Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе беріледі. Сондықтан республика азаматтарының мемлекеттік рәміздерді қастерлеуі – парыз.
«Биылғы көліктер шеруі Тұран даңғылы, «Қазақстандық күн» монументінен бастау алып, Тәуелсіздік даңғылы, «Қазақ елі» монументінің алаңына дейін жалғасты. Көліктер шеруі қаламызда 2017 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Аталған іс-шара қаламыздың тұрғындары мен қонақтарын атаулы мерекемен ерекше құттықтауға мүмкіндік береді», деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының жетекшісі Шыңғыс Тілеулин.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, іс-шараның басты мақсаты – қазақстандық патриотизмді насихаттау, жас ұрпақты тәуелсіздік нышандарына құрметпен қарауға тәрбиелеу.
«Мемлекеттік байрақпен жабдықталған 30-ға жуық жеңіл көлік қала көшелерімен жүріп өтті. Рәміздер күні – халқымыз үшін аса қастерлі мейрамдардың бірі. Осыған орай дәстүрлі автокөліктер шеруін ұйымдастырудың мәні зор. Көліктер көк байрақпен безендіріліп, шеру адамдар тығыз орналасқан қаланың оң жағалауын қамтыды. Қала тұрғындары мен жастардың патриоттық сезімін күшейтіп, мерекелік көңіл күй сыйлау – біздің басты мақсатымыз. Өткен жылы елорданың сол жағалауына автошеру жасасақ, биыл оң жағалауды таңдап отырмыз. Тағы бір мақсатымыз – қаламызда Астана автоклубтар одағы бар екенін көрсету. Аталған клубтар елордамызда өтетін әртүрлі мерекеге белсенді қатысып, өздерінің қолұшын созады. Барлық қатысушыға алғысымызды білдіріп, сәттілік тілейміз», деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының маманы Амангелді Олжас.
Автоклуб мүшелері де рәміздер күнінің маңызы жоғары екенін айтып, жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан көліктер шеруі ауқымды іс-шаралардың бірі екенін жеткізді.
«Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы жыл сайын дәстүрлі түрде рәміздер күніне орай өткізетін көліктер шеруіне Астана автоклубтар одағы тұрақты түрде қатысып келеді. Көліктерімізде көк Туымыз желбіреп тұрса, ол қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлап қана қоймай, олардың патриоттық сезімін оятып, еліміздің негізгі нышандары саналатын рәміздеріне деген құрметін арттыратыны анық. Бүгінде аталған шеру өз жалғасын тапты. Біздің көліктер Тұран даңғылынан бастап, қаланың оң жағалауына қарай 20 шақырымнан аса жол жүреді. Көлігіміздегі көк байрақтар көрікті қаламыздың сәнін одан сайын арттыра түседі», деді Skoda club Astanа өкілі.
Көк Туымызды желбіретіп көше бойлай жүрген көліктер көрген жанның көңіліне мақтаныш сезімін ұялататыны сөзсіз.
«Еліміздің Елтаңбасы, көк Туы, Әнұраны осыдан тура 30 жыл бұрын бекітіліп, қабылданған болатын. Бүгінде, міне, тәуелсіз Қазақстанның ұрпағы байрақты биік ұстап, Әнұранды асқақтата шырқап, айтулы мерекені атап өтуде. Біз де елордамыздағы елеулі іс-шараның куәгері болғанымызға қуаныштымыз. Көліктердегі желбіреген көк байрақтар көздің жауын алады. Бойымызды ерекше сезім билеп, болашаққа деген сенімімізді арттырғандай айрықша қуат береді. Өзімнің, отбасымның асыға күтетін мерейлі мерекелерінің бірі – осы рәміздер күні. Жыл өткен сайын мемлекеттік нақыштарға деген құрметіміз арта түскендей. Оған себеп, осындай патриоттық бағыттағы іс-шаралардың арта түскені дер едім. Келер жылы да керемет көліктер шеруінің куәгері болатынымыз анық», деді қала қонағы, атыраулық Раушан Өтеғали.