Кремний зауытының запыраны жайлы зар қақсап жүрген тұрғындар бұл кәсіпорынның ашылуын жылы қабылдады. Зауыттың өнімінен қауіп төне қоймас деп алаңсыз отыр. Атауы да сенім ұялататын сияқты. Қожайыны «ҚазПромБезопасность ПВ» деген атау беріпті.
Аталған зауыттың құрылысына 246 млн теңге жұмсалған. Кәсіпорынның бас инженері Григорий Березуцкийдің айтуынша, мұнда жылу алмасу жабдықтары, ауаны салқындату аппараттары және артық қысыммен жұмыс істейтін құрылғылар, конденсаторлар, криогендік жабдықтар, құбыр бөлшектері мен құбырдың көптеген түрі, түрлі металл конструкциялары шығарылмақ. Мұнай-газ өндірісіне арналған өнімдер Қытай, Ресей, Швеция және Германиядан әкелінген білдектермен дайындалады.
Өндіріс орны өндірілетін тауар желісін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Сәйкесінше, жаңа жұмыс орындары да ашылмақ. Бүгінде 40 адамға екі қолға бір күрек табылса, алдағы уақытта қызметкерлер саны 150-ге дейін жетпек.
Белгілі болғандай, өнімдер жергілікті Павлодар мұнай-химия зауытына, ERG және Ресей кәсіпорындарының жыртығын жамамақ. Сондай-ақ ауылдық әкімдіктердің ғимараты мен мектептерге қазандар жеткізу көзделген.
Qazindustry Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ тәуелсіз директоры Ерсұлтан Бектұрғанов жаңа кәсіпорынның ашылуы жаңа жұмыс орындарының құрылуына, облыс пен ел экономикасының дамуына ықпалы зор екенін атап өтті. «Қазақстан – мұнай державасы, еліміз үшін мұндай кәсіпорын өте қажет және оның өнімдері үлкен сұранысқа ие», деді ол.
Естеріңізге салсақ, соңғы 11 жылда еліміз бойынша жалпы сомасы 10 трлн 400 млрд теңгеге 1 671 жаңа кәсіпорын салынған. Қаражаттың 1 трлн теңгеден астамы Павлодар облысына тиесілі.
Павлодар облысы