Бүгінде мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына жеткілікті көңіл бөлінуінің нәтижесінде, еліміздегі дәрігерлер де әрбір науқастың жанына жалау болып, олардың өмірін сақтап қалуға бар күшін салуда. Ақ халатты абзал жандардың бұл еңбегі өз жемісін беріп те келеді. Бір ай бұрын Тараз қалалық көпбейінді ауруханасында білікті мамандармен донорлық бүйректі ауыстыру бойынша жоғары технологиялық операция жасалған болатын. Бұл іске өңір дәрігерлері белсене кірісіп, бір адамның өмірін сақтап қалды. Қалалық көпбейінді ауруханасында алғаш рет жасалған операция сәтті аяқталып, 22 жастағы Ұлдай Ұзақбаева ауруханадан шықты.
Ұлдай талай жылдан бері бүйрек жеткіліксіздігінің ауыр түрімен ауырып келеді. Тіпті зақымданған екі бүйрегі істен шыққан ол 2013 жылы диализ аппаратына таңылған. Қаршадай қыздың дерті жанына батқан соң, олар отбасымен Қарақалпақстан елінен Тараз қаласына көшіп келіпті. Отбасында Ұлдайдың өзінен басқа төрт бауыры бар екен. Әкесі де ауыр сырқаттан бақилық болыпты. Тағдыр тауқыметіне тап болған бойжеткеннің анасынан басқа сүйенер ешкімі де қалмаған. Перзентінің дерті жанына батқан ана облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевке өзі өтінішпен шығып, отбасындағы жағдайды жеткізеді. Бұл жағдайдан хабардар болған өңірдің бас дәрігері жедел шешім қабылдап, баласының жағдайына алаңдаған ананың тілегімен донорлық трансплантация бағдарламасын 5 мамыр күні бастап кетеді. Ал бұл бастамаға қуанып, қызының амандығын тілеген Ұлдайдың 56 жастағы анасы донор болуға келісім береді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүйректі транспланттау бойынша хирургиялық операция сәтті өткен. Нұр-Сұлтан қаласынан келген трансплантологтің қатысуымен Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының хирургтері мен урологтері 5 сағат ішінде жұмысты ойдағыдай орындап шыққан. Бүйректі алмастыру операциясынан кейінгі бірінші тәулікте ағзада жиналған 4 литр зәр сыртқа шығып, бойжеткен өзін жақсы сезінген. Сонымен қатар талдау сараптамалары да оң нәтиже көрсеткен. Науқастың жағдайын қалт жібермей бақылып отырған жергілікті дәрігерлер үшінші тәуліктен кейін оны палатаға ауыстырған.
Дерті жанына батса да табандылық көрсеткен бойжеткен өзіне көмектескен жандардың бәріне алғыс айтуда. «Операциядан кейін есімді жиғанда, маған екінші рет өмір сыйлап, бүйрегін берген анамды еске алдым. Оның жағдайы нашарлап қала ма деп уайымдадым. Телефонмен сөйлесіп, дауысын естіген соң ғана көңілім орнына түсті. Қазір анамның да, менің де жағдайым жақсы. Операциядан кейін, оның нәтижесін көргенде қуанғанымнан жылап жібердім. Оның үстіне он жылдан бері мазалаған ауру әбден шаршатып, титықтатып жіберген соң өмірден күдерімді үзіп те қойған едім. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің бастамасымен дәрігерлер келіп, тез арада донорлық іс-шара басталып кетті. Жұмыс істемейтін анамнан басқа ешкіміміз жоқ біздің барлық шығынымызды ол өзі жеке қаражатынан төледі. Шетелдерде мұндай операциялардың өте қымбат тұратынын білемін. Қазақстанда да оған оңайлықпен қол жеткізу мүмкін емес. Анам екеуміздің азаматтарға ризашылығымызда шек жоқ», дейді Ұлдай Ұзақбаева.
Бүгінде дертінен айығып келе жатқан бойжеткен болашақта музыка пәнінің мұғалімі болуды армандайды. Өзі де домбыраны шебер шертетін болып шықты. Қазақтың өнеріне, әні мен күйіне құрметі бөлек Ұлдай қазір М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті. Аталған жоғары оқу орнында денсаулық жағдайына байланысты тегін білім алуда. Ал Ұлдайдың жағдайын бақылап отырған дәрігер Азамат Чупеев алдағы уақытта анасы мен қызы тұрақты түрде тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға қаралып тұруға тиіс екенін айтты. Олардың жағдайы едәуір жақсарған соң ғана дәрігер ауруханадан шығарып, ем-шараларын үй жағдайында жасауға рұқсат беретінін жеткізді.
Талай жанның тағдырына араша болған Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының құрамында бүгінде нефрология және гемодиализ бөлімшесі жұмыс істейді. Мұнда биыл бүйрек трансплантациясы бойынша 2 маман біліктілігін арттырған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша өңірде бүйрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі бар 903 пациент динамикалық бақылауда екен. Оның ішінде бүйрегі ауыстырылған 64 адам және бағдарламалық гемодиализдегі 722 пациент бар. Қазіргі кезде өңірде дәрігерлерге сенім артып отырған науқастар аз емес. Ал Ұлдай Ұзақбаева үшін барша Әулиеата жұртшылығы қуануда. Алдағы уақытта да талай жанның дертінен айығып, қалыпты өмірге оралатынына сенім мол.
Жамбыл облысы