Қоғам • 06 Маусым, 2022

Жұмыссыздықты жою үшін жұмылды

450 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жастар қауымын жұмыспен қамту мәселесі қашан да өзекті. Әрине, елімізде түрлі себепке байланысты екі қолға бір күрек таба алмай жүрген бозбала мен бойжеткен жетіп артылады. Бұл ретте, нақ осы салаға жа­уапты тұлғалар қанаты қа­тайып, буыны бекіген ел азаматтарын еңбекпен қамту ісіне маңызды мән беріп жатқаны анық.

Жұмыссыздықты жою үшін жұмылды

Мәселен, күні кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова отандық ірі компания өкілдерімен жүздесіп, жас­тарды жұмыспен қамту мәселесін талқылады. Бұл жүздесуге «Еура­зия­лық топ» ЖШС, «Самұрық-Қазына» АҚ, Республикалық тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы, «Полиметалл Еуразия» ЖШС сынды ірі отандық компаниялар мен кәсіпорындардың өкілдері және орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері қатысты. Кездесу барысында тараптар Электронды еңбек биржасын дамыту, онлайн бос орындар жәрмеңкесі және жас­тарды жұмыспен қамту мәселелерін талқылады.

Министр ERG компаниялар тобымен бірлесіп жүзеге асырылған «Жас­тарды жұмысқа орналастыру» жобасы жақсы нәтиже көрсеткенін атап өтті. Биыл мамыр айында бас­талған жоба тиімділігін көрсетті. Компания Электронды еңбек биржасында жастар үшін 395 бос жұмыс орнын жариялады. Соның негізінде бір апта ішінде 159 жас маман жұмысқа орналасты.

Тамара Дүйсенова Электрон­ды еңбек биржасының бір­қа­­тар ба­сым­ды­ғ­ын атап өтті. Мәселен, аталған ресурс барлық қазақстандықтар үшін қолжетімді (жұмыс іздеушіге де, жұмыс берушіге де) әрі бос жұмыс орнына мамандарды іріктеу мүмкіндігі барынша ашық (жұмыс іздеушінің тұратын жері маңызды емес). Бұған қоса, министр әр айдың 24-30 күндері аралығында Электронды еңбек биржасының базасында онлайн бос жұмыс орындар жәрмеңкесін тұрақты түрде өткізу жоспарланғанын жеткізді.

«Еуразиялық Топ» ЖШС бас­қарма төрағасы Серік Шахажанов та платформаның мүмкіндігі мол екеніне тоқталды. Ол платформа жас мамандарды іріктеуге, сол арқылы пул қалыптастыруға, оларды кейін даяр­лықтан өткізіп, біліктілігін арт­тыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. «Жыл соңына дейін ERG кәсіп­орындарында тағы 2 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Соның 500-і екі жоба аясында ашылады. Бұдан бөлек, жас мамандарға арналған тұрғын үй бағдарламасын жандандыру жоспарда бар», деді С.Шахажанов.

Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Қаринова жоғары оқу орындарының, колледждердің мансаптық орталықтары мен жұмыс берушілер арасында серіктестік орнатуға мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Яғни тараптар жас мамандарды даярлау, оларды жұмыс орнында оқыту мәселелері бойынша бірлесе отырып жұмыс істей алады.

Кеңеске қатысушылар Электрон­ды еңбек биржасы жобасын қолдап, оның тиімділігін атап өтті. Сондай-ақ алдағы уақытта бірлесіп жұмыс іс­теуге дайын екендерін жеткізді. Элек­тронды еңбек биржасы және оның базасында тұрақты түрде өткізілетін онлайн бос жұмыс орындар жәрмеңкесі жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер үшін еңбек нарығының ашықтығы мен қол­жетімділігін қамтамасыз етудің ма­ңызды құралына айналады.