібек Кәрменов т.б. мүйізі қарағайдай өнер тарландары жайғасқан екен. Қазақстан ұлттық арнасы Әміре Қашау­баев атындағы бірінші республика­лық әншілер байқауын арнайы түсірсе, Қазақ радиосы тіке­лей эфир арқылы барын сала наси­хат­тады. Мұны сол кездегі жол бастар ағаларымыздың ұлт өне­ріне жанашырлығы демей, қа­лай дейсіз. Ауылшаруашылық инс­титутының студенті болсам да жа­­нымда өнерге жақын Хамитов Түймебай, Нышанқұл Тілеуов деген достарым бар, консервато­риядан Нұрлан Хамзин, Алпысбай Тұрсынбеков, Эстрада цирк студиясынан Ырымтай Бөдесов бәрі­міз үш күн сабақты тастап, осы байқауды тамашаладық. «Те­ңіз­дің тіліп толқынын,Торала қа­­зын ұшырған» демекші, үш күн­­дік жарыс мәресіне де жетті. Рес­публикалық байқаудың бірін­ші оры­нын жаркенттік Мыр­зах­мет Мүкәманов, Әміре Қа­шау­баев атындағы Семей филар­мо­ния­сының әншісі Бақыт Үдербаева иеленсе, екінші орынды алматы­лық Қасен Төпеев, семейлік Келден­бай Өлмесеков, үшінші орынды павлодарлық Ожаев Төлеген, алматылық Мырқаев Жақсы­лық, Эстрада цирк студиясының екінші курс студенті Мейірхан Адамбековтер алды. Басқа да марапат жүлделерді саңлақтар бөлісіп жатты. Жезқазған облысы үкілеп бәйгеге қосқан, біздер жанында жанкүйер болып жүрген талаптың тұлпарын мінген Ғалым Мұхамедин ағамызға үздік орындаушы аталымы берілді. Осы сапар Ғалым ағамызды теледидар, радиодан журналистер таласа-тармаса, жапа-тармағай жазып алды. Қашанда орындаушысы келіскен әннің бағы жанады емес пе, сол кезде Жақсыгелді Сейілов ағамыздың «Жезкиік» әнінің де Ғалым Мұхамединнің де тасы өр­ге домалап, қазақ радиосынан ән жиі беріліп, сиқырлы дауысының бунақ-бунақ бүлкіліне қызыққан домбыра ұстаған өнерпаздар жапа тармағай осы әнді үйреніп айтатын болды. Қалай десек те, Ғалым орындаған небір әндер, ән сүйер қауымның жүрегінде тастағы жазудай әсем өрнегімен бүгінгі күнге дейін жаңғырып тұрғаны хақ. Ерекше сезімде болған біздер де Ғалым ағамыздың осы сапарында жанында жүріп, өзімізге ұнаған әнді өз аузынан есітіп үйрендік. 1982 жылы Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданынан өзін Ғалекеңнің төл шәкірті санайтын Саламат Қазақбаев Эстрада цирк студиясына Жәнібек Кәрменовтің класына келіп түсті. Бірінен бірі асатын таңдайынан ән қоздаған азаматтар Арқаның ән дәстүрінің туын желбіретті.

«Өмірдің жолы сан тарау, кезі келсе біреуіне түсесің де кете­сің» деп үлкендер айтқанда мұ­нысы қалай деп таңырқайтын едік. Замана өзгеріп, дәуір алма­сып, басшылық елді нарық заманына ауыстырған кезде біздер де мамандықты өзгертіп, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық уни­вер­­­ситетінде он жылдай қызмет істеп, журналист мамандығын алып, Қазақ радиосының бас ди­рек­торы Жүрсін Ерманның ша­қы­руымен 2008 жылы Қазақ радиосына, қызметке келдім. Мақ­­сатым қазақтың хандары, батыр, би, шешен, жырауларының өткен тарихын, сонымен қоса жас­тарымызға өсиет, насихат бере­тін «Толғау», «Термелерін» халыққа жеткізу.Әр өңірдің тарихи дүниелерін насихаттай келе Арқаға тірелгенде Ғалым ағама қалай тоқталмайын. Өйткені ол кісінің қоржынында тағылым­ды дүниелер баршылығы өзіме мәлім еді.

Алматыға сирек келетін, Ға­лым ағамызбен телефон арқылы ха­бар­ласып тұратынмын. Концерт­тік сапармен Алматыға бір келгенін­де арнайы іздеп барып, Қазақкон­церт залында жолықтым. «Радио­дан сенің жүргізетін жыршы жырау­лар жайлы «Інжу-Маржан», «Тер­ме», хабарыңды тыңдап тұрамын» деп ризашылығын білдірді. Арқа жері де, терме, толғаулардан кем емес еді ғой, сіздердің неге орын­дамайтындарыңызға таң қала­мын, бабалар мұрасы осылай ұмыт болып қала бермек пе деп, Ғалым ағама наз білдіре, зілді сауал тастадым. «А, онда мен дайындалайын, тағы бір келгенде екеуіміз біраз дү­ние­лер жазармыз» деп уәдесін бер­ді. Бірер жылдан соң Ғалым ағам арнайы дайындалып, қазақ радиосына менің «Інжу-Маржан» хабарыма белін бекем буа арна­йы келді. Әңгімеміз қыза-қыза Ғале­кеңнің студенттік күндеріне ке­ліп тірелдік. Небір қызықтарын айта келе ұстазы жөнінде былай толғанған еді.

Жүсекеңнің мен соңғы шә­кір­тімін. Өйткені жетпіс төртінші жылы біз оқуға түскенде Жүсекең жетпіске келді. Сол 70 жасындағы оқытқан шәкіртімін мен. Содан, екі жылдан кейін қайтыс болды. Кезінде өзімен бірге біраз гас­трольдерге алып жүрді. Талды­қорған, Алматы облыстарын ара­ладық. Сол кезде Жүсекеңнің кон­церттердегі айтқан әуендері әлі күнге құлағымда жаңғырып тұр. Ол кісінің кереметтілігі сол, ауданнан өтіп, екінші совхозға келгенде репертуарындағы әндерін жиі ­ауыстырып отыратын. Үніне адам таңғаларлық керемет еді, сиқыр­лы әншілігі болатын. Бұл қалай десем, сонда әндерді есте сақтап, ұмытпау үшін қайталап ­айтады екен ғой. Маған: «Ғалым, сен де, айтатын әндерің­ді көбірек ауыстырып отыр, бір жерде бір әнге қақалып тұрып қалмаңдар,оған да адам үйреніп алады да содан шықпай қояды дейтін еді» – деп Ғалекең ойланып, біраз отырып қалды.

Бұрынғы Жезқазған облысы, Жаңарқа ауданына жолыңыз түсіп бара қалсаңыз, көлденең жатқан Көктал өзеніне бет шайып, Ақтау, Сарытау, Қаратұмсық деп аталатын, жан-жағын жалтыра­ған шағын бұлақтар көмкерген, жатаған тауларға, салқыншақ жүл­гелерге неше өнерпаздың табаны тиген, сусып көшкен шағылдың бетіндей селеулі далаға, өсиеті мен қасиеті мәшһүр жерге тап боласыз.Әрине бұл өлкеде әнші де күйші де көп.Соның бірі Ғалекеңмен Жез­қазған филармониясында бірге қызмет еткен концерттік сапарларда бірге жүрген жолдасы Ахат Байбосынов.Ол кісінің де досы жайлы пікірін білген едім.

«Ғалым Мұхамедин туралы айтатын болсақ, бір күннің уақыты жетпейтін шығар. Оны, олай деп айтатын себебім, бала кезі­­мізден бірге жүрген дос­пыз.Тұрмысымыз ол бөлек әңгіме, ал енді үлкен сахнада 76 жылдан бас­тап, 2005 жылға дейін отыз жыл­дың отарында бірге қызметтес болдым. Ғалымның дауысының диапазонының кеңдігі, әншілік шеберлігі, оны айтатыны жоқ, ол өзінше бөлек әнші. Сондай баритон дауысты әншілер баршылық қой, бірақ алғашқы шыққан ке­зінде Жүсекеңнің шәкірттерінің ішінен Ғалымды көбінесе, Қали Байжановқа телитін. Сөйтіп жүр­генде Ғалым өзіне тән стилін та­уып алды. Қазір өзіндік нұсқа­сы бар,өзінің жолы бар бірегей әнші. Ол өзінше, жеке мектеп, көптеген шәкірттерін тәрбиелеп жатқан азамат қазір. Енді оның бір таңқалатын да жерлері бар, Ғалекең ешкім білмейтін ән-­­
­де­р­­ді нұсқаға келтіріп отырады. Мы­салға, кейбір әндердің бі­рін­ші,екінші нұсқалары болады ғой, сәтін Құдай солай қып сала ма, бірінші нұсқасын ылғи Ғалым орындап қалатын. «Жезкиікті» бірінші айтқаны сияқты. Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» деген толғауын білесіз, оның бірінші нұсқасын да, Ғалым орындаған.

Баяғыда Жүсіпбек Елебековтің 70 жылдық мерейтойында, Ға­биден Мұстафин, Әлкей Марғұ­лан, Ғазиза Жұбановалар көздері тірі кезінде осы әнді тамаша­­­лап, қатты риза болған. Сондық­тан Ғалымның бұл жердегі еңбегі өте зор. Өкінішке қарай, бұл әнді ешкім жеткізіп айта алмады, мүмкін естімеген де шығар, ес­ті­се де, ала алмаған шығар деп ойлай­­мын. Дегенмен ол нұсқа, сол нұс­қа боп қалады-ау. Менің ес­туім­ше шәкірттері, осыны әрі қа­рай жалғастырғанға ұқсайды», – деп Ахат мырза да досына деген жақсы лебізін білдірген еді.

«Әндердің ұлы атасы Қанат талды, Арқада аңыратып Сейіт­жан салды» десек, Үкілі Ыбырай­дың ізін жалғастырушы шәкірті, Тайжан екендігі де белгілі, одан ән үйренген Нартайлар Сыр, Арқа, оңтүстік өңірді аралап, талай ән салды.Сынаптай сырғыған уақыт­қа дауаңыз бар ма. Қаншама кү­міс көмей әншілер өмір көшінен өтсе де олардың ізбасарлары мұ­­­ра­­ларын жалғастыруда. Ке­шегі жас өрен Ғалымыңыз да бү­гінде жетпіс деген жасыңызды ал­қым­дап, сексеніңіздің ауылы­на қарай беттегелі отыр. Өз мамандығын ­жа­нымен сүйгендігі емес пе, жа­лаңаяқ жар кешіп,­ қызыл­аяқ қыр кешіп, бар ғұмырында қоңыр домбырасын белінен тастамай, бүгін­де ұмытылған немесе сирек орын­далатын әндер жи­нап, халқымыздың мәдени игі­лігіне айналдыруда. Кезін­де «Ұлы­тау» ансамблімен ФРГ, Москва, Литва, Грузия, Өз­бек­стан, Қарақалпақстан, Қыр­ғыз­станға сапар шексе, «Жез киік» ансамблімен Қазақстанның бар­лық өңірлерін аралап, киелі сах­­наларында қазақтың әнінің құді­­ретін таныта білді. «Алтын кесе», «Қос апаның әні», «Көк айдай», «Ертөлеудің әні» және Үкілі Ыбырай,Тайжан Қал­ма­ғам­бетов­тың ұмыт болған әндерін ха­лық арасынан жинап, Сәтбаев қала­сын­да Тайжан Қалмағамбетов атын­дағы Республикалық әнші­лер байқауын екі дүркін өтуіне се­бепкер болды. Халық жауы бо­лып атылып кеткен Тайжан ақын­ның әндерін халыққа жеткізуін өтін­ген ұстазы Жүсіпбек Елебеков­тің аманатын орындап, он алты әнін жинақтап, қазақ музыкасының алтын қорына енгізді. 2011 жылы «Жезкиік», 2013 жылы «Алтын кесе» күйтабағы жарық көрді.

1952 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Ес­кене ауы­лында дүниеге келген Ға­ле­кең, 1969 жылы орта мектепті бі­тіргеннен кейін туған ауылын­да ауыл­­шаруашылығының әр­түр­­­лі сала­сында еңбек етті.Та­биғи та­­лан­тының арқасында 1971 жы­лы Жаң­арқа аудандық мә­де­ниет бө­лі­мінде автоклуб мең­геру­шісі,1973 жылы Жезқазған об­лыс­­тық көр­кем­өнерпаздар байқа­уы­­ның жүл­дегірі атанды. 1985 жы­­лы жас­тар­дың Республикалық «Жі­гер» фестивалінің, 1988 жылы Рес­пуб­ликалық Әміре Қашаубаев атын­дағы байқаудың жүлдегері атанды.

1993 жылдан бастап Жезқазған музыкалық колледжінде домбырамен ән салу мамандығы бойынша Жүсіпбек Елебеков дәстүрін насихаттап, дәріс беруде. Ғалым Мұхамедин 1999 жылы академик Қ.И.Сәтбаевтың сүйіп орындайтын әндер байқауының бірінші жүлдесін иеленді. Қазақстан Рес­публикасының Тәуелсіздігінің 10 жыл­дық мерейтойы қарсаңын­­­да Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­ден­ті Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс­­хатымен» және 2002 жылы Мәде­ниет министрлігінің «Құрмет грамотасымен», 2002 жылы «Жез­қаз­­ған қаласының Құр­метті азаматы» атағымен, 2006 жылы Қа­рағанды облысы әкімінің сый­­лығы «Халық әндерін үздік орын­даушы» аталымының иегірі, 2011 жылы Қазақстан Рес­публикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл мерекелік медалімен марапаттал­ды. 2012 жылы «Жаңаарқа ауда­нының құрметті азаматы» атағы берілді. 2014 жылы «Еңбек арда­гері» ме­да­лімен, 2016 жылы Тәуел­сіз­діктің 25 жылдығына бай­ла­ныс­ты «Ерен еңбегі үшін» меда­лі­мен марапатталған. 2018 жы­лы Қа­рағанды облысы әкімі­нің сый­лығы «Мамандығына адал­дығы үшін» аталымы бо­йынша марапат­талды. 2021 жылы Қазақстан Рес­публикасы Тәуел­сіздігіне 30 жыл ме­рекелік меда­лімен марапаттал­ды. Ғалекеңе зор денсаулық, шы­ғар­машылық табыс­тар тілейміз!

 

Қошан МҰСТАФАҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист